Жаңалықтар

30 тамыз 2009
Астанада Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Конституция күнін мерекелеуге арналған тұңғыш Әскери парад болып өтті.

big-08

«Қазақ елі» монументінің алдында өткен шеруді елорда тұрғындары, көрнекті саясат және қоғам қайраткерлері, Ұлы Отан соғысының, Қарулы Күштер ардагерлері және Қазақстанда тіркелген әскери-дипломатиялық корпус өкілдері тамашалады.

Салтанатты шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Конституция мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі екендігін атап өтті.

- Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Конституцияның мызғымас құндылығы уақыт сынынан өтті. Ата Заңымыз әлемдік экономикалық дағдарыстың қиын жағдайында қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі болды. Конституция қағидаттарын қатаң сақтай отырып, Қазақстан осы жаһандық құбылыстың қысымына төтеп берді.

Мемлекет әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландырып қана қоймай, сондай-ақ бюджет саласы қызметкерлері жалақысының, зейнетақылардың, жәрдемақылар мен шәкіртақылардың көлемін ұлғайтты. Шағын және орта бизнеске, құрылыс саласына, жетекші банктерге қолдау көрсетілді. Перспективалы инновациялық жобаларға аса ірі инвестициялар жұмсалды. Елімізде 320 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысы әрбір қазақстандық Конституцияның маңыздылығын мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сондай-ақ жеке өзі, өзінің отбасы мен ұрпақтары үшін бағалауы, өзінің конституциялық құқықтарын біліп, конституциялық міндеттерін орындап, қастерлеуі өте маңызды екендігін атап өтті.

- Сондықтан да біз бүгін Конституция күнін жаңаша мерекелеудеміз, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады.

Содан кейін алаңда тұңғыш мерекелік әскери парад сап түзеді. Әскери шеруді Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қабылдады. Парад командасын Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Нұрлан Жоламанов басқарды. 

«Қазақ елі» монументі алаңында Қорғаныс министрлігі Құрлықтағы әскерінің, Әуе қорғаныс күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Республикалық ұланның сарбаздары салтанатты сап түзеп өтті. Әскери шеруге барлығы 2000 астам офицерлер, келісім-шарт негізіндегі әскери қызметшілер, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, әскери жауынгерлер қатысты.

Парадқа 120-дан астам жасақтар мен әскери-техника, атап айтқанда бронетехника, артиллериялық зеңбіректер, дүркіндете атыс жасайтын реактивті жүйелер қатысты. Осыдан кейін Астана аспанында әскери авиация звенолары – «Ми-17», «Ми-26» тікұшақтары, «Ан-26» транспорт ұшағы, «Л-39» оқу-жаттығу ұшақтары, «Су-25» шабуылдаушы ұшақтары, «Миг-27» ұшқыр бомбалаушысы, «Миг-31», «Су-27» жойғыш ұшақтары қалықтап өтті. 

Салтанатты шерудің соңынан құрама әскери оркестр жүріп өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар