Жаңалықтар

25 мамыр 2010
Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Республикасының Президенті Абдуллаһ Гүлмен кездесті.
25.05.2010

Ақордада өткен ресми рәсімнен кейін Мемлекет басшыларының шағын және кең құрамдағы келіссөздері өтті. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Тараптар Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарының негізінде екі халықтың тарихи тамыры мен мәдени құндылықтары жатқанын атап өтті. Бұған Түркия Президентінің сапары барлық түркі халықтарының рухани ұстыны саналатын Түркістандағы Қ.А.Иасауи кесенесіне тәу етуден басталғаны дәлел бола алады.

Мемлекет басшылары 2009 жылғы қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары барысында қол қойылған Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарт екіжақты қарым-қатынастардың ұзақ кезеңдегі сапалы дамуының жаңа негізін қалағанына тоқталып өтті.

Екі ел арасында жоғары деңгейде белсенді диалог қолдау табуда. Парламенттік байланыстар орнығып, Парламенттерде депутаттық «достық тобы» қалыптасқан. Екі елдің депутаттары Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы аясында өзара белсенді іс-қимыл орнатып келеді.

Түркия Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін таниды және біздің елімізді өңірдегі анағұрлым маңызды әріптес ретінде санайды. АОСШК, ЕҚЫҰ, БҰҰ, ЭЫҰ, ИКҰ және өзге халықаралық бірлестіктер аясында өзара іс-қимыл іс жүзінде табысты дамуда.

Қазақстан Президенті Түркия Қазақстанның жетекші экономикалық әріптесі екенін атап өтті. Соңғы жылдары байыпты құқықтық-шарттар құрылуының арқасында түркиялық бизнес Қазақстанда белсенді жұмыс жүргізуде. Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс өзара тауар айналымының қысқаруына әкеліп соққанына қарамастан, тараптар бірлескен жобаларды іске асыруға кіріскен.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссияның жұмысын жандандыруға тапсырма берді.

Түркия кәсіпкерлері бизнесінің дамуы үшін Қазақстан, Ресей және Беларусь Кедендік одағының қосымша мүмкіндіктер туғызуы арқасында, түркиялық компаниялар Қазақстандағы тауарлар өндірісін жолға қоя отырып, келешекте ресей және беларусь рыногына экспортқа шығару мүмкіндігіне ие болмақ.

Тараптар сондай-ақ энергетика, энергия ресурстарын тасымалдау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау, туризм және спорт ынтымақтастықтың перспективалы салалары болып табылатынын атап өтті.

Келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев өзінің түркиялық әріптесіне Қазақстан мен Түркия Президенттенінің қолдауымен бірлескен экономикалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Бағдарламада Қазақстанның жаңа индустрияландару жоспарын орындауға түркиялық инвесторларды қатыстыру үшін нақты жобаларды енгізу қажеттігі көзделінген.

Тараптар Түркия Президентінің ресми сапарының қорытындылары қазақ-түрік стратегиялық әріптестігін жаңа сапалы деңгейге шығаратынына сенім білдірді.

Келіссөздерден кейін Президенттер бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған Түркия Президенті А.Гүл Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының даму қарқынына жоғары баға берді. Ол сондай-ақ әлемдік саясатта Қазақстанның рөлінің арта түскенін атап өтті.

- Қазақстан биылғы жылы ЕҚЫҰ төрағасы ретінде өзін табысты жағынан көрсетуде. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы жемісті төрағалығы туралы мұндай пікірлерді ұйымға мүше өзге мемлекеттердің басшылары да айтуда, - деп атап өтті Абдуллаһ Гүл.

Барлық түркі тілдес мемлекеттер үшін Түрік дүниесі академиясының мән-маңызы туралы сауалға жауап бере келе, Президент Нұрсұлтан Назарбаев олардың жақындасуы Кеңес Одағы тарағаннан кейін басталғанын атап өтті. Бұл бағытта Түркия тарапынан көп істер атқарылды. Өз кезегінде, Қазақстан түркі тілдес елдер мен халықтардың өзара қарым-қатынасының дамуына жол ашатын Түрік дүниесі академиясын құру туралы бастама көтерді.
Қазақстан Президенті түркілер өркениетті дамытуға орасан үлес қосқанын атап өтті. Біздің бабаларымыздың іс-әрекеті мен тарихты зерттеу қажет.

- Біздің тамырымыз да, тіліміз де ортақ, біз оны өз елдеріміздің өзара қарым-қатынасын жақсартуға бағыттауға тиіспіз, - деді Н.Назарбаев.

Өз кезегінде, Түркия Президенті АӨСШК-нің мән-маңызы туралы сауалға жауап бере келе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті шақыру туралы бастама табысты жүзеге асып келе жатқанын атап өтті.

А.Гүл өңірде проблема көп екенін, сондықтан АӨСШК қызметі сол проблемалар әртүрлі елдер арасындағы кикілжіңге айналып кетпеуіне бағытталуы қажет, деді.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ 2030 жылы Қазақстанның елордасы Астананы қандай қала ретінде көргісі келетіндігі туралы сауалға жауап берді.

- Бар-жоғы 10 жылдың ішінде жаңа астананы салдық. Астана осындай болады деп ешкім ойламаған. Тіпті, менің өзім Қазақстанның орталығында елдің жаңа елордасын тұрғызғанымызға таңғаламын. Дала төсінде еліміздің басты қаласын қалай салғанымыз туралы ойға шомамын. 2030 жылы Астана миллионнан астам халқы, мықты жоғары оқу орындары, ең жақсы медициналық орталықтары мен мәдениет мекемелері бар қалаға айналатынына сенемін, - деді Н.Назарбаев. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар