Жаңалықтар

16 сәуір 2008
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшылығымен және мүшелерімен кездесу өткізіп, онда Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 жылға дейінгі стратегиясының жүзеге асырылу барысы туралы мемлекеттік органдар мен даму институты басшыларының есептерін тыңдады.

Президент Стратегияның негізгі міндеті – шикізат ресурстарына тәуелді емес балама экономика құру екенін атап өтті.


- Бұл экономикалық дамудың маңызды міндеті. Еліміздің келешегі осыған байланысты, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Мемлекет басшысы сондай-ақ, ел Үкіметі мен даму институттарының белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын және жетістіктердің жоқ емес екенін атап өтті. Стратегия жүзеге асырыла бастаған 5 жылдың ішінде, тек қана даму институттарының қаражаты есебінен өңдеу өнеркәсібінде 50-ден астам жоба іске қосылып, жаңа кәсіпорындарда 25 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.


Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник Стратегияны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде – 2003-2005 жылдары – қажетті заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны құрап отырған 30-дан астам бағдарлама мен заңдардың қабылданғанын айтып берді. Даму институттары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, арнайы экономикалық аумақтар, венчурлық қорлар мен инновациялық жүйе элементтері де осы кезеңде құрылып, жұмыс істей бастады.


Осы жайттың өңдеу өнеркәсібінде жоғарғы өсу қарқынын қамтамасыз еткеніне тоқталған В.Школьник, аталмыш саладағы еңбек өнімділігі 63,3 пайызға өскенін атап көрсетті.


Үкімет өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістік нысандар салу жөніндегі жоспарларды белсенді жүзеге асыруға кірісіп отыр.


Министрдің айтуынша, стратегия жұмыс істей бастаған аралықта жалпы құны 477 миллиард теңгенің 165 жобасы қаржыландырылды. Қазіргі уақытта инвестициялық жобалар қоржынында жалпы сомасы 826,5 миллиард теңгенің 182 мақұлданған жобасы бар. Оның 82 жобасы ағымдағы жылы жүзеге асырыла бастады.


Аймақтарда жеті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылып, олардың қарауына 12,3 миллиард доллар соманың 335 жобасы түсті. Олардың ішінде жалпы сомасы 479,8 миллион доллардың 28 жобасы қазірдің өзінде мақұлданып қойған.


В.Школьник Стратегияның екінші кезеңіндегі жұмыс қамтамасыз етуші инфрақұрылымдардың құрылыстарына, бизнес-топтарды ынталандыру арқылы да, холдингтер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы да жобаларды қаржыландыруға мемлекеттің қатысуы арқылы жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға жұмылдырылатынын атап көрсетті.


- 2000 жылмен салыстырғанда Жалпы ішкі өнімді 2015 жылға дейін үш еселеу жөніндегі Стратегияның негізгі міндеті орындалады, - деп атап көрсетті В.Школьник.


Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов өз сөзінде, Индустриялық-инновациялық стратегияны қабылдау және оны жүзеге асырудың арқасында Қазақстан экономикасын «голланд ауруынан» (экономиканың ентігіп қалуынан) құтқарғанын хабарлады. Оның үстіне, өңдеуші өнеркәсіптегі өндірістік көлемі үш есеге, машина жасау саласындағы өндіріс те үш есеге өсті.


«Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Арман Дунаев, мемлекетаралық инвестициялық қорларды құру жоспары туралы, сондай-ақ даму институттары қаржыландыратын жобалар туралы баяндады. Даму институттарының әлемдік экономикада орын алып отырған тұрақсыздық жағдайында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып отырғанын атап көрсетті. «Қазына» қазіргі уақытта Астана мен Алматыдағы нысандар құрылыстарын қаржыландыру, шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламаға қатысуда.


Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сондай-ақ, несиелік міндеттемелеріне байланысты Қазақстанның банк секторы инновациялық жобаларды толыққанды қаржыландыра алмайтынын айтты.


- Сондықтан да, осы кезеңде мемлекеттік инвестициялардың рөлі бірнеше есеге өсіп отыр. Сіздің тапсырмаңыз бойынша, инвестицияларды жинақтай алатын мемлекеттік даму инфрақұрылымының құрылғаны өте игілікті іс, - деді К.Мәсімов.


Кездесуді қорытындылай келе, Елбасы Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының әртарапты, экспортқа бағытталған және инновациялық экономиканы құруда оңтайлы бағыттың негізін қалағанын атап көрсетті. Даму институтының қызметі экономиканы әртараптандыруда оң рөл атқаруда және әлемдік қаржылық жүйеде жаһандық дағдарыс жағдайында өзінің маңыздылығын көрсете алды.


Елбасы сондай-ақ, Стратегияны жүзеге асыру жөніндегі жұмыстағы кемшіліктерді атап көрсетіп, тиісті түзетулер енгізуді тапсырды.


Үкіметке стратегияны жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмыстарын оңтайлы үйлестіру, «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды жүйелеу қажет.


- Жалпы алғанда «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасы ел экономикасының бәсекеге қабілетті салаларын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың жүйелік тетігі болуы керек, - деп атап көрсеті Н.Назарбаев.


Президент сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда бизнес-қоғамдастыққа қолдау көрсетудегі «Қазына» акционерлік қоғамы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рөлін күшейту міндетін қойды.


Н.Назарбаев Қазақстанның пайдаланылмаған мол ішкі резервтері бар екенін атап көрсетті.


- Жер қойнауын игеру жөніндегі операцияларды жүзеге асырудағы қазақстандық мазмұнды қамтамасыз ету жөніндегі пәрменді жұмыстарды жандандыру қажет. Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласындағы тауарлар рыногы шамамен 8 миллиард долларды құрайды, ондағы қазақстандық өндірушілердің жеткізілім үлесі мұнай-газ саласында небәрі 8 пайызды, тау-кен секторында – 22 пайызды құрап отыр, - деді Президент.


Кластерлерді қалыптастыруды аяқтау маңызды бағыт болып табылады.


Жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында, салықтық әкімшілендіру жұмыстары барынша оңтайландырып, шикізаттық емес сектордағы салықтық деңгейі төмендетілуі керек.


- Бұл бизнес пен экономиканың кезекті ілгеріленуіне серпін болады. Келер жылғы 1 қаңтардан бастап еліміз жаңа Салық кодексімен жұмыс істеуі керек, - деп атап өтті Н.Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар