Жаңалықтар

6 мамыр 2011
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Республикалық ұлан, Президенттің күзет қызметі, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктерінің өкілдеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.
01

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқан, адам өмiрiн сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайларда батылдық пен жанқиярлық көрсеткен әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бір тобы Қазақстан Республикасының мемлекеттік  наградаларымен марапатталды.

«Мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы» Президент Жарлығына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Республикалық ұлан, Президенттің күзет қызметі, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктердің, Қазақстан Республикасының экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ұсыныстары бойынша 58 адам енгізілді.

ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен бір адам, І дәрежелі «Айбын» орденімен  –  бір, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 27 (оның ішінде 3-уі марқұм), «Құрмет» орденімен – 1, «Ерлігі   үшін» медалімен – 14, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен – 11,  «Ерен еңбегi үшiн» медалімен – 1, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен – 2 адам наградталды.

- Құрметті достар! Біз алдағы мереке – Отан қорғаушылар күніне орай Қарулы Күштер, құқық қорғау органдарының үздік өкілдерін марапаттау үшін жиналдық, - деп атап өтті Президент, марапаттау рәсімін аша отырып.

Мемлекет басшысы бұдан 19 жыл бұрын 7 мамырда Президент Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылғанын атап өтті. Бұл күн – Отан қорғаушылар күні мерекесі болып табылады.

- Осыған байланысты біз қызметтерін атқару кезінде ерекше көзге түскен, өздерін жақсы қырынан көрсеткен, үздік деп танылған Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін дәстүр бойынша мереке алдында марапаттаймыз. Сіздердің барлықтарыңыз адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, бейбітшілік пен біздің азаматтардың тыныштығын қорғауда, Отанға қызмет етуде өз өмірлеріңізді тұтастай арнадыңыздар. Бұл сіздердің маңызды қызметтеріңіздің арқасы. Осы қызметте жүріп, күш-жігерлеріңізді аямастан, кейде өмірлеріңізді де қиып, сіздер өз парыздарыңызды орындап келесіздер. Өкінішке рай, орденмен мараптталған кейбір әріптестеріңіз арамызда жоқ. Олар ішкі істер органдарының қызметкерлері Ришад Әбішев, Ерлан Керімбеков, қаржы полициясының майоры Аймұхамбет Жұмабеков. Олар қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен еліміздің мемлекеттік мүддесін өз өмірлерімен қорғап қалды. Сіздер күн сайын, бірлесе отырып, қылмыспен күресіп келесіздер, Отанымыздың шекарасын қорғап жүрсіздер, қиындықтармен бетпе-бет келіп, нашақорлықпен күрес жүргізіп келесіздер. Сондай-ақ марапатталғандар арасында таяуда қарулы қарсылық көрсеткен аса қауіпті қылмыскерлерді жою жөніндегі міндетті орындаған «Сұңқар» арнаулы мақсаттағы бөлімнің сарбаздар тобы бар. Бүгінгі рәсімге шақырылған барлығыңызды өздеріңіз үшін қуанышты мерекемен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында бұл өте маңызды деп білемін. Қызметтестер, достар, туыстар, балалар үшін бүгінгі күн өмірлеріңіздегі ең маңызды оқиға деп ойлаймын. Алдағы уақытта қызметте болсын, өз өмірлеріңізде болсын, сіздер осындай жоғары наградаға лайық екендеріңізді көрсетесіздер деп сенемін. Сіздерге мықты денсаулық, туған Отанымызға қызмет етуде табыстар тілеймін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар