Жаңалықтар

2 сәуір 2019
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Алматы облысының жұртшылығымен кездесті
Алматы облысы, Қарасай ауданы

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында Шамалған ауылының тұрғындарымен жүздесті.

– Туған ауылыма келген сайын әрқашан балалық шағымды жылы сезіммен еске аламын. Менің жүріп өткен жолым оңай болған жоқ, мемлекетіміздің ілгерілеуі мен өркендеуі үшін көп еңбек еттім. Шаршаған кездерімде әкем екеуіміз жиі серуендеген Шамалғанның көшелері мен тау бөктерлерін есіме алатынмын. Сол сәтте-ақ шаршағаным басылады, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті жүргізіліп жатқан саясаттың арқасында еліміздің халықаралық аренада мойындалғанын атап өтті.

– Біз үлкен жұмыс атқардық. Бұрын ешкімге белгілі болмаған Қазақстан бүгін бүкіл әлемге танылды. Қазақстандықтар түрлі елдерге барып, дүние жүзінің ең үздік оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы алдағы қызметі жөніндегі жоспарларына тоқталды.

– Мен Елбасы ретінде стратегиялық мәселелерге көңіл бөлетін боламын. Қасым-Жомарт Тоқаев менің артқан үмітімді ақтайды деп сенемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізді жаңғырту жөнінде қабылданып жатқан шаралар, ең алдымен, жастарды қолдауға және олардың дамуына бағытталғанын атап өтті.

– Мен Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенемін. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Кім бизнес ашқысы келсе, оған несие беріледі. Мамандығы жоқ болса, мемлекет оған жаңа кәсіптік білім береді. Мәселе жұмыстың жоғында емес, мамандықтың болмауында. Сонымен қатар, біз ауылдарды дамыту үшін көптеген бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз, – деп түйіндеді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев биыл елімізде теңдесі жоқ әлеуметтік шаралар қолға алынып отырғанын атап өтті. Республикада азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін түрлі бағдарламалар іске асырылуда. Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті қоғамда патерналистік түсінікке жол бермеудің маңыздылығына баса назар аударды.

– Кез келген ер адамның ар-намысы болуға тиіс. Бала тәрбиесі, ең алдымен, ата-ананың жауапкершілігі. Ал мемлекет ата-аналарды жұмыспен қамтып, балаларын асырауына жағдай жасауы керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Соңында Елбасы кездесуге қатысушыларға табыс тілеп, олардың жаңа белестерді бағындыруына ниеттестік білдірді, сондай-ақ барлығын Отанымыздың игілігі үшін еңбек етуге шақырды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары