Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

3 шілде 2009
Бейбітшілік және келісім сарайында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезін ашты.

Форум жұмысына әлемнің 35 елінен 77 делегация қатысуда, олар дүниежүзіндегі барлық әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялардың өкілдері болып табылады. Олардың қатарында Бүкіләлемдік ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла Бен Әбдел Мухсин ат-Түрки, Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесінің президенті Кардинал Жан-Луи Торан, Астана және Алматы митрополиті Мефодий, Дүниежүзілік лютеран федерациясының Бас хатшысы Ишмаэль Ноко, Қытай буддистері қауымдастығы төрағасының орынбасары Сюе Чэн, Израильдің Бас ашкеназийлер раввині Йона Мецгер, Қытай даосистері қауымдастығының төрағасы Жэнь Фажун, «Джинджя Хончё» жапон синтоисттік храмының вице-президенті Цунекиё Танака, Дүниежүзілік Заратуштры мәдени мұрасы кеңесінің президенті (Үндістан) д-р Хоми Буржор Дхалла және басқалар бар.

 

Алқалы жиынға Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Перес, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Сергей Орджоникидзе, ЮНЕСКО Атқару кеңесінің төрағасы Олабий Бабалола Жозеф Яй, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо сияқты танымал саясат және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ әртүрлі елдердің заң шығарушы органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері құрметті қонақ ретінде шақырылып отыр.

 

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне шақыруды қабыл алып, бүгінгі алқалы жиынға қатысып отырған шетелдік делегация өкілдеріне қазақстандықтар атынан шынайы ризашылығын білдірді.

 

- Адамзатқа ортақ құндылықтарды жинақтап, ортаға салып ой бөлісіп, өркениеттер үндестігін нығайтсақ деген ізгі мақсат, асыл мұраттар сіздерді Астана қаласына топтастырып отыр, - деді Н.Назарбаев.

 

Президент бүкіл әлемнің түпкір-түпкірінде Съезд жұмысына қатысуды өздері үшін маңызды деп санайтын діни, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлердің артып келе жатқанын атап өтті.

 

Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі посткеңестік кеңістікте ең сәтті үлгілердің бірі ретінде танылып отыр. Елде 3200-ге жуық мешіт, шіркеулер мен ғибадатханалар жұмыс істейді. Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды. Мемлекеттің қолдауымен Ислам мәдениеті мен білім беру қоры құрылуда.

 

- Біз осы ғасырлар бойы қалыптасқан адамгершілік талаптарын бүкіл адамзат баласына жеткізудегі өз міндетімізді сезінеміз, - деп мәлімдеді Президент.

 

Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ тарапынан қолдау тапқан маңызды бастамаларының бірі – 2010 жылды «Халықаралық мәдениеттер жақындастығы жылы» деп жариялау екендігін атап өтті. Қазақстанға сондай-ақ алдағы жылдары Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына және Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ету сеніп тапсырылды.

 

Қазақстанның бастамасы бойынша шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі де қазіргі заманғы әлем діндері арасындағы жаһандық диалогтың басты әрі ықпалды құралына айналды.

 

Президент адамзат жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарысты басынан өткеріп отырғанда, үздіксіз рухани өзін-өзі жетілдіру қажеттілігі екінші қатарға ысырылып қалғанына назар аударды. Көп адамдар әлемді материалдық құндылықтар – ақша, қанағатсыздық пен ессіз табыс соңына түсу билеп алғанына көз жұмып қарайды.

 

Осыған байланысты Мемлекет басшысы алдыңғы орында адамгершілік бастаулары тұруы тиіс деген пікір білдірді.

 

- Осы бір маңызды құралсыз дағдарыстан қоғам дамуының аса жоғары траекториясына шығу мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

 

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі дағдарыс әлемнің өзгеруіне, адамзаттың әділ экономикалық және саяси үлгіге, мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынасқа, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа қадамдарына, жоғары адамгершілік пен ізгілікке негізделген әлемдегі тыныштық туралы ежелгі арманын жүзеге асыруға бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

Барлық кезеңдерде дін басшылары жоғары рухани құндылықтардың сақтаушылары болып келді және болып қала бермек. Сондықтан да қазіргідей қиын уақытта дін қайраткерлеріне ерекше үміт артылады.

 

Форумға қатысушыларға арнап Бүкіләлемдік ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла Бен Әбдел Мухсин ат-Түрки, Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Перес, Әл-Азхар университетінің Жоғарғы имамы Шейх Мұхаммад Саид Тантауи, Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла Әл аш-Шейх, Израильдің Бас ашкеназийлер раввині Йона Мецгер, Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесінің президенті Кардинал Жан-Луи Торан, Буддашылардың дүниежүзілік федерациясының вице-президенті Хамба лама Чойжилжавын Дамбажав, Мысыр Араб Республикасының өкілі Махмұд Хамди Закзук, Дүниежүзілік лютеран федерациясының Бас хатшысы Ишмаэль Ноко, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Сергей Орджоникидзе құттықтау сөз сөйледі.

 

Түстен кейін Съезд жұмысы «Толеранттылыққа, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген әлемді тұрғызудағы діни жетекшілердің рөлі» тақырыбы бойынша пленарлық сессияда жалғасты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар