Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

18 мамыр 2011
Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 24-ші пленарлық отырысы «Қазақстан кәсіпорындарының жаңғыруы мен жаңаруы» атты тақырыпқа арналды.

01

02

03

Кеңес отырысы Назарбаев Университетінде өтті. Іс-шараға Шетелдік инвесторлар кеңесінің тұрақты мүшелері мен бақылаушыларды қоса алғанда, 200-ден астам қонақ, сондай-ақ Кеңестің құрметті мүшелері Александр Квасьневский, Тони Блэр, Романо Проди және Альфред Гузенбауер қатысты.

Кеңес жұмысын аша отырып, Мемлекет басшысы Пленарлық отырысқа қатысушылармен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді және Кеңес отырысы жаңа халықаралық университетте алғаш рет өтіп отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Кеңестің жаңа мүшелерін – шетелдік тараптан: «Финмекканика Групп» компаняисының төрағасы және бас атқарушы директоры Пьер Франческо Гуаргулиниді, «Метро Кэш энд Кэрри Интернэшнл» компаниясының басқарма төрағасы Франц Мюллерді, «Дженерал Электрик» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Фердинандо Беккалли-Фалконы, қазақстандық тараптан: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановты, Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовті, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестиция жөніндегі комитетінің төрағасы, Кеңестің жұмысшы органының жетекшісі Асылхан Серіковты таныстырып өтті. Кеңес құрамында өзгерістер болғаны жарияланды. Атап айтқанда, Робин Ренвиктің орнын енді «Джей Пи Морган» инвестициялық банкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша Директорлар кеңесінің төрағасы Клаус Дитрихс алмастырады.

Сондай-ақ отырысқа Шетелдік инвесторлар кеңесінің жанындағы бақылаушылар қатысты. Аталған мәртебе Кеңеске мүшелікке үміткер компанияларға беріледі. «Бақылаушы» мәртебесінің берілуі кеңес жұмысына белсенді қатысушы әлеуетті үміткерлерді едәуір ынталандыруға мүмкіндік туғызады.

Мемлекет басшысы Кеңестің жаңа бақылаушылары ретінде «Ресей Сбербанкі» ААҚ-ның президенті Герман Грефті, «Трубная Металлургическая Компания» ААҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы Дмитрий Пумпянскийді таныстырып өтіп, Кеңестің жаңа мүшелеріне жемісті еңбек тіледі, бақылаушыларды Кеңестің жұмысшы тобына белсенді қатысуға шақырды.

Президент өз сөзінде бұдан тура 20 жыл бұрын, яғни 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, түбегейлі әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларды жүргізуге, сондай-ақ демократиялық қоғам мен ашық экономиканы құруға кіріскенін атап өтті. Осы сәттен бастап түрде мақсатты түрде жеке меншік пен еркін бәсекелестікке негізделген нарықтық экономиканы құру жолында жүріп келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстанда бизнесті жүргізу мен еліміз экономикасына инвестиция салуға қолайлы жағдайлар жасалды.

Өткен жылы Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға кірісті. Сондықтан Кеңестің бүгінгі отырысы «Қазақстан кәсіпорындарының жаңғыруы мен жаңаруы» атты тақырыпқа арналған.

2010 – 2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру аясында Үкімет алдына 2014 жылға қарай еңбек өнімділігін өңдеуші секторда 50 пайызға, экономиканың жекелеген секторларында 100 пайызға арттыру жөнінде биік мақсаттар қойылып отыр.

Мемлекет басшысы дәстүр бойынша алғашқы сөзді Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Томас Мировке берді. Т.Миров өз сөзінде Қазақстанда кәсіпкерлік секторды жаңғырту мәселесін қозғады.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Қазақстан кәсіпорындарын жаңғырту жөнінде атқарылған жұмыстар және жоспарланған іс-шаралар туралы есеп берді.

Азия даму банкінің вице-президенті Лакшми Венкатачалам өз сөзіне жеке инвестиция көмегімен инфрақұрылымдарға жаңа технологиялар енгізу мәселесін арқау етті.

«АрселорМиттал» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Лакшми Миттал «АрселорМитталТеміртау» үлгісіндегі Қазақстандағы бизнесті жаңғыртудағы «АрселорМиттал» рөлі» тақырыбында сөз сөйледі.

«Би Джи Групп» компанясының атқарушы вице-президенті Крис Финлейсон өз сөзінде қазақстандық жұмыспен қамтудағы бәсекелестікті дамытудың көмегімен жаңғыртуды ынталандыру жайында ой бөлісті.

Табиғи ресурстар Еуразиялық корпорациясының акционері Александр Машкеич Қазақстанның өнеркәсібін жаңғыртудағы тау-кен металлургиялық кешеннің рөлі туралы әңгімеледі.

«Роял Датч Шелл» концернінің атқарушы директоры Матиас Бихселдің сөзі Қазақстанның өнеркәсібін жаңғыртуға арналды.

Кеңестің отырысының барысында Тони Блэр, Альфред Гузенбауер, Романо Проди, Александр Квасьневский, сондай-ақ «Эрнст энд Янг Глобал» компаниясының бас операциялық директоры Джон Феррар, «Делойт СНГ» төрағасы Жан-Поль Пикард, «Бейкер и Макензи Интернэшнл» компаниясының атқарушы директоры Коэн Ванхарентс, «Тоталь» компаниясының Континенттік Еуропа мен Орталық Азия бойынша аға вице-президенті Майкл Борель, «ЛУКОЙЛ» ААҚ-ның президенті Вагит Алекперов, «Эксон Мобил» корпорациясының аға вице-президенті Марк К.Алберс, «Дойче Банк АГ»-нің Орталық және Шығыс Еуропа бойынша атқарушы директоры және бас атқарушы директоры Питер Тильс, «Эни С.п.А.» корпорациясының барлау және өңдеу бөлімшесінің бас өндірістік директоры Паоло Скарони, «Мицубиси» корпорациясының Еуропа, ТМД, Таяу Шығыс және Африка елдері бойынша атқарушы вице-президенті Мийоси Хироси, «Филипп Моррис Интернэшнл» компаниясының сыртқы және корпоративтік байланыс жөніндегі аға вице-президенті Эвен Хурвиц сөз сөйледі.

Отырыс барысында Кеңес мүшелері Қазақстан кәсіпорындарының жаңғыруы және жаңаруының өзекті мәселелерін талқылады.

Кеңес жұмысын қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Кеңес мүшелеріне Қазақстан үшін шынайы және пайдалы ой-пікірлерін білдіргендері және алдағы кезде ескерілетін іскерлік кеңестері үшін алғысын айтты.     

- Мен сондай-ақ біздің құрметті достарымыз, менің достарым - Александр Квасьневский, Тони Блэр, Романо Проди және Альфред Гузенбауер мырзаларға рахметімді айтамын. Елдеріміз арасында шынайы әріптестік пен достық, өзара сенім мен құрметтің қалыптасуына сіздер үлкен үлес қосып келесіздер. Сондықтан біз өз ризашылығымызды білдіреміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

- Біз биылғы жылы еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеміз. Әрине, мерекелейіз, өз жетістіктеріміз туралы айтатын боламыз. Іс жүзінде Қазақстан бірнеше өте қатты дағдарыстарды бастан өткерді. Алғашқысы, біз үшін үлкен әрі күрделі болғаны – Кеңес Одағының тарауы еді. Қазақстан экономикасы тоқтаған, бөлшектенген империяның бір бөлігі тәрізді күй кешті. Біз 5-6 жылдың ішінде ешқашан өзімізде болмаған мемлекеттілікті қалпына кетірдік, сыртқы ішкі жаңа жүйені құрдық, экономиканы іске қостық, жекешелендіруді қолға алдық, ымырашыл мемлекет құру үшін, ымырашыл экономиканы таңдадық. Осы арқылы біз ол дағдарыстан шықтық. Біз Оңтүстік-шығыс дағдарыстан да шыға алдық. Сондықтан біздің дамуымызды 1999 жылдан, яғни іс жүзінде соңғы 10-13 жылда қалыпты дамуымыздан есептеу керек. Сол себепті біз өз жетістіктерімізбен мақтанамыз. Осы жылдар ішінде Шетелдік инвесторлар кеңесі менімен бірге болды. Соның арқасында біз 120 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетел инвестициясын, 150 миллиард доллар жеке ішкі инвестициясын тарттық. Мен бұрынғы ГДР, шығыс Германия туралы айтқан Питер Тильс мырзаны зор ынтамен тыңдадым. Мен өз сөзімде осы мысалды әрдайым айтып жүрмін. Бұрынғы ГДР-ге қарағанда Қазақстанда ФРГ секілді қуатты демеушісі болмады, бірақ біз шамалас тәсілдермен дамыдық. Енді, біз танымал болғанда, өз тәуелсіздігімізді орнықтырғанда, біз өз алдымызға жаңа, өте биік міндеттер қойдық, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент өткен жылдан бері Қазақстанның Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Тек өткен жылы бағдарламаны орындай отырып, Индустриаландыру Картасы бойынша 800 млрд. теңгеден астам сома немесе 5 млрд. АҚШ доллары көлемінде 25 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызған 152 жоба пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы тағы да 200 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.

Экономиканың шикізат емес секторын дамыту бағытында нақты алға жылжулар байқалуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ЖІӨ жеті пайызға өсті, соның ішінде екі пайызы жаңа индустриаландыру жобаларына тиесілі.

Өңдеуші өнекркәсіп, яғни шикізаттық емес сала 18 пайызға өсті, ал оның өнімдеріндегі экспорт үлесі 67 пайызға көтерілді.Саладағы еңбек өнімділігі 1,5 өсті және бір жұмыспен қамтылған адамға шаққанда (2009 жылы адам басына 29,5 мың доллар болды) 44 мың долларды құрады.

Ең ірі жобалар шетелдік инвесторлардың қатысуымен және қаржыландыруылуымен іске асырылып келеді. Жаңа бірегей өндірістер, жұмыс орындары ашылуда, еңбек өнімділігі артуда.

- Бұл іске белсенді қатысып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін тағы да ризашылығымды білдіргім келеді. Шын мәнінде, Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына сіздер өз үлестеріңізді қостыңыздар. Біз оны бағалаймыз. Бұл мемлекет пен экономиканың бәсекелестігін құруға деген қадам ғана. Біз алдымызға биік стратегиялық мақсаттар қойдық, қызмет аясын айқын, проблема бізге түсінікті. Біз әр отырыста бұл туралы сіздерге айтып отырдық, оларды сіздермен бірге шештік, - деді Мемлекет басшысы.

Президент келесі нақты міндеттерді шешуге кірісу қажеттігін қадап айтты.

Бірінші. Жаңғырту бағдарламасының локомотиві ірі кәсіпорындар, ұлттық компаниялар мен кен орнын пайдаланушылар болып табылады.

- Біз шетелдік инвесторларды осы процестің драйвері болуға шақырамыз. Сіздермен бірге отандық кәсіпорындар да осы іске тартылады. Сондықтан қазақстандық қамтуды дамыту саясаты экономиканы жаңғыртудың өте маңызды бөлшегі болып саналады. Сіздер бұл ұсынысты қолдаңыздар, мен осы жұмысты жалғастыруларыңызды қалаймын, - деді Мемлекет басшысы.

Тауарлар, жұмыс және қызмет көрсету сапасын халықаралық стдарттақра сәйкестендіре отырып, отандық жабдықтаушылар Қазақстан үшін жаңа технологияны игереді, заманауи менеджментті енгізеді. Шағын технологиялық компанялар өсімі осылайша ынталандырылады. Сонымен бірге, жаңғыртудың әлеуеті толық қуатта пайдаланылмай отыр. Мұны отандық тауарларды сатып алудағы көрсеткіштер дәлелдеп отыр. Кен орнын пайдаланушылар бойынша қазақстандық қамтудың үлесі жалпы 11,5 пайызды, жүйе құраушы компаниялар бойынша 31 пайызды, «Самұрық Қазына» тобы аясында 38 пайызды құрайды. Өткен жылы мұнай-газ саласында қазақстандық қамту бойынша міндеттерін толығымен тек 14 компания ғана орындады. Қалған 130-ға тарта компаниялардың орташа орындау деңгейі 25 пайызға жуық.

- Сондықтан Үкіметтің индустрияландыру бойынша жүргізіп отырған жұмысын ескере отырып, шетелдік инвесторлардың қазақстандық кәсіпорындарды тарту бойынша жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырамыз. Мен сіздер бізді дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Мен Үкімет алдына осы саясатты өте қатаң жүргізіп, сіздермен бірге жұмыс істеу міндетін қойдым. Мен осы жұмыстың қажеттілігі жөнінде ортақ түсіністікке қол жеткіземіз деп білемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент ел экономикасының мұ­нан кейінгі бір күрделі мәселесі ірі кәсіпорындардың қуат үнемдеу тиім­ді­лігін арттыру екендігін атап көрсетті. Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында бұл мә­селе талай рет сөз болып келеді. Тек бір ғана тау-кен металлургия кешені елде өндірілген электр қуатының жартысы­нан астамын жұмсайды. Индустриялық бағдарлама аясында жаңадан іске қо­сы­лып жатқан жобалар электр қуа­тының жұмсалуын одан әрі молайта түсетін­дігі түсінікті. Отандық металлургияның осы секторында ғана кәсіпорындардың электр қуатын ысыраптау деңгейі әлем­нің алдыңғы қатарлы металлургиялық кәсіпорындарымен салыстырғанда, бір жарым және одан да көп есе жоғары болып отыр. Ал еңбек өнімділігіне ке­лер болсақ, бізде ол 1,5-2 есе төмен. Мұндай кәсіпорындарда өнімнің өзін­дік құнына шаққандағы материалдық шығын көлемі 70 пайызға дейін жетуде. Кәсіпорындардың өндіргіштік қуаты көп тозғындаған. Олардағы құрал-жабдықтар 30 жылдан бері пайдаланылып келеді.

- Сондықтан мен еліміздің кәсіпорын­дарына қуат үнемдегіш алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мен қуат ысырабын азайту жөнінде жүйелі ша­ралар әзірлеу жөнінде Үкіметке тап­сыр­ма бердім. Біз бұл іспен қазір мықтап шұғылданудамыз. Осы бағытта сіз­дерді бірігіп жұмыс істеуге шақырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Екінші. Шағын және орта кәсіп­орындар өз қолдарында бар ресурстар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және жаңаруға деген ұмтылысты айқын таныта отырып, жаңғыртудың алдыңғы легінде жүруі керек. Мемлекет бүгін кәсіпкерлік үшін барлық қолайлы жағдайларды қалыптастыру үстінде. Қабылданған «Өнімділік-2020» бағдар­ла­ма­сы басқарушылық технологияларды және іс үстіндегі, сонымен қатар жаңа­дан ашылған өндірістерді техникалық қайта жарақтандыру ісін одан әрі жетілдіруге бағытталған.

- Шетелдік инвесторларды сондай-ақ аталған бағдарламаға белсенді көмек көрсету және қолдау туралы өз ұсыныстарыңызды пысықтауға, Кеңестің жұмысшы тобында осы мәселе бойынша өз пікірлеріңізді және тәжірибелеріңізді бөлісуге шақырамын. Бұл қаржылық көмек қана емес.  Техникалық даму жөніндегі ұлттық агенттігімен бірлесіп, қазақстандық серіктестерді осы бағдарламаға қатысуға тарту механизмдерін әзірлеу керек. Үкіметке осы үрдісті жандандыруды және кеңейтуді, нақты ережелер мен жақсы ынталандыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Біз бүкіл қазақстандық қоғамды және барлық бизнесті осы жұмысты жандандыруға жұмылдыруымыз керек, - деді Президент.

Үшінші. Интеллектуалдық негіз­сіз жаңғыртудың өзі мүмкін емес.

Мемлекет басшысы  жаңғырту жоспары­ның сәтті жүзеге асуы ең алдымен, адам­дарға, кәсіпорындардың бүкіл қыз­меткерлері мен олардың басшыларының жұмысына тікелей байланысты екендігін атап көрсетті.

Жаңғыруды кадрлар жасайды. Қызметкерлерді оқыту, қайта оқыту үдерістерін жетілдіру, қажетті әлеуеттік жағдай жасау қажет. Бұл алдымен инженерлік оқытуға байланысты.

- Мен сіздердің Батыс Қазақстанда, елдің орталығында, шығысында құрылған оқу орталықтарында боламын. Инженерлік мамандық бойынша жоғары білікті жұмысшыларға білім беретін аталған орталықтар қуантады. Ендігі ке­зекте компаниялардың топ-менедж­мен­тін жетілдіру бағытында осындай оқуларды ұйымдастыруды ұтымпау керек, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке шетел­дік инвесторлармен бірлесе отырып, білім және кадрлық модернизациялау мәселелері жөнінде нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.

Төртінші. Жаңғыртудың негізі инновациялар болып табылады.

- Тиімді инновациялық-экономиканы құру – тіпті жоғары дамыған ел үшін де күр­делі істердің бірі. Мен Кеңес одағы эко­номикалық жүйесінде жұмыс істеген адаммын. Енді жаңа жүйеде жұмыс жасап жатырмын. Мен Кеңес одағы өнеркәсібінің дамыған елдерден қан­ша­лықты артта қалғандығын және оның себептерін жақсы білемін. Сондықтан да мен бұл міндетті өте күрделі деп есептеймін, - деп атап өтті Президент.

Осы кездесу өткізіліп отырған жаңа халықаралық университет тек өткен жылы ғана құрылды. Ол енді әлемдік деңгейдегі ғылыми орталыққа, «болашақ инновациясын» әзірлеудің тәжі­рибе көзіне айналуы тиіс.

- Бұл университет – ерекше оқу орны. Ол үшін арнаулы заң қабылданды. Уни­верситет қазақстандық емес, батыстық университеттердің жүйесі мен тәртібі бойынша жұмыс істейді. Мұнда оқыту тек ағылшын тілінде ғана жүр­гізіледі. Оған талантты балаларды іріктеп алу үшін 20 интеллектуалдық мектеп құ­рылды. Университет әлемнің көптеген университеттерімен бір­ігіп жұмыс істеуде. Мұнда амери­ка­лық, еуропалық және шығыстық университеттердің профессорлары са­бақ береді, - деді Мемлекет басшысы.

Өсімнің екінші нүктесі -  инновациялық технологиялар паркі ретінде қайта құрылып отырған Алма­ты­дағы «Алатау» ақпараттық-техноло­гия­лық паркі. Ол инновацияларды нақты жүзеге асырудың орталығына айналуы тиіс.

- Мен бұл екі инновациялық орталықтың стратегиялық міндеттерін іске асыруды жеке бақылауыма аламын, олардың Қамқоршылық кеңесіне басшылық жасаймын. Осыған орай, шетелдік инвесторларды осы университет қоры негізіндегі қаражатты толықтыруға белсене қатысуға, аталған орталықтарды дамыту жөнінде әріптестікке шақырамын. Біздің ұлттық компанияларымыз белсене қатысатын болады. Біз осында бірнеше жүз миллион доллар қаражатты жинақтай алдық. Бүгін Машкевич мырза айтқандай, біздің ұлттық компанияларымыз бұл іске белсенді атсалысты, мен оларға бұл жұмыстары үшін өз ризашылығымды білдіремін. Сіздер де, құрметті біздің достарымыз, Кеңестің мүшелері, аталған университеттің қорын өз қаражаттарыңызбен толықтыруға көмек көрсетіп, қолдарсыздар деп сенемін. Қазақстанның мұнай-газ саласының Контурлық жоспарын әзірлеуде Үкіметке көрсеткен көмегі үшін «Шелл» компаниясының жағымды белсенділігін атап өткім келеді, - деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке инвесторлармен бірге осындай үлгілер негізінде салааралық ғылыми-технологиялық жоспарды дамыту ісін және экономиканың өзге де басым бағыттарын аяғына дейін жеткізуді тапсырды.

- Мен Бихсел мырзаның Қазақстанның ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайту бағытында «Жол картасын» әзірлеу жөніндегі бастамасын толық қолдаймын. Бізге қалыптасқан мәселелерді шешу үшін қандай технология мен ресурстар қажеттігін, әрбір технологиялық міндетті шешуге қандай институттар мен кәсіпорындарды тарту керектігін, қандай адамдарды қай мамандыққа оқыту қажеттігін білу қажет. Үкімет және ірі кәсіпорындар технологиялық және инновациялық келісімдерді қорытындылау мәселесіне оралулары қажет. Шетелдік инвесторларды нақтылай ұсыныстар бар деп сенемін. Оны бірлесіп іске асыруға кіріселік,- деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан аймақтық және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға ұмтылып отырған ел екенін атап өтті. Сондықтан мемлекетте ықпалдасу шаралары сатылап жүргізіліп келеді. Бұл мәселе бойынша, еліміз әсіресе Кедендік одақ аясында және Ресеймен, Беларусьпен Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыру шараларынан жақсы тәжірибе жинақтады. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына  кіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен шекаралық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Сонымен бірге, Еуропалық Одақпен, АҚШ-пен, Таяу Шығыс және Азия елдерімен де стратегиялық әріптестік бірмезгілде нығаюда.

Өткен жылы желтоқсанда Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті, ағымдағы жылы құрамына 57 мемлекет кіретін Ислам конференциясы ұйымына Қазақстанның төрағалық етуі, келесі айда Астанада құрылғанына 10 жыл толуын атап өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының аумақтық ықпалдастық бірлестіктеріне белсене араласуы Қазақстанның аймақтық және халықаралық аренадағы рөлі мен танымалдығының артуының айқын дәлелі.

Қазақстан әлемдік экономиканың белсенді қатысушысы болуға ұмтылып отыр.

- Осыған байланысты біздің еліміздің алдына, Үкімет алдына 2016 жылға таман Қазақстанды әлемдік сау­да, логистикалық және іскерлік хаб ретінде қалыптастыру ісін қамтамасыз ету жөнінде міндет жүктелді. Біз транзиттік әлеуетті дамы­тудамыз, жұмыс күштерінің, жүктердің өтуін жеңілдетудеміз, дамыған логисти­калық және көліктік инфрақұрылым­дарды құрудамыз. Біз «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» секілді ірі жобаны іске асырудамыз. Оның ұзақтығы Қазақстан бойынша 2700 шақырым. Бұл жобаны келесі жылы аяқтаймыз. Сонымен қатар, Кас­пий теңізіндегі Ақтау портын дамыту, Қытай Халық Республикасына, Иранға, Парсы шығанағына екінші темір жол салу, Алматыны ірі іскерлік және қар­жы орталығына айналдыру, туризмді көтеріп, қызмет көрсету саласын жан­дандыру секілді ауқымды істермен шұғылданудамыз. Бұл жұмыстардың барлығының басты ұраны – «Қазақстан - сіздер өздеріңіз үшін, біздің еліміз үшін еңбек етіп, бизнес жасап және өмір сүретін қолайлы ел!» болуы тиіс – деді Президент.

Мемлекет басшысы алда тұрған міндеттерді ескере отырып, Шетелдік инвесторлар кеңесінің ке­лесі отырысында Қазақстанды сауда, ло­гистикалық іскерлік және қаржы орталы­ғының халықаралық хабы ретін­де қалып­тастыру мәселесін талқылауды ұсынды.

Президент сөзінің соңында, Шетелдік инвесторлар кеңесінің барлық мүшелеріне Қазақстан экономикасын жаңғыртуға белсене көмектескендері үшін алғыс айтты және осы істе әрқайсына шын ниеттен табыс тіледі.

- Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз Қазақстан халқының игілігі үшін барлық белгіленген жоспарды іске асыра алатынымызға сенемін. Сіздер мұны бірнеше мәрте дәлелдедіңіздер, келешекте де дәлелдейсіздер деп ойлаймын. Осы жылдар ішінде мен сіздердің Қазақстандағы бизнестеріңізге көмектесуге ұмтылдым, кейде мен тасымалдау, өндіріс жөніндегі ірі мәселелерді, заңнамалық мәселені, шенеуніктердің араласуы барысындағы істерді шешуге көмектестім. Біз бұл мәселелерді әрдайым табысты шештік. Біз биылғы жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтеміз. Бұл, әрние, мереке. Біз мерекені думандатып өткізуді соншалықты қаламаймыз, бірақ келесі 20 жылдықтағы жолымызды белгілейміз. Өткен 20 жылда біз бірге болдық. Әрине, сіздер 20 жылдыққа арналған салтанаттың басты қонағы болуларыңыз керек, мен сіздерді шақырамын. Ағымдағы жылы          еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығын атап өтуге байланысты бірнеше жоғары деңгейдегі экономикалық форум­дар мен іс-шаралар өткізу жоспарланған. Сондықтан Шетелдік инвесторлары кеңесінің келесі мерейтойлық 25-ші отырысын 2012 жылдың 22 мамырында Астанада, V Астана экономикалық форумының қарсаңында өткізуді ұсынамын және сіздерді оған қатысуға шақырамын, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев өткен жолғы кеңестегі келісімге сәйкес, Шетелдік инвесторлары кеңесінің отырысы ендігі кезекте бұрынғыдай жылына екі рет емес, жылына бір рет өтетінін айтты.

- Алғашқы жылдарда біздің және сіздердің мәселелеріңізді шешу үшін біз жиі жиналып отырдық. Өздеріңіз көріп отырсыздар, біз алға қадам бастық. Енді біз елдің даму деңгейінің көтерілуіне байланысты мүл­дем басқа мәселелерді талқылау үс­тіндеміз. Сондықтан кеңес отырысын ендігі кезекте жылына бір рет өткізсек де жеткілікті болар, ал төтенше проб­лемалар пайда бола қалған жағдайда мен оны сіздермен бірлесіп шешуге қашан да болсын әзірмін. Сіздердің біздің Экономикалық форумға қатысуларыңыз өте қызықты болар еді деп ойлаймын. Биылғы жылы бұл Форумға 7 Нобель сыйлығының лауреаттарын есептегенде, 80 елден 5 000 адам  қатысты. Осы форум аясындағы Инновациялық конгресс, «Астана-Инвест» Инвестициялық форумы, Еуразиялық іскерлер конгресі және тағы басқа секциялар жұмысына қатысу Сіздер үшін қызықты әрі пайдалы болатын еді. Егер қарсылық болмаса, Шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі мәжілісінің өтетін орны мен уақыты бекітілсін. Мен ұсынғандай, келесі отырыс: «Қазақстан - халықаралық сауда, логистикалық, іскерлік және қаржы хабы» атты тақырыппен өтеді, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Кеңестің келесі 25-ші отырысы мерейтойлық жиын екенін атап өтті. Сондықтан бұл отырысты Қазақстанның 20 жылдың ішінде шетелдік инвестицияны тарту саласындағы жетістіктеріне арнауға болады.

- Сондай-ақ, біз сіздердің Қазақстандағы компанияларыңыздың осы жылдар ішінде біздің бірлескен жұмысымызда қол жеткізген табыстарын атап өте аламыз. Осыған байланысты біз 2008 жылы қолға алғандай, Кеңес мүшелеріне, «Қазақстанның үздік шетел инвесторы» конкурсын ұйымдастыруды тапсырамын. Конкурстың қорытындысын кеңестің келесі отырысында шығарамыз. Исекешев бақылауға алсын. Аталымдарды, өлшемдерді анықтап, нақты да кеңінен қамтуды ұйымдастыруды қамтамасыз етіңіздер. Бұл өте ынталандырушы әрі символдық мәні бар іс-шара болмақ, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент кеңеске қатысушыларға оның жұмысына белсене қатысқандары үшін, жаңа Астанаға келіп, жаңа университеттің жұмысымен танысып, атқарылып жатқан шараларға қолдау білдіргендері үшін алғысын жеткізе келе, оларға зор денсаулық, істеріне табыс пен игілік тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес отырысын жабық деп жариялады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар