National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысының төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVI съезі өтті

2015 жылғы 11 наурыз

 

Партияның кезекті съезінің жұмысына 2000-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында өңірлік конференцияларда сайланған 1200-ден астам делегат, Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Съезд делегаттары «Нұр Отан» партиясынан Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну туралы қаулы қабылдады.

Сонымен қатар, партия Саяси кеңесінің және Орталық тексеру-бақылау комиссиясының есепті кезеңдегі жұмыстарының қорытындылары қаралды, сондай-ақ олардың мүшелері сайланды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде қалыптасқан жағдайларға байланысты ел алдында тұрған жаңа міндеттерді атап көрсетті.

– Біріншіден, мемлекеттік құрылысқа сыртқы ықпалдардың теріс әсер етуіне жол бермеу керек. Екіншіден, даму қарқынын сақтау қажет. Үшіншіден, әрі қарай өсуге қажетті жағдай жасау керек. Төртіншіден, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай ілгерілеуді жалғастыру қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттігімізге төнген жаһандық сын-қатерлерге өзгеше және қуатты тойтарыс беру керектігін атай отырып, бес институционалдық реформа ұсынды.

Олар – заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру; заң үстемдігін қамтамасыз ету; индустриаландыру және әртараптандыруды негіз еткен экономикалық өсім; біртұтас болашақтың ұлты; сондай-ақ транспарентті және есеп беретін мемлекет.

Қазақстан Президенті аталған реформалардың жиынтығы мемлекетті нығайту және оны әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін жағдай туғызатынына назар аударды.

– Бұл – «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудың жолы. Бес институционалдық реформаның әрқайсысы – зор міндет және ел үшін орасан жұмыс. Мұндай реформаның табыстылығы билік пен халықтың табанды ерік-жігері арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Ұсынылған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді. Оларды жүргізу үшін мен Президент жанынан Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия құруды ұсынамын. Ол бүкіл реформалар кешенінің жүзеге асуын үйлестіретін болады. Осылайша, біздің алдағы жылдарға арналған негізгі міндетіміз – осы бес институционалдық реформаны іске қосу және біртіндеп жүзеге асыру, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ бірнеше күннің ішінде ел азаматтарынан, еңбек ұжымдарынан, білім мекемелерінен, қоғамдық бірлестіктерден кезектен тыс Президент сайлауына қолдау білдірген және одан өзінің кандидатурасының ұсынылуын өтінген көптеген хаттар мен хабарламалар алғанын айтты.

– Қазақстанның және қазақстандықтардың игілігі жолындағы менің еңбегіме берілген жоғары баға үшін барлығына көп рахмет айтам. Өз халқыңның мұндай сеніміне ие болудан артық марапат жоқ. Бүгін съезд мінберінен менің атыма жылы лебіздер айтқан баршаға шын жүрегімнен ризамын. Мен алдағы сайлауға «Нұр Отан» партиясынан президенттікке кандидат ретінде түсуге келісім беретінімді мәлімдеймін. Мен Сіздерді, серіктестерімді – нұротандықтарды, барша қазақстандықтарды тағы да жұмылып, жеңіске жетуге шақырамын. Біздің ортақ рухани күш-қуатымыз бен биік мұратымыз – Мәңгілік Ел. Ол біздің XXI ғасырдағы дамуымызға прогресс қуатын дарытатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Съезде мемлекет және қоғам қайраткері К.Сағадиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, партияның Саяси кеңесінің мүшесі А.Башмаков, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстандағы бөлімшесінің төрайымы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері А.Бақтыгереева, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Р.Ошақбаев, «Тайынша Астық» ЖШС бас директоры А.Рафальский, Алматы облысы Іле ауданының М.Мақатаев атындағы орта мектебінің директоры Г.Нәдірбекова, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ басқармасының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Ю.Пя, «Сәтбаев Оперейтинг» ЖШС-ның бас  геологы А.Дәулетов, Павлодар облысының ҚХА жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Э.Паули, айтыскер ақын Б.Шойбеков сөз сөйледі.

Сөйлеушілер Қазақстанның Тәуелсіздік алуындағы, қалыптасуындағы және нығаюындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін атап өтті. Олар сондай-ақ еліміздің басты құндылықтарын – егемендікті, тұрақтылықты, бақ-берекені, дамуды және болашаққа ұмтылуды да Мемлекет басшысымен байланыстырды.

Елбасының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің