Жаңалықтар

13 маусым 2009
Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының екінші күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Зеленов ауданы Белес ауылына барып, алдымен жаздық дақылдар мен күздік бидай алқаптарын аралап көрді.

 

Содан кейін Президент Чинарев кен орнын игеріп жатқан «Жайықмұнай» ЖШС мұнай терминалында болды.

Жалпы қоры 48,7 млрд. текше метр газ бен 35 млн. тонна мұнайды құрайтын Чинарев кен орнында мұнай өндіру кешені, Чинарев – Белес ауылы бағыты бойынша ұзындығы 120 шақырымды құрайтын мұнай құбыры, қуаттылығы жылына 2 млн. тонна мұнай өндіретін мұнай құю терминалы салынған, сондай-ақ газды кешенді дайындау қондырғысының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ мұнда Нұрсұлтан Назарбаевқа кен орнының макеттері, газбен жабдықтаудың, газ құбырының және жабдықтарының схемасы таныстырылды.

Сол күні Елбасы «Агротраст» ЖШС-інің салынып жатқан диірмен кешенін аралап көрді. Аталған жобаның құны 1 млрд. теңгені құрайды. Жобалық қуаттылығы тәулігіне 150 тонна болатын диірменді осы жылғы тамызда іске қосу жоспарланып отыр.

Жұмыс сапарының соңында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік өнімдер мен асыл тұқымды мал шаруашылығы көрмесінде болды.

Көрмеге жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев бүгінгі таңда Қазақстанның ауыл шаруашылығы ел экономикасын дамытудың басты саласы болып табылатынын атап өтті.

- Жыл сайын Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларына үлкен қаражат бөлінеді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығына 320 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр, оның 8,5 млрд. Батыс Қазақстан облысына берілмек. Біздің мақсатымыз өз қажеттілігімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ өнімді шет елдерге экспорттау болып табылады, - деді ол.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар