Жаңалықтар

31 қаңтар 2008
Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев АҚШ Қорғаныс министрінің көмекшісі Митчелл Шиверспен кездесті.

Тараптар екі елдің қарулы күштері арасындағы тығыз өзара ықпалдастық қазақстан-америка стратегиялық әріптестігінің маңызды және серпінді салаларының бірі болып табылатынын атап өтті. Қазақстанның Ауғанстандағы халықаралық коалицияға көрсеткен көмегін және Қазақстан мен АҚШ әскери қызметшілерінің бірлескен оқу-жаттығуларға қатысуын қамтитын мұндай ынтымақтастық өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудың маңызды факторы болып табылады, сондай-ақ халықаралық лаңкестікке қарсы бірлескен күреске айрықша үлес қосады.


2003-2008 жылдарға арналған екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастықтың бесжылдық жоспарын табысты жүзеге асыру ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге оңтайлы алғышарт болғандығы атап көрсетілді. Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен осындай ынтымақтастық жоспарын жүзеге асырып отырған осы өңірдегі жалғыз мемлекет.


Аталған жоспар аясында кең ауқымды әскери-техникалық бағдарламалар жүзеге асырылды. Оның ішінде Қазақстанның Қарулы Күштері үшін 50-ден астам «Хаммер» автокөлігін, осы автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашу, екі «Хьюи-2» маркалы тікұшақ, қазақстандық «Қазбриг» бітімгершілік бригадасына қажетті арнайы құрал-жабдықтар мен мүліктер жеткізу, сондай-ақ АҚШ-тың жетекші әскери оқу орындарында білім алатын қазақстандық әскери қызметшілердің санын көбейту.


- Бізді екі елдің қорғаныс ведомствалары арасындағы ынтымақтастық серпіні қанағаттандырады, бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақсатына және Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік рухына толық жауап береді. 2008-2012 жылдарға арналған әскери ынтымақтастықтың жаңа бесжылдық жоспарын қабылдау екіжақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға қызмет етеді, - деп мәлімдеді Мемлекеттік хатшы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар