National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев XXX жазғы Олимпиялық ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты

2012 жылғы 17 тамыз

Рәсімді аша отырып, Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Қазақстан ұлттық құрамасының Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиялық ойындардағы жеңісімен құттықтады.

- Біздің олимпиадашыларымыздың Лондондағы триумфының мәнін «жеті», «он үш» және «он екі» сандары ашып отыр! Қазақстан спортшылары Олимпиаданың жеті алтынын жеңіп алды. Өткен Пекин Олимпиадасымен салыстырғанда, біздің «олимпиададағы алтын қорымыз» 3,5 есе өсті. Мен, барша қазақстандықтар тәрізді, біздің олимпиадашыларымыздың жеңісінің құрметіне Лондонда еліміздің мемлекеттік Әнұраны 7 рет ойналып, Қазақстан Туы 7 рет ең биікке көтерілгенін мақтан етемін. Он үш – біздің спортшыларға тапсырылған олимпиялық медальдардың жалпы саны! Алтыннан басқа, бір күміс және 5 қола медаль бар. Он екі – Қазақстанның осы олимпиададағы спорттық рейтингі, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ұлттық құрама Пекиндегі Олимпиаданың қорытындысы бойынша 29 орын алған болса, ал Лондондағы ойындарда жалпы есепте бірден 12 орынға көтеріліп, бұрын-соңды болмаған серпіліс жасағанын атап өтті. Қазақстан 205 ұлттық құрама арасында жетекші спорттық державаның біріне айналды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл барша Қазақстан халқының зор жеңісі екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Олимпиялық триумфының үш қайнар көзін барын атап өтті. Біріншісі, мемлекеттің дене шынықтыру ісі мен спортты қолдауына негізделген.

Ұлттық құраманың жеңіске жетуінің екінші қайнар көзі - әрбір қазақстандықтың таланты, табандылығы, жеңіске деген ерік-жігері, сондай-ақ озық жаттықтырушылық шеберлік.  

Қазақстандық олимпиадашылар табысының екінші қайнар көзі - еліміздің барлық этносының достығы мен Қазақстан халқының бірлігі.

- Қазақстан еңбек қоғамына айналуы қажет. Еңбексіз бақыт та болмайды. Әрбір адам жұмыс істеп, ақша табуға тиіс. Спорттағы табыс та зор еңбек. Олимпиадашылардың жеңісі – еңбексүйгіштіктің, патриотизм мен өз күшіне сенімнің үлгісі. Биылғы олимпиададағы жеңіс мыңдаған жастың жігерін жаниды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпиялық ойындардың 63 жүлдегерін, соның ішінде 18 олимпиада чемпионын тәрбиеледі. Ал 116 қазақстандық түрлі әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болды, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар, Қазақстанда 250 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер 418 спорт мектебінде спортпен шұғылданатынын атап өтті.

- Мен біздің спортшыларымыз стадионға жүздеген болашақ чемпионның келуіне үлгі болатынына сенемін. Әлемдік спорттағы жетістіктер – мемлекеттің мүмкіндігінің ең жарқын көрінісі. XXI ғасырда тек күшті және денсаулығы мықты ұлт қана бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан мен Үкімет алдына 2020 жылға қарай ел халқының 30 пайызын дене шынықтыру ісіне және спортқа тарту міндетін қойдым. Біздің спортшыларымыздың табыстары – саламатты өмір салтының көрнекті насихаты. Егер әрбір қазақстандық біздің олимпиадашыларымыз қол жеткізген мақсатқа ұмтылатын болса, онда Қазақстан міндетті түрде алдыңғы қатарлы елге айналады, - деді Мемлекет басшысы.

Рәсім ұлттық құраманың спортшылары мен жаттықтырушыларын мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұласты.

Велошабандоз Александр Винокуров, боксшы Серік Сәпиев және ауыр атлет Илья Ильин «Отан» орденімен марапатталды. Олимпиада чемпиондары Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Ольга Рыпакова II дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды.

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевке «Парасат» ордені табыс етілді.

Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, қола жүлдегерлер - балуан Даниял Гаджиев, боксшы Иван Дычко, балуан Гүзел Манюрова, боксшы Марина Вольнова, балуан Ақжүрек Таңатаров  «Құрмет» орденімен марапатталды.

Велоспорттан Олимпиада чемпионы Александр Винокуров Елбасы алдында сөйлеген сөзінде мемлекеттік награданы алып отырғаны үшін өзін бақытты санайтынын айтты.

- Мен Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль салғанымды мақтан етемін. Нұрсұлтан Әбішұлына «Про Тим Астана» жобасы үшін рахмет айтқым келеді. Бұл команда болмаса, мен спорттағы биіктерге жетпеген болар едім. Бүгінде «Астана» командасын күллі әлем біледі, енді осы жобаға жетекшілік жасасам, бақытты болар едім, - деді А.Винокуров.

Екі мәрте Олимпиада чемпионы Илья Ильин барша Қазақстан халқын олимпиадашылардың зор жеңісімен құттықтады.

- Біз өте биік мақсат қойдық. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадада табысты өнер көрсетуге тырысамыз. Мен өзімнің және баршамыздың өмірімізде Нұрсұлтан Әбішұлының болғаны үшін өте разымын. Нағыз батыр, чемпион, нағыз адам қандай қиын кезде де көмектеседі. Мен Рио-де-Жанейро Олимпиадасында өнер көрсетіп, үшінші Олимпиада алтынын алатыныма сенемін, - деді И.Ильин.    

Үш мәрте секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова бұл салтанатқа қатысу өзі үшін үлкен бақыт екенін атап өтті. Дәл осындай сезімді ол өзінің чемпион атанған сәтте басынан кешірген-ді.

- Лондонда Сіздің құттықтауыңызды алған минуттар есімнен кетпейді! Мен өз Отанымның – Қазақстан Республикасының атынан сынға түскенімді мақтан тұтамын! Біз қазақстандық қыздар үшін мүмкін емес ештеңе жоқ екенін дәлелдедік! Бүкіл еліміз және біздің құрметті Президентіміз жанкүйер болып жатқанда, біз өте мықты, өте жылдам бола түсеміз және бәрінен де алысқа секіреміз. Сіздің спортты қолдап, спортшыларға қамқорлық жасағаныңыз үшін ерекше алғыс айтамын. Сізге шын жүректен мықты денсаулық және адамға тән барша бақытты тілеймін! – деді О.Рыпакова.

Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Лондонға кетер алдында Нұрсұлтан Назарбаевтың олимпиадашылармен кездесіп, бата бергенін атап өтті.

- Біз Отанымызға аман-есен оралдық. Біз сынға түсіп жатқанда, Елбасымыз және қалың еліміз қарап отырғанына сенімді болдық. Бұл сенімділік біздің жеңіске деген жігерімізді арттырды. Біз жеңіске Сіздің және Қазақстан халқының арқасында қол жеткіздік. Сізге көп рахмет! – деді Ә.Ниязымбетов.

Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері Марина Вольнова Мемлекет басшысына елдегі спорттың дамуына ерекше назар аударғаны үшін алғыс айтты.

- ХХХ Олимпиялық ойындарға аттанар алдында біз Сізге жеңіспен келетінімізді айтып, уәде берген едік. Сіздің сеніміңізді ақтадық деп ойлаймын. Біз Сізді ешқашан жерге қаратпаймыз, Нұрсұлтан Әбішұлы. Сізге көп рахмет! – деді М.Вольнова.

Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров орден табыс еткені үшін және көрсеткен көмегі үшін Мемлекет басшысына алғыс сезімін білдірді.

- Олимпиялық ойындарда мен миллиондаған қазақстандықтардың көз алдында әлемнің ең күшті балуандарымен күрестім. Халықтың үміті мен Сіздің сеніміңізді ақтай алғаныма қуаныштымын. Біз болашақта да еліміздің даңқын шығару үшін және Қазақстанның Әнұраны бар әлемде шырқалуы үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз, – деп атап өтті А.Таңатаров.

Қазақстан олимпиялық құрамасының капитаны, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев өзіне Елбасы осыдан төрт жыл бұрын мақсатқа жетуге жігерлендіріп, ерекше сөз айтқанын атап өтті.

- Мен Сіздің көңіл бөлгеніңізді, ыстық ықыласыңызды және туысымдай қамқорлық көрсеткеніңізді сезіндім. Енді бұл жерде Олимпиада чемпионы ретінде тұрмын. Сенім білдіргеніңізге өте қуаныштымын. Мені жеңісіммен Сіз бірінші құттықтадыңыз. Өзім сезінген қуаныш пен бақытты сөзбен айтып жеткізу қиын. Біздің медаль – Сіздің жеңісіңіз, біздің халқымыздың жеңісі, – деді С.Сәпиев.

Олимпиялық ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері құрметіне арналған салтанаттан кейін мерекелік концерт өтті.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінің толық мәтіні.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің