Жаңалықтар

20 қаңтар 2011
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жұртшылығының өкілдерімен кеңес өткізді.
02

Кеңеске Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Розакул Халмуратов, Парламент депутаты, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Айгүл Соловьева, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы рақымшылық жасау мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы Зинаида Федотова, халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Әбіш Кекілбаев, генерал-лейтенант, Қорғаныс министрлігі бас инспекциясының бастығы, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов, «Әділет» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, «Ауыл» Қазақстан социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев, «Руханият» партиясының төрағасы Серікжан Мәмбеталин, Қазақстан коммунистік халықтық партиясының бірінші хатшысы Владислав Косарев, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлер форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ерлан Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысы орыс әлеуметтік-мәдени орталығының жетекшісі Михаил Панин, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев қатысты.

Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу мәселесі, сондай-ақ референдум өткізу жөніндегі жалпыұлттық бастамасы талқыланды.

- Тәуелсіздік – бұл біздің басты құндылығымыз. Сондықтан мерейтойды мееркелеу әрбір қазақстандық үшін ерекше мән-мағынаға ие. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттілікті нығайтудың, біздің өміріміздің барлық саласын жедел жаңартудың дәуіріне айналды. Бұл жолда Қазақстан көп жетістікке жетті. Тарихи қысқа мерзім ішінде іс жүзінде жаңа мемлекет құрдық. Мемлекеттік басқарудың тиміді институттары құрылды. Саяси жүйеде реформалар табысты жүргізілді, азаматтық қоғам институттары дамуда. Біз тіпті, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында өзінің өміршеңдігін дәлелдеген заманауи рыноктық экономиканы қалыптастырдық. Өткен жылы біздің еліміз ЕҚЫҰ-ға төраға болды және Ұйымның Саммитін өткізді. Ал биылғы жылы біз Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеміз. Жалпы, өткен 20 жыл ішінде біз елімізді нығайттық, одан әрі өсу мен даму үшін қажетті базаны қамтамасыз еттік. Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асты. Біз үшін Тәуелсіздік мерейтойы үлкен мәнге ие болатыны осы себептен. Сондықтан біз оны атап өтуді жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз қажет, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңеске қатысушылар алдағы Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын мерекелеу мәселесін талқылады және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ­­­– Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы жалпыұлттық бастаманы бірауыздан қолдады.

- Биылғы жылы еліміздің барлық азаматтары, Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, барша қазақстандықтар үшін қасиетті құндылық ретінде әділетті атап өткен тарихи оқиғаны – мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін болады. Мерейтойды мерекелеу тұжырымдамасын талқылауға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де тартылған. Біз осы жылдары жаңа мемлекеттің құрылысына қатысымыз барына ерекше мақтаныш сезімін қалыптастырдық. Біз еліміздің тағдыры мен өз азаматтарымыздың болашақ ұрпағы үшін жауапкершілікті бірлесіп көтеруге дайынбыз. Референдум өткізуге қатысты айтсам, ақиқатты айтатын сәт келді. Біз Мемлекет басшысы бастаған тарихи бағытты жалғастыратын жолмен жүреміз, - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева.

- Референдум өтуі керек. Өйткені, ол Қазақстан халқының таңдауы. Президентке өз халқының таңдауын елемеуге болмайды. Ол ішкі және сыртқы саясатта халық сенімін ақтаған, халықаралық қоғамдастықта мойындалған Лидер. Біз Қазақстанның болашағын Елбасымен ғана байланыстырамыз, - деді ШҚО орыс әлеуметтік-мәдени орталығының жетекшісі Михаил Панин.

Біздің Президентіміз – біз әрдайым қолдау көрсететін Көшбасшымыз, деп атап өтті Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев.

- Қазақстанның абыройы Мемлекет басшысының арқасында артты. Халық Қазақстанның басында біздің Көшбасшымыз, Жоғары Бас қолбасшы, Мемлекет басшысы әрдайым тұратын біртұтас команданы көргісі келеді, - деді генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

Сондай-ақ «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев референдумды қолдайтынын айтты. Референдум Қазақстан халқына бір жүйеден екінші бір жүйеге тұрақты эволюциялық жолмен ауысу үшін, Нұрсұлтан Назарбаев бастаған экономикалық, әлеуметтік және саяси үдерістер жалғасуы үшін қажет, деп атап көрсетті М. Нәрікбаев.

Жалпыұлттық бастаманы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлер форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов та қолдайды.

- Біз референдумды бірінші кезекте тұрақтылық үшін қолдаймыз. Тұрақтылыққа біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп келе жатқан, бүкіл халық қолдайтын айқын саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Бізге бұл тұрақтылық өте қажет, - деді өз сөзінде Р. Баталов.

- Ең бастысы, Конституцияны бұзбастан, халықтың пікірімен санасу. Қазір халық референдум арқылы өз пікірін білдіргісі келеді. Және біз оны қолдаймыз, - деді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов.

- Референдум – бұл халықтың өз еркін білдіруі. Ол барлық елдердің Конституцияларында қарастырылған. Біз референдум өткізу бастамасын қолдау туралы шешім қабылдадық. Өйткені, оны еліміздің сайлаушыларының басым көпшілігі қолдап отыр, - деді Қазақстан коммунистік халықтық партиясының бірінші хатшысы Владислав Косарев.

Қазақстандық жастар атынан «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев референдум өткізу туралы бастаманы қолдайтынын айтты.

- Бүгінде әрбір жас азамат мемлекеттің дамуын тек қана алғашқы кезден оның негізін қалаған Ұлт Көшбасшысымен, Мемлекет басшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен байланыстырады, - деді Н. Өтешев.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Розақул Халмуратов референдум өткізу жөніндегі жалпыхалықтық бастама, бәрінен бұрын, Президент Нұрсұлтан Назарбаетың саясатын тарихи жалпыхалықтық қолдау екенін атап көсретті.

Мемлекет басшысы тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған кезден бастап жүргізіп келе жатқан стратегиялық бағытын шын жүректен қолдағандары үшін  кеңеске қатысушыларға алғысын айтты, сондай-ақ референдумды өткізі мәселесі – бұл тек қана Қазақстан халқының еркінде екенін атап өтті.

- Бүгін сіздер біздің қоғам белсенді талқылап жатқан тағы бір маңызды мәселені көтердіңіздер. Ол референдум өткізу жөнінде жалпыхалықтық бастаманы қолау үшін қол жинаудың аяқталуы және Парламент тарапынан Тұңғыш Президенттің өкілеттігін ұзарту жөнінде рефередум өткізуге мүмкіндік беретін Конституцияға енгізілген өзгерістер. Сіздердің бәріңізге қолдау көрсеткендеріңіз үшін, бүгін айтқан ықыласты сөздеріңіз үшін шын пейілді алғысымды айтқым келеді. Бұл бастама кеңінен қолдау тауып, бес миллионнан астам қол жиналғаны мен үшін мақтаныш сезімін тудырады. Жалпыұлттық бастама партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, еліміз бойынша барша қазақстандықтар тарапынан қолдау тапты. Бірде-бір мемлекеттік саясаткер халықтың таңдауын елемей тұра алмайды. Бірақ мен үшін бұл мәселе мемлекеттік ұстаным тұрғысынан өте маңызды. Сондықтан барлық «иә» мен «қарсыны» салмақтап, халық пен мемлекеттің мүдддесін ерекше ескере отырып, мен біздің еліміздің халқы үшін қажетті шешімді қабылдаймын, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар