Жаңалықтар

4 шілде 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Лондонда өтетін XXX жазғы Олимпиадалық ойындарға қатысатын Қазақстанның ұлттық құрамасының мүшелерін қабылдады.

Қазақстан Президенті қалыптасқан дәстүр бойынша төрт жылдық басты бәсекенің алдында еліміздің намысын қорғайтын олимпиадалық команданың дайындығына көз жеткізу үшін спортшылар мен жаттықтырушыларды жинады.

- Біздің еліміз әрдайым зор спорттық жетістіктерімен ерекшеленеді. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша әлемдік біріншілікте біздің спортшылар 15 түрлі лайықты награданы жеңіп алды. Өткен жылғы Қысқы Азиада ойындарында еліміз 32 алтын медальдің иегері атанды. Мен сіздердің барлығыңызды білемін, сіздердің өнерлеріңізді қадағалап отырамын. Сіздердің жетістіктеріңіз бен күн сайынғы жаттығуларыңыз спорт пен саламатты өмір салтының белсенді насихаттаушысы болып табылады. Енді сіздер үшін ең шешуші кезең – Олимпиадалық ойындарға қатысу, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанда спортқа және спортшыларға барлық жағдай жасалып отырғанын атап өтті.

- Бүгінде көп жыл бойы бөлінбей келген қомақты қаражат бөлінуде. Еліміздің барлық өңірінде спорттық нысандар көп салынуда, қайта жөндеуден өткізілуде. Біз сіздер нағыз Қазақстан спортының мінезін көрсетеді деп сенеміз. Сіздер арттарыңызда күллі Қазақстан тұрғанын біліп, барлық жауапкершіліікті сезінесіздер деп ойлаймын. Күн сайынғы жаттығуларыңыздың қажеттілігін көрсетудің және өздеріңізді қолдап отырған елдің сенімін ақтаудың мүмкіндігі бар. Олимпиада ойындарына қатысу және жеңу – кез келген спортшының жетістігінің шыңы, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде спорт – бүкіл елдің имиджі екенін атап өтті. Жеңіске жеткен спортшы Қазақстанды бұқаралық ақпарат құралдарынан да кең танытады. Олимпиадашылардың жеңісіне қарап, балалар жаттығу үшін спорттық секцияларға барады. Мемлекет қазақстандықтардың кемінде 30 пайызы спортпен айналысуын, саламатты өмір салтын ұстануын міндет етіп қойып отыр. Халық әрдайым спорттық жетістіктердің айналасына топтасады, қазақстандық патриотизм негізінде бүкіл еліміз бірігеді.

Өз кезегінде Олимпиадалық команданың мүшелері – спортшылар мен жаттықтырушылар Мемлекет басшысына ұдайы көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін алғыстарын айтты, сондай-ақ ең жоғары жетістікке жетуге, олимпиадалық медаль алуға бел байлағандарына сендірді.

- Бізге көрсеткен көмегіңіз үшін Сізге үлкен рахмет! Біздің еліміздің ұлттық командасы үйге абыроймен оралу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бүгінде қазақстандық спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Біз Сіздің қолдауыңызды сезініп отырмыз. Пекинде болып өткен Олимпиаданың нәтижесі бойынша Қазақстан отыз елдің қатарына енді. Лондонда біз бұл табысымыз кездейсоқтық емес екенін дәлелдеуге тиіспіз. Біз барлық танымал спортшыларды бәсекеге шақыруға дайын екенімізге сендіргім келеді. Қазақстанның қазіргі заманғы және мықты мемлекет екенін бүкіл әлемге тағы да табандылықпен танытатын боламыз. Сіз менің жеңістерімнің нағыз бірлескен авторы болып саналасыз, - деп атап өтті өз сөзінде ауыр атлет Илья Ильян.    

- Бүгінде ауыр атлетика бойынша олимпиадалық құрама – тәжірибе мен жастықтың қосындысы. Бұл дайындық, мақсат пен тәжірибе бізге алдағы Олимпиадалық ойындарда лайықты өнер көрсететініміз туралы сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Мен өмір бойы спорт саласында еңбек етіп келемін. Кеңестік кезде де жаттықтырушы болдым. Сондықтан бүгінгіні өткенмен салыстыруыма болады. Спортты дамыту үшін Қазақстанда барлық жағдай жасалғанын айтып өткім келеді. Мұндай қолдау бұрын-соңды болып көрген емес. Бірегей спорт кешендері мен спорттағы заманауи технологияға Сіздің тікелей қолдауыңыздың арқасында қол жеткіздік. Біз оны айқын сезінеміз. Жаттығушылар атынан Сізге зор алғыс айтамын, - деді ұлттық құраманың ауыр атлетика бойынша жаттықтырушысы Алексей Ни.

- Сіз бірде елімізді барысқа теңедіңіз. Бұл өте әдемі теңеу. Қазақстан барысы қатарынан үш рет рекордтық секіріс жасады. Бірінші секіріс – тәуелсіздіктің қалыптасуы мен мемлекеттіліктің нығайтылуы. Екіншісі, онжылдықтағы екінші секіріс – табысты даму мен самғауды білдіреді. Ендігі жерде, үшінші онжылдықта біздің жетістіктеріміз бен жеңістерімізді бекітуіміз керек, - деді жеңіл атлетика өкілі Ольга Рыпакова.

- Елдің спорттағы жетістіктері оның әлемдегі орнын белгілеп береді, мемлекеттілігін нығайтады, халықтың топтасуына ықпалын тигізеді. Мен Үкіметке Ғылыми-зерттеу институты мен антидопинг орталығын ашу мәселесін зерттеп білу туралы тапсырма бердім. Біздің спорттық әлеуетіміз жақсы. Осы мүмкіндікті дамытатын боламыз. Біздің спорттық делегациямыз Қазақстан тәрізді көп ұлттан құралған, бұл өте маңызды. Бүкіл Қазақстан тәрізді достықпен, бір команда сияқты өнер көрсетуі керек. Сіздер қазақстандық жанкүйерлерді қуанта аласыздар деп сенемін, - деді олимпиадашыларға Қазақстан Президенті.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Ұлттық құрамасы Олимпиадалық ойындарға алып баратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын біздің команданың туын ұстаушы - балуан Нұрмахан Тінәлиевке тапсырды.

- Өз атымнан және бүкіл ұлттық олимпиадалық команданың атынан біз Сіздің сеніміңізді және барша ел сенімін ақтау үшін, біздің көк туымыз аспанға шарықтап, әнұранымыз әлемге шырқалуы үшін, Қазақстанның күшті және өркендеген мемлекет ретінде даңқын шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз дегім келеді, - деді Нұрмахан Тінәлиев.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев спортшылар мен жаттықтырушыларға Лондонда өтетін Олимпиадалық ойындарда зор спорттық табыстар мен сәттілік тіледі


Барлық жаңалықтар
 
Басқа нысандарда болу
Өзге іс-шараларға қатысу