Жаңалықтар

27 мамыр 2010
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған кездесу өткізді. Іс-шараға XX ғасырдың 30-50-жылдары Қазақстанға шет елден қоныс аударғандардың және Қазақстаннан қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары қатысты.

- Біздің кездесуіміз Қазақстанда жыл сайын атап өтілетін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында өтіп отыр. Біз «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» атты халықаралық жобаға және «Тарихтан – қазіргі заманға» атты конференцияға қатысушылардың барлығына ризашылығымызды білдіреміз, - деді Мемлекет басшысы.

- Біздің тарихымыз – бәріміз үшін ортақ. Біз шектен шығушылыққа жол бермей, өткен оқиғаларға шындық тұрғысынан қарауымыз қажет, - деп атап өтті Президент, бүгінде өткен жылдар оқиғаларына алаламай баға беру қажеттігіне тоқталды.

Кездесуде сөз алған 1937 жылы қуғынға ұшыраған Төреқұл Айтматовтың қызы, Шыңғыс Айтматовтың әпкесі Розетта Айтматова Мемлекет басшысына саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуда көрсеткен көмегі мен ықыласына алғысын айтты.

- Мен Қазақстанда бейбітшілік пен келісім орнығып отырғанына және өз тарихымызды зерттетуге ұқыптылық танытқанына өте қуаныштымын. Сіз адамдар осы тарихты біліп әрі ол қателіктерді қайталамас үшін осындай маңызды іс-шараны өткізіп отырсыз. Сонымен бірге, мен өз отбасымыз атынан Шыңғыс Төреқұлұлына көрсеткен ықыласыңыз үшін Сізге алғысымызды жеткізгім келеді, - деді Розетта Айтматова Мемлекет басшысына арнап.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап толеранттылық, барлық этностардың теңдігі мен достығын, еліміздің ішінде тұрақтылықты берік ұстанып келе жатқанын атап өтті.

- Осының арқасында біздің еліміз табыстарға қол жеткізді, адамдардың тұрмыс-тіршілігі жақсаруда, экономикамыз дамуда. Қазақстан әлемде құрмет пен сенімге ие. Толереанттылықтың арқасында біз Әлемдік дәстүрлі діндер съезін өткізіп келеміз, біз интеграциялық үдерістерді тек бұрынғы Кеңес одағы аумағында ғана емес, әлем бойынша жүргізудеміз, - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы қорытынды сөзінде қонақтарға кездесуге қатысқандары, сондай-ақ «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» атты жоба аясындағы жемісті жұмыстары үшін тағы да өз ризашылығын білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар