National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты

2012 жылғы 30 тамыз

 

Конференцияға Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының басшылары, беделді халықаралық ұйымдардың делегациялары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері және 20-дан астам елдің құқық қорғау мекемелерінің өкілдері, көрнекті отандық және шетелдік құқықтанушы-ғалымдар қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев форум қонақтары алдында сөйлеген сөзінде халықаралық форумның Бейбітшілік және келісім сарайында өтуінің символдық мәні барын атап өтті.

- Конституция – мемлекеттік құрылымның барлық пирамидасының іргетасы. Бейбітшілік пен келісім – XVIII ғасырда алғаш рет енгізілген саяси-құқықтық инновация үшін бекітілген құндылықтар. Қазақстан Республикасының Конституциясы халықтың әл-ауқаты мен құқығын үйлестіруге ұмтылған ұлы бостандық қағидаттарына негізделген. Бұдан 17 жыл бұрын қазақстандықтар Негізгі Заңды референдум арқылы қабылдауға дауыс бере отырып, даналықтың, топтасу, бірліктің үлгісін қөрсетті. Бүгін біз 1995 жылғы Конституция қазақстандық табыстың басты факторына айналды деп мақтанышпен айта аламыз, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның негізінде жаңа заманауи мемлекеттің ғимараты тұрғызылғанын атап көрсетті.

- Біз әлемнің дамыған демократиясының көп қырлы тәжірибесін шығармашылықпен қолдандық. Биліктің барлық институттарының халыққа есеп беруі, сайланатындығы, адам құқығы мен бостандығын іске асыру – біздің мемлекеттік құрылыстың негізгі базасы, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Конституцияда экономиканы дамытудың базалық қағидаттары туралы мәселе тиімді шешімін тапқанын айтты. Халық пен барша қоғамның игілігіне бағытталған экономикалық өсім негізгі ережелер қатарынан саналады.   

- Мемлекетіміздің әлеуметтік сипаты туралы конституциялық ережелер біздің экономикамыздың ең қуатты жаһандық дағдарыстың салдарларына шыдап беруіне табысты септігін тигізген базаға айналып отыр. 2010 жылдан бастап, елімізде 440-қа жуық жаңа индустриялық нысан пайдалануға берілді, таяу 5 жылда тағы 250-ден аса кәсіпорын салынатын болады. Ол кәсіпорындарда 150 мыңға жуық қазақстандық жұмыс істейді. Соңғы он жылда білім мен ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету салаларын қаржыландыру бірнеше есе артты. Ең озық технологиямен жабдықталған ондаған ірі медициналық орталық салынды. Жақында Қазақстан донорлық жүректі ауыстырып салу операциясын сәтті жүзеге асырған әлемнің 22 елінің біріне айналды. Біз 2016 жылға дейін 400-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысанын салуды жоспарлап отырмыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент сондай-ақ Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың басты мақсаты Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру болып табылатынына тоқталды.

- Соңғы елу жылда әлемде орныққан «Тұтынушылар қоғамының тұжырымдамасы» елеске айналды. Бірқатар елдер үшін бұл терең әлеуметтік дағдарысқа соқтырған, жұтып жіберетіндей факторға айналып барады. Бұндай ортада еңбек құндылығы жойылады. Ал еңбек бостандығына қатысты құқықтың кейбір жерде ауқымы тар және мемлекеттің көмегі есебінен өмір сүру «мүмкіндігі» пайдакүнемдік ретінде әдетке айналған. Сондықтан мен Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын әлеуметтік арқа сүйеушіліктің артып бара жатқанына және еңбек етпестен «жылдам ақша жасаушылық» әдеттеріне балама ретінде көремін, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев заманауи мемлекеттің әлеуметтік саясаты әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар санатын қорғаумен қатар, халықтың жұмысқа қабілетті тобына қолдау көрсетуді қарастыруы қажеттігіне тоқталды.

Қазақстан Президенті ел Конституциясының әлеуметтік әлеуетін толықтай іске асыру жаңғыртудың басты мазмұны саналатынын мәлім етті.  

- XXI ғасырда біздің Конституциямызды жаңаша оқу қажет. Негізгі Заң – қатып қалған құқықтық реликт емес. Ол тірі механизм, оған қоғам жаңа жағдайларға және қазақстандық социум сапасына сәйкес құқықтық және әлеуметтік инновация енгізілуін қарастыруы қажет. Мен Қазақстанның әлеуметтік заңнамасының кешенді тізімін жасау, сондай-ақ жаңа заңдарды әзірлеу міндетін қойдым. Біз бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық қоғамның мүмкіндіктерін пайдалану арқылы азаматтармен тығыз байланыс жасау тетіктерін дамытуға ерекше назар аударып отырмыз. XXI ғасырдағы табысты қоғам – заңды сауатты білетін адамдар қоғамы. Заңды сауатты білу негізі, ең алдымен, Конституцияны терең білу. Сондықтан халықты құқықтық мәдениетке тәрбиелеу - әлеуметтік жаңғыртудың маңызды мәселесі, - деді Мемлекет басшысы.

Еуропалық Венеция комиссиясының президенті Джанни Букиккио өз сөзінде Қазақстан реформалаудың ұзақ жолын жүріп өткенін айтты.

- Сіздер «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді бағдарламасын іске асыруда жарты жолды жүріп өттіңіздер. Сізді, Президент мырза, экономикалық табысқа және өңірдегі тұрақтылыққа қол жеткізулеріңізбен құттықтауыма рұқсат етіңіз. Мен 15 жылдан кейін Қазақстанды бұдан да әрі қуатты дамыған, бәсекеге қабілетті ел ретінде көргім келеді, - деді Д.Букиккио.

Өз кезегінде Армения Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы,  жаңа демократия елдері конституциялық бақылау органдары конференциясының төрағасы Г.Арутюнян Қазақстан тиімді, эволюциялық даму жолына жан-жақты ойластырылған таңдау жасағанын атап өтті.

- Бұл - елдің тұрақты және қарқынды дамуы үшін мақсатты түрде бағытталған берік экзогендік және эндогендік алғышарттарды жасауға бағытталған ел Президентінің маңызды Жолдауының негізіндегі халықтың саналы таңдауы. Қазақстанның конституциялық идеализмнен жол тауып шығып, Конституция мен құқықтық жүйе арасындағы шиеленісті еңсере отырып, дәйекті конституциялық қоғамдық қатынастар жолын таңдауы даусыз тарихи факті болып саналады, - деді Г.Арутюнян.

Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының төрағасы В.Лебедев Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласының мазмұнына назар аударды.

- Онда құқық және әділет қағидаттарына негізделген мемлекет пен қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды жетілдіру шарттарының бірі ретінде шиеленісті жағдайлардың алдын алу, реттеу және шешудің нақты құқықтық нормалары мен әділетті заң тұрғысынан іс-қимыл қабылдау және енгізу міндеті қойылған. Бұл доктрина - мемлекеттің әлеуметтік бағыты туралы конституциялық, тұжырымдамалық ережелерді дамытуға қосылған маңызды үлес, - деді В.Лебедев.    

  

                                         


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің