Жаңалықтар

7 қыркүйек 2015
Мемлекет басшысы Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен кеңес өткізді
Ақмола облысы, Зеренді ауданы

 

Кеңес барысында ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, Ақмола облысының әкімі С.Кулагин, Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Е.Сұлтанов ауыл шаруашылығының дамуына және жиын-терін науқанын өткізу дайындығына қатысты есеп берді. Өңір басшылары сондай-ақ Мемлекет басшысына облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңдегі міндеттер туралы баяндады.

Мемлекет басшысы үш облыстың жиын-терін науқанын өткізуге дайындығына тоқтала келіп, оның қарқынын күшейту қажеттігін айтты.

Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Дегенмен, аграрлық сектор әлі экономиканы әртараптандырудың тірегіне айнала қойған жоқ. Бұл еңбек өнімділігін дамыту саласындағы үлкен резервке, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін кеңейтуге, салаға сыртқы инвестицияларды тартуға қатысты, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл ретте ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелеріне мұқият назар аудару қажеттігін атап айтты.

Бес жылда үш облыс субсидия түрінде 135 миллиард теңге және лизингпен 3,5 мың техника, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 51 мың бас асыл тұқымы мүйізді ірі қара алды, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранысты өтеуге еліміздің зор мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

Көрші елдердің Қазақстан өнімдеріне сұранысының әлеуеті 210 миллиард теңге болады, біз мұндай мөлшерді қамтамасыз ете аламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда әлемде қаржы турбуленттілігі сақталып отырғанына, ол елдің экономикалық көрсеткіштеріне ықпал ететініне назар аударды. Бірақ дағдарыстық құбылыстарға Қазақстанның дайындығы бар, Қытай және Ресей сияқты жетекші экономикалық серіктестермен ынтымақтастық кеңеюде. Бұл ықпалдастық «Жаңа Жібек жолы» аясындағы бірқатар индустриялық жобаларды жүзеге асыруды, оңтүстік және солтүстік-батыс бағытта сыртқы нарықтарға шығатын көлік инфрақұрылымын дамыту ісін қамтиды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде жүзеге асырылып жатқан, аграрлық секторды да қамтитын институционалдық реформалардың маңыздылығына айрықша тоқталды. Бұл орайда Қазақстан Президенті елде ауыл шаруашылығы кооперативтерін әлемдік тәжірибені қолдана отырып дамытудың, сондай-ақ ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізудің маңыздылығына назар аударды.

Басты мақсат – ауыл шаруашылығының тиімділігін жоғарылату және оны өңдеуші сектормен экспортқа шығару. Ол үшін ауыл шаруашылығының құрылымын өзгерту қажет, оның өзегі күшті кооперативтер болуы тиіс. Бұл бизнес үшін кең мүмкіндік ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті зооветеринария, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау және сақтау сияқты қосалқы сервистік қызметтерді дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев отандық ауыл шаруашылығы елдің экономикалық өсімінің қозғаушы күшіне айналатынына сенім білдірді. Осы мақсатпен салаға шикізатты өңдеумен айналысатын инвесторлардың келуіне жағдай жасау қажет.

Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу, қосымша құнын арттыру арқылы оның бағасын өсірген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығына инновацияларды енгізу, ғылымды ауыл шаруашылығы өндірістеріне кадр даярлау ісімен бірлестіру қажеттігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап көрсетті. Бұл ретте Қазақстан Президенті ауылдағы еңбекке ыждағатты көзқарастың, тиімді меншік иесін қалыптастырудың, сондай-ақ жерге қатысты мәмілелер үдерістерін жеңілдетудің мәні зор екенін айтты.

Жерге оны күтіп-баптайтын нағыз ие қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев елдің ауыл шаруашылығы саласында 20 жылдың ішінде болған оң өзгерістерді атап өтті.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының оң тәжірибелері туралы көбірек біле түсіп, жақсыларынан үлгі алып, әрі қарай даму қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қиындықтардың уақытша екеніне, оларды еңсеріп, даму жолымен ілгерілеуге елдегі жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың септігін тигізетініне сенім білдірді.

Барлық қиындықтар мен жеңістерді басымыздан бірге өткеретін боламыз, –деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Облыстардың аграрлық кәсіпорындарының өкілдері ауыл шаруашылығы мәселелеріне деген ұдайы қамқорлығы үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, саланы дамыту жөніндегі шаралар уақтылы қабылданып келе жатқанын атап өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары