National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Елбасы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады

2015 жылғы 24 қараша

 

Мемлекет басшысы Президенттің Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу барысында экономикалық, қаржылық, мәдени және білім орталығы ретінде бүгінде Алматының ел дамуында зор маңызы бар екенін айта келіп, қалада мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.  

Алматы – үлкен қала, оны басқару күрделі міндет жүктейді және бұл осында болып жатқан үдерістерді терең талдауды қажет етеді. Инвестиция тарту, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту осы кезеңде жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ көші-қон ауқымы өсуін ескере отырып, қаладағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне айрықша көңіл бөлуді тапсырды.

Қалада өзге өңірлерден келген 500 мыңға жуық мигрант бар, оларды есепке алу дұрыс жүргізілмейді. Осыны ретке келтіру керек, өйткені ертең осының бәрі қалада проблема туындатуы мүмкін. Сондықтан республикалық және облыстық органдармен бірлесіп, әкімдік осы мәселемен айналысқаны, өзара ұдайы байланыста болғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Б.Байбек қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, инвестициялық және инфрақұрылымдық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Біз келесі жылы мемлекеттік инвестицияны 70 миллиард теңгеге дейін азайту арқылы экономиканы қайта құрылымдауды жоспарлап отырмыз. Жеке бизнестің жұмысын 75 миллиард теңгеге жандандыру қарастырылуда. Бүгіннің өзінде 14 балабақшаның, 3 мектептің, бір емхананың құрылысына байланысты меморандумдарға қол қойылды, – деді Алматы әкімі.

Әкім сондай-ақ өнеркәсіпті дамыту, қаланың 2017 жылғы Универсиадаға дайындығы мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 39 жоба іске асырылуда. Алатау ауданындағы индустриялық паркте біз 320 миллиард теңге болатын 41 жобаны мақұлдадық, келесі жылға 60 миллиард инвестиция жоспарланып отыр. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің құрылысындағы қазақстандық қамту үлесін қамтамасыз ету аясында Алматы компанияларының 10 миллиард теңге көлеміндегі қаражатпен қатысатыны туралы меморандумға қол қойылды. Ал 2017 жылғы Универсиада нысандары бойынша қазақстандық үлес 57 пайызға жетті. Таяуда 17 миллиард теңгенің операциялық бюджетіне қол қойылды, – деді Б.Байбек.

 

Соңында Қазақстан Президенті елдегі ірі қаланы басқару зор жауапкершілік жүктейтініне тағы да назар аударды.

Мегаполис ауқымын ескере отырып, Үкімет қолдау көрсетуге тиіс. Қалада тәртіпке келтіретін көп жұмыс бар. Әсіресе, террорлық қатер ұлғайып келе жатқан  қазіргідей жағдайда құқық қорғау органдарының үйлесімді қызмет еткені маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

***

Алматы экономикасының өсімі жыл қорытындысы бойынша 2,5 пайызға жетеді. Өнеркәсіптік өндірісі өсімі 2,2 пайыз болды, инвестициялар 1,3 пайызға ұлғайды, бір миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қаржының игерілуі 73 пайыз болды, жыл аяғына дейін 100 пайыздық көрсеткіш қамтамасыз етіледі. Осы бағдарлама арқасында 2,6 мың жұмыс орны, жыл басынан бері 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Алматыда 10 адамның алтауы шағын және орта бизнес кәсіпорындары арқылы жұмыспен қамтылған, олардың саны 10 пайызға көбейді. Бұл сектор салық түсімдерінің 44 пайызын қамтамасыз етеді.

Сатып алу мүмкіндігі деңгейінің 25 пайызға төмендегеніне қарамастан, салыққа қатысты жоспар 104 пайызға орындалды. Бюджетке бір триллионнан аса теңге түсті. Қала бюджетін 32 пайыз оңтайландыру жоспарлануда, бірақ бұл орайда барлық әлеуметтік міндеттемелердің уақтылы орындалуы қамтамасыз етіледі.

Алматы облысының әкімдігімен бірлескен жоспар қабылданды, ол Алматы төңірегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, қалаға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге бағытталған.

Әлеуметтік маңызы бар 33 өнім түріне мониторинг жасалады. Оңтүстік өңірлердің атсалысуы арқылы демалыс күндері жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Оның барысында 10-15 пайызға арзандатылған, жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын өнім сатылған.

Жер учаскелері бойынша ревизия жүргізілді, жалға берілген учаскелерді сараптау жұмыстары жалғасуда. Заңсыз құрылыс салынған 10 учаскеге қатысты сотқа талап арыз жолданды. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің