Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

3 қыркүйек 2008
Астанаға Германия Федеративтік Республикасының Федералды Президенті Хорст Кёлер мемлекеттік сапармен келді.
big-011.jpg

Ақордадағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Н.Назарбаев пен Х.Кёлер шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, онда саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективасын талқылады.


Келіссөздер барысында Президент Н.Назарбаев Қазақстан мен Германия барлық деңгейдегі: парламенттік, үкіметтік, ведомствоаралық және іскерлік екіжақты байланыстарды қолдайтынын атап өтті.


- Қазақстан ГФР-дың Орталық Азиядағы жетекші экономикалық әріптесі, ал Германия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда әріптестерінің бірі болып табылады, - деді Мемлекет басшысы.


Өткен жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 26%-ға өсіп, 3 миллиард долларға жетті.


Келіссөздер барысында Президенттер инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне айрықша назар аударды. Германия Қазақстан нарығында ұзақ әрі табысты жұмыс істеп келген жетекші инвестор елдердің бірі. ГФР-дың Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жалпы көлемі 3,5 млрд. доллардан асады. Қазақстанда герман капиталының қатысуымен 700-ге тарта кәсіпорын тіркелген.


Сондай-ақ келіссөздер барысында ЕҚЫҰ аясындағы екіжақты өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды. Қазақстан өзінің 2010 жылы Ұйымға төрағалық ететінін ескере отырып, Германиямен ынтымақтастықты дамытуға зор маңыз беретіні атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаев Х.Кёлерді осы жазда әлемнің 56 елінен делегациялардың қатысуымен ЕҚЫҰ Парламеттік Ассамблеясының 17-ші жыл сайынғы сессиясы табысты өткізілгені жөнінде хабардар етті. Беделді форум тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ның азиялық бөлігінде өткізілді.


Гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылау аясында Президент Н.Назарбаев Қазақстандағы бірнеше мыңдаған неміс диаспорасы мен ГФР-ға қоныс аударған миллионнан астам қазақстандық немістер «халықтық дипломатия» мен мәдени алмасулардың алтын көпіріне айналғанын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан басшысы 2009 жылы Германиядағы Қазақстан жылын және 2010 жылы Қазақстандағы Германия жылын өткізу туралы ұсыныс жасады.


Өз кезегінде Германияның Федералды Президенті Хорст Кёлер Қазақстанды 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық (ЕҚЫҰ) ұйымына төрағалыққа сайлануымен құттықтады.


- Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Кавказдағы қақтығысты реттеуге маңызды үлес қосады, - деп атап өтті Х.Кёлер.


Германия Федералды Президентінің мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы болашақтың игілігі жолындағы әріптестік туралы Бірлескен мәлімдемеге, сондай-ақ ҚР Индустрия және сауда министрлігі мен ГФР Экономика және технологиялар федералды министрлігі арасындағы 2011 жылға дейінгі кезеңге арналған инновациялық-инвестициялық әріптестікті қалыптастыру туралы келісімге және Қазақстан мен Германия Үкіметтері арасындағы Алматыдағы қазақстан-неміс университетін дамыту жөніндегі одан әрі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.


Келіссөздерден кейін Мемлекет басшыларының бірлескен баспасөз мәслихаты болып өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар