Жаңалықтар

8 сәуір 2011
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісуінің салтанатты рәсімі болып өтті.

01

02

03

04

Рәсім Тәуелсіздік сарайындағы Үлкен залға Мемлекеттік Ту, Президенттің штандартын және Қазақстан Республикасының Конституциясын салтанатты түрде әкелумен басталды.

Мемлекет басшысының кортежі «Ақорда» Президент сарайынан шығып, «Қазақ Елі» монументі алаңына келді. Мемлекет басшысына қолдау көрсету үшін алаңға 40 мыңнан астам астана тұрғындары мен қонақтары жиналды. Алаңда кілем төлеген жолдың ұзына бойына әскердің парадтық есебі сап түзеген.

Артиллериядан залп беріліп, Мемлекет басшысы Тәуелсіздік сарайына келіп кірді. Ол жерде жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президентіне Республикалық Ұланның қолбасшысы А. Тасболатов рапорт берді.

Тәуелсіздік сарайының Үлкен залында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов Конституцияның 42 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап қызметіне кірісетінін жария етті.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оң қолын Республика Конституциясына қойып, ант берді:

- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалу барысында 21 рет артиллериялық залп берілді.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.

Мемлекет басшысы ұлықтау салтанатында сөз сөйледі.

- Тәуелсіздіктің 20-шы жылдығында бүкілхалықтың таңдауымен Мемлекет басшысы болып сайлануым, бірегей көпұлтты елімнің Лидері миссиясын жалғастыруым мен үшін үлкен құрмет. Мен осы сайлауда маған шынайы қолдауын көрсеткен барша қазақстандықтарға зор ризашылығымды білдіремін. Бұл біздің туған Қазақстанымыз қол жеткізген, осындай табысты мемлекетті құру жолындағы біздің ортақ еңбегіміздің ең жақсы бағасы! Мен күллі әлем бойынша біздің елдің шын ниетті барлық достарына шын жүректен алғысымды айтамын. Өздеріңіз білетіндей, мен Ресей, Қытай, ТМД елдері мен Еуроодақ және өзге де көп елден көптеген құттықтаулар алдым. Мен оларды ризашылық сезіммен қабыл аламын, өйткені оларда – тек қазақстандықтарға ғана емес, сондай-ақ біздің стратегиялық бағытымызға деген шынайы қолдаулар білдірілген, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Президент өткен сайлау тек қазіргі заманғы Қазақстан тарихындағы ғана емес, сарапшылар есептейтіндей, бүкіл Орталық Азиядағы ең жақсы ұйымдастырылған және демократиялық сайлау болғанын атап өтті.

- Біз экономикалық қиындықты еңсердік, тиімді экономиканы құрдық, жаһандық заманауи әлемге кіріге бастадық. Біз дағдарысқа қарсы шараларымыздың арқасында әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыстың қауіп-қатерлеріне қарсы тұра алдық, соның нәтижесінде ең ауыр жаһандық дағдарыстан сүрінбей шықтық. Біз үдемелі индустриялдық және инновациялық дамуға үміт арттық, - деп қадап айтты Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан бойынша жаңа өндіріс орындары құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанына тоқталды. Бүгінде Қазақстан алға қойған мақсатына - әлемнің ең бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енуге сеніммен қадам басып келеді. Бірқатар көрсеткіштер бойынша еліміз қазіргі кезде әлемнің алғашқы елу елінің қатарына қосылды.

- Біз кәсіпкерлік топты қолдадық, оны экономика дамуының нақты және тиімді қатысушысы қатарына қостық. Біз 2020 жылға қарай шағын және орта бизнестің үлесі еліміздің ІЖӨ-нің кемінде 40 пайызын құрайды деп есептеп отырмыз. Біз жаңа тіке және портфельдік шетел инвестициясын тарту үшін ашық экономиканы дамытудамыз. Біз шетел және жергілікті инвесторлардың индустриализацияландыруға қатысуы үшін бірдей жағдай жасау ниетіндеміз. Бүгінде дағдарыстан кейінгі экономикалық өсімді 7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ете отырып, біз қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттырдық және әлеуметтік дамуға шешімді бетбұрыс жасадық. Біз қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы ретінде білімді дамытудамыз. Біз денсаулық сақтау жүйесін XXI ғасырдағы халықаралық стандарттарға бейімдей отырып, жетілдірудеміз. Халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейі өткен жылдың қорытындысы бойынша 9 мың АҚШ долларына жетті. Біз қоршаған ортаны қорғауға ерекше көңіл бөлеміз. Еліміздің қақ ортасында, Еуразияның інжу маржанына айналған жаңа елорда - Астана бой көтерді. Мен әрдайым өз елімізді заманауи, мықты, алдыңғы қатарлы державалармен тең серіктес мемлекет ретінде көріп келдім. Сондықтан біз ашық либералдық экономикалық және демократиялық саяси жүйедегі Қазақстанды құрудамыз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы XXI ғасырдағы қазақстандық табыстың негізгі төрт тағдырлы түсінігін атап өтті. Бұл – жаңғырту, халықтың әл-ауқаты, инновация, интеграция. Жаңғырту – барлық мемлекеттік саясаттың басты өзегі. Халықтың әл-ауқаты – еліміздің прогресінің негізгі шарты. Инновация мен ғылыми жаңалықтар XXI ғасырда Болашаққа серпілісті айқындайтын болады. Қазақстан батыл инновация, ғылыми зертханалар мен заманауи өндірістерде қан мен терге малшынып, өмірге жолдама алатын елге айналуы тиіс.

- Бұл үшін біз бүгіннен бастап «жүз абсолютті инновация» іздестіруге кірісуіміз керек. Олардың арасынан біз он ең таңдаулы перспективалық жобаны алып, оларды таяу жиырма жылда іске асыруды қарастыратын боламыз. Осының барлығы Қазақстанның алға қарқынды жылжуы үшін тірек болуы тиіс. Бұл еліміздің дамуын айқындайтын ұлттық инновациялық класты қалыптастыру кілті. Үшінші онжылдықтың бастапқы кезінде біз Қазақстанның әлемнің индустриясы дамыған елдерінің қатарына ену үшін барлық жағдайды жасаймыз. Осылайша біз тарихи «Қазақстан-2030» Стратегиясын зор жеңіспен аяқтаймыз. Одан кейін барып келесі онжылдықта атқаратын ірі жоспарларды әзірлеуге кірісеміз, әрине, оларды біздің балаларымыз бен немерелеріміз орындайтын болады және біздің өздері үшін қуатты база жасағанымызды еске алатын болады, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент күллі әлем үшін ашық екенімізді, интеграция – бұл Қазақстанның саналы таңдауы екендігін айтты. Қазақстан Ресеймен, Беларусьпен бірлесіп Кеден одағын дамытады, таяу жылда Еуразиялық экономикалық одақ құрылатын болады. Қазақстан Қытай Халық Республикаымен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту ұстанымын ұстанады. Еліміз Америка Құрама Штаттарымен және Еуропалық Одақ елдерімен стратегиялық серіктестікті нығайту мақсатын көздейді. Қазақстан Орталық Азиядағы көршілерімен және түркі тілдес елдермен тығыз өзара іс-қимыл жүргізетін болады. Қазақстан биылғы жылы ИКҰ төрағалығы аясында мұсылман әлемімен ынтымақтастықты кеңейте түседі. Орталық Азиядағы қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыру Қазақстанның ЕҚЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ және ҰҚШҰ қызметіне белсене қатысуына, сондай-ақ НАТО -мен серіктестікті кеңейтуіне байланысты болмақ.

- Мен қазақстандық ұлт тұрақтылық пен гүлдену жолын табысты жалғастыратынына сенемін. Біздің болашақтағы жеңісіміз ұлттың абыройы мен қадір-қасиетін құрайтынына, біздің еліміздің қуатын молайта түсетініне сенемін. Бүгінгі Қазақстан – өз алдына ең биік мақсаттар қоя білетін және оған қол жеткізе алатын,  күшті амбициялы, мақсаткер ел. Біз оны дәлелдедік. Біз оны тағы да дәлелдейміз. Мен Қазақстан халқына сенемін, өз еліме сенемін! – деді Мемлекет басшысы.

Ұлықтау рәсімі аяқталғаннан кейін Тәуелсіздік сарайы алдындағы алаңда ел Президенті – Қазақстан Республикасының Жоғары Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтен рапорт қабылдады. Мемлекет басшысының алдынан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өкілдері салтанатты саппен жүріп өтті.

Ұлықтау рәсіміне Жоғарғы Соттың судьялары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, Үкімет мүшелері, облыстардың, Астана мен Астана қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау есеп комитеті, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президенттікке кандидаттар, Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері, сенімді өкілдері, қоғамдық-саяси бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, көрнекті ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, республиканың іскер топтарының өкілдері қатысты. Рәсімге барлығы 3 мыңнан астам адам шақырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы 2011 жылғы 3 сәуірде өтті. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге 8 279 227 адам немесе сайлаушылардың 89,98 пайызы қатысты. Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 7 850 958-і дауыс берген, бұл дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 95,55 пайызын құрайды.

Президенттің ұлықтау рәсіміндегі сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар