Жаңалықтар

13 қаңтар 2012
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ ПА құрметті президенті, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының Қазақстандағы кезектен тыс парламенттік сайлауды бақылау жөніндегі делегациясының басшысы Жоао Соарешты қабылдады.
01

Әңгімелесу барысында алдағы Қазақстандағы парламенттік сайлау мәселесі мен бақылаушылар миссиясының қызметі талқыланды.

Мемлекет басшысы Жоао Соарешке Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне және 2010 жылы Астана саммитін өткізуге қолдау көрсеткені үшін өз ризашылығын білдірді.

Жоао Соареш Қазақстанның дамып келе жатқанына, елде орасан өзгерістер болып жатқанына өзінің сүйсінетінін атап өтті. Ол Президенттің Жаңаөзен қаласында парламенттік сайлау өткізу туралы шешімін оң бағалағанын,  ЕҚЫҰ бақылаушыларының біраз бөлігі Жаңаөзенде жұмыс істейтінін атап көрсетті.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның барлық халқы сайлауға қатысып, өз дауысын берулері үшін осы шешімді қабылдағанын атап өтті. Мемлекет басшысы елде көп партиялы Парламент болуы үшін Конституцияға өзгерістер енгізу туралы өзі бастама көтергенін айтты. Осы реформаны жылдам іске асыру үшін алдағы Мәжіліс сайлауы мерзімінен бұрын жарияланды.

Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ ПА миссиясының басшысын барлық мемлекеттік органдарға сайлауды таза және транспарентті өткізу туралы тапсырма бергенін, дауыс беру үшін барлығы дайын екені туралы хабардар етті. Сайлауға 900-ге жуық шетелдік бақылаушы қатысатын болады.

Ж. Соареш Астанада жүрген бақылаушылар сайлауға дайындық жасау, елдегі сөз бостандығының сақталуы, осы саладағы жағдайды жақсарту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын нақты көріп отырғандықтарына тоқталды. Ол келесі дүйсенбіде халықаралық қоғамдастық Қазақстанда көп партиялы Парламент құруымен құттықтай алатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы еуропалық саясаткерді Қазақстандағы демократияландыру процесі, экономиканы дамыту және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту туралы толық хабардар етті.

Нұрсұлтан Назарбаев бақылаушылар миссиясының жұмыстарына табыс тіледі және Ж. Соарешті биылғы жылы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезіне қатысуға шақырды.

- Қазақстан Президентімен кездесу кезінде біз парламенттік сайлауды өткізу кезінде ЕҚЫҰ ПА бақылаушылар миссиясының жұмысы туралы мәселені талқыладық. Біз өз бақылаушыларымызды Жаңаөзенге жіберу мүмкіндігі болғанына қуаныштымыз. Біз Қазақстанның билігі тарапынан біздің миссиямызбен ынтымақтастыққа ұмтылысын сезінеміз. Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым. Алғашқы кезден менде сіздердің елге қатысты жағымды көзқарас болды. Мен Қазақстанның қалай дамып келе жатқанын, елордасы Астананың қалай өркендегенін көріп жүрмін, - деді журналистерге арналған брифингте ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының басшысы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар