Жаңалықтар

30 қазан 2008
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін келген Ұйымға мүше мемлекеттердің делегациялары басшыларын қабылдады.

Елбасымен болған кездесуге Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Вэнь Цзябао, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі Акил Акилов, Өзбекстан Республикасының Вице-Премьер-Министрі Рустам Азимов қатысты.


Кездесуге сондай-ақ ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекеттердің өкілдері қатысты. Оның ішінде Индия Республикасының Энергетика министрі Сушилкумар, Иран Ислам Республикасының Бірінші вице-президенті Парвиз Давуди, Моңғолия Премьер-Министрі Санжагийн Баяр, Пәкістан Ислам Республикасының Қорғаныс министрі Чаудри Ахмед Мухтар бар.


Кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев Ұйымға мүше мемлекеттер Үкімет басшылары кеңесінің бүгінгі отырысы жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында өтіп отырғанын атап өтті. Оның нәтижесінде әлемдік экономиканың даму қарқынының төмендеуі байқалуда, әлемдік ірі банктер мен қаржы институттарының шығындары миллиардтаған долларға жетіп жығылуда.


- Көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келген әлемдік қаржы жүйесінің конфигурациясы көз алдымызда өзгеріп жатыр. Әлемдік қаржы жүйесі енді бұрынғыдай болмайтындығы анық, яғни бұл мәселе жаңа тәсілдерді талап етеді, - деді Мемлекет басшысы.


Н.Назарбаев қалыптасып отырған жағдай Үкімет басшыларына үлкен жұмыс пен зор жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. ШЫҰ мүше елдерге дағдарысты құбылыстарды еңсеру бойынша және одан ең төменгі шығындармен өту үшін жүйелі шаралар әзірлеу қажет.


- ШЫҰ мүше мемлекеттер Ұйым қуатты қаржылық-экономикалық бірлестік болу үшін барлық қажетті құрамдауыштарға ие. Алайда, экономикалық ынтымақтастықты арттыруды біздің өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінен бөліп қарастыру мүмкін емес, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.


Қазақстан ШЫҰ кеңістігіндегі қазіргі жағдайды тұтастай алғанда тұрақты әрі болжамды деп қарастырады. Алайда, сонымен бір мезгілде өңірде әлі күнге дейін біздің елдеріміздің тұрақты дамуына, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін салмақты тәуекелдердің, қауіп-қатерлердің бары бізді алаңдатпай қоймайды.


Әлемдік және өңірлік проблемаларды өз бетінше бірде-бір мемлекет шеше алмайды. Осы орайда Шанхай ұйымы еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастықтың генераторы болып отыр.


Қазақстан Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың болашаққа бағытталған қарым-қатынас орнатуына белсенді жәрдемдесіп отыр.


Мемлекет басшысы делегациялар басшыларының назарын қазіргі уақытта Ұйымның күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелерге аударды.


- Олар – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, біртұтас көлік жүйесін құру, суды пайдалану проблемасын шешу, заңсыз көші-қонға және эпидемияға қарсы тұру. Сонымен қатар біз елдеріміздің мәдени және гуманитарлық байланыстарына көп көңіл бөлу жөнінде уағдаластық, - деп атап өтті Президент.


Н.Назарбаев ШЫҰ Үкімет басшылар кеңесінің отырысы барысында талдаудан өткізіп, жедел жүзеге асыруды қажет ететін сындарлы әрі орынды ұсыныстар мен бастамалар айтылғанын атап өтті.


- Қазақстан ШЫҰ аясындағы әріптестікке үлкен маңыз береді. Біздің еліміз Шанхай руханиятын толық ұстана отырып, осы Ұйым шеңберіндегі ынтымақтасты бұдан былай да тереңдете беретін болады. ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің бүгінгі отырысы Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың одан әрі дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдіремін, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Пікір алмасу барысында Ресей Үкіметінің төрағасы Владимир Путин бүгін Астанада қол қойылған құжаттар мен қабылданған шешімдер Ұйым аясындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге, оның тұрақты органдары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты.


- Ресей алдағы уақытта да ШЫҰ-ның беделі мен ықпалын нығайтуға, барлық бағыттар бойынша біздің ынтымақтастықты тереңдетуге белсенді атсалысады, - деп мәлімдеді В.Путин.


ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Вэнь Цзябао жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында барлық салалардағы, әсіресе қаржы секторындағы өзара ынтымақтастықты күшейту үлкен маңызға ие екендігін атап өтті.


- Бұл ШЫҰ мүше мемлекеттердің әлемдік қаржы жүйесіндегі тұрақтылықты қолдауға қосқан лайықты үлесі болмақ, - деп атап көрсетті Вэнь Цзябао.


Кездесуді қорытындылай келе, Н.Назарбаев осы дағдарыстан сабақ алудың, әр ел өз экономикасын тәртіпке келтірудің қажеттілігіне назар аударды. Әсіресе, Ұйымға мүше мемлекеттер аясында өзара тиімді сауда жүргізуге барынша қолайлы жағдай жасау, өзара есептесудің жаңа формаларын табу аса маңызды болып табылады.


Мемлекет басшысы сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтудің өзектілігін атап көрсетті. Оны дамыту үшін кедерге келтіретін барлық тосқауылдарды жою қажет. Ұйымға мүше елдердің экономикасына өзара инвестиция тарту инфрақұрылымды дамытуға, замануи өндірістер құруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін болады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар