Жаңалықтар

5 шілде 2008
Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан елордасының 10 жылдық мерекесіне арналған салтанатты жиналыс болып өтті.

Осыдан 14 жыл бұрын, 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астананы Алматыдан Астанаға көшіру жөніндегі идеясын алғаш рет жария еткен болатын. Бірнеше жылдан кейін Елбасымыздың осы бастамасы жүзеге асырылды.


Салтанатты жиналыста сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осы он жыл ішінде әлемге танылған Астана Қазақстанды да әлемге әйгілі еткенін атап өтті. Сарыарқа төсінен бой көтерген Астана бүгінде еліміздің мақтанышына, даламыздың көркіне айналып отыр.


- Астананың тарихы – біздің еліміздің тәуелсіздігінің тарихынан ажырағысыз. Жаңа елорданың өмірге келуі біз үшін ақиқаттың сәті болмақ. Әр мемлекеттің өзінің символдары бар. Оны еске алған кезде азаматтардың жүректері қаттырақ соғып, көңілдері абырой мен мақтанышқа толады. Біз үшін Астанамыз осындай символ болып табылады, - деді Мемлекет басшысы.


- Тәуелсіздіктің негізгі мәні - тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр, - деп атап өтті Елбасы.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінқараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар