Жаңалықтар

7 мамыр 2017
Мемлекет басшысы Отан қорғаушы күніне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты

Елбасы барша қазақстандықтарды және парадқа қатысушыларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығымен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл ел тәуелсіздігі тарихындағы ең ауқымды парад өткізіліп отырғанын, сондай-ақ Қазақстан армиясы қалыптасудың лайықты жолынан өткенін және оның беделі жоғары екенін айтты.

– Парадқа бес мыңнан астам адам және 400 әскери техника қатысуда. Бұл айбынды армиямыздың даңқы асқақ және мақтан тұтуға тұрарлық екенін көрсетеді. Осы жылдарда мемлекет әскерилерге жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Алғашқы әскери құрылымдардан бастап қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құруға дейінгі ауқымды жолдан өттік. Мемлекеттің қалыптасуының күрделі кезеңінде Қазақстан армиясы өзінің алдына қойылған міндеттерді абыроймен атқара білді. Қарулы Күштеріміз ел ішінде және шет елде жоғары беделге ие болды, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы армияны жаңғыртудың басымдығы бар бағыттарына тоқталып, оны әрі қарай дамыту міндеттерін анықтап берді.

– Бүгін Қарулы Күштер елімізбен бірге жаңғырудың тарихи кезеңін бастан өткеруде. Терроризммен күрес барлық күш құрылымдары қызметінің мүлде жаңа бағыты болып табылады. Қазақстан армиясы сақадай сай болып, кез келген қауіп-қатерге дайын тұруға тиіс. Тағы бір негізгі міндет – жеке құрамды нығайту. Біз әскери қызметшілердің жаңа буынын тәрбиелеудеміз. Әскери киім киген адамдар мінсіз абырой мен әділдіктің эталоны, болашақ ұрпақтар үшін үлгі болуға тиіс. Мерекелік парадқа Қарулы Күштеріміздің резерві болып саналатын «Жас ұлан» әскери мектептері курсанттарының тұңғыш рет қатысып отырғаны кездейсоқ емес. Бұл – армия дәстүрі мен құндылықтар сабақтастығының жарқын белгісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүгінгідей бейбіт өмір сыйлап, тәуелсіз әрі мықты мемлекет құруға жол ашқаны үшін Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне алғыс айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығына тоқталып, Отанымыздың қауіпсіздігін тек армия ғана емес, еліміздің барлық азаматтары да ойлауға тиіс екендігін атап өтті.

– Біз барлық көршілерімізбен доспыз және «Бейбіт бір ғана келісім жүз жеңістен артық» деген өнегелі өсиетті есте ұстауымыз керек. Сондықтан басты құндылықтарымыз – бейбітшілік, келісім және бірлік дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеміз. Қарулы Күштер әрқашан да тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті әскери қызметшілердің қасиетті парызын еске салып, оларды кәсіби деңгейін арттыруға, әскери ынтымақ пен бірлікті нығайтуға шақырды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу