Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

14 маусым 2011
Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен 2011 жылғы Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті.

Отырыста жоғары марапатқа ұсынылған жұмыстар бойынша тақырыптық секциялардың ұсынымдары мен мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындылары қаралды.

– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығында  Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын алуға үміткерлерді іріктеу біздің комиссияға ерекше жауапкершілікті жүктейді. Біз ұсынылған жұмыстарды бағалауда ерекше принципті болуға және Мемлекеттік сыйлық берілетін Жарлықта Президент Н.Назарбаев көрсеткен жоғары өлшемдерді басшылыққа алуға тиіспіз. Бұл өлшемдердің анық және нақты екені белгілі. Мемлекеттік сыйлықтан үміткер әрбір жұмыс алдымен отандық ғылымда серпінді болып, өз саласында әлемдік баламалардан асып түсіп және елдің ғылыми-техникалық дамуына елеулі үлес қосуы тиіс. Сондықтан Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы мемлекеттік сыйлығы тек Отанның жоғары наградасы ғана емес, сондай-ақ еліміздің одан әрі ғылыми-техникалық ілгерілеуінің маңызды ынталандырушысы болуы тиіс. Біздің міндетіміз – Мемлекет басшысына ұсынылған жұмыстардың ішінен мемлекеттік сыйлықты беру үшін нағыз лайықты еңбекті ұсыну, – деп атап өтті Қ.Саудабаев.

Отырыс қорытындысы бойынша ғылыми-техникалық сараптамадан және комиссия секцияларында алдын ала қараудан өткен жұмыстар іріктеліп алынды.  Іріктеуден өткен жұмыстардың тізімі одан әрі кеңінен қоғамдық талқылау үшін «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің таяу арадағы нөмірінде  жарияланатын болады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар