Жаңалықтар

7 маусым 2011
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жетінші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы аясында бірқатар екі жақты кездесулер өткізді.

01

02

Мемлекет басшысы Джибути Республикасының Президенті Исмаил Омар Гелемен кездесті.

Тараптар екі жақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ жетінші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының күн тәртібін талқылады.

- Президент мырза, Сізді Қазақстанда көргеніме қуаныштымын. Бұл Сіздің алғашқы сапарыңыз. Және де біз Сіздің Ислам Конференциясы Ұйымының осы маңызды экономикалық саммитіне қатысу туралы қабылдаған шешіміңізге ризамыз. Мен Сізді соңғы президенттік сайлаудағы жеңісіңізбен құттықтаймын. Сәуір айында менде де, Сізде де маңызды іс-шара – сайлау өтті. Біз сізді зор ықыласпен қабыл аламыз. Жалпы, біздің Африка мемлекеттерімен қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Сіз біздің елімізге келген алғашқы Президентсіз. Біздің экономикалық және мәдени ынтымақтастығымызды, барлық бағыттар бойынша арттыру үшін, екі елдің игілігіне одан әрі ынтымақтастық орнатып, біздің елімізді, тарихын, мәдениетін, экономикасын білу үшін Қазақстанмен танысуға Сіздің мүмкіндігіңіз бар, - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

- Ең алдымен, тамаша еліңізде көрсеткен жылы шырайлы қабылдауыңыз бен шақыруыңыз үшін Сізге рақмет айтуыма рұқсат етіңіз. Қазақстан сіздің көшбасшылығыңызбен тәуелсіздік жылдарында өз экономикасының табысты дамығанын көрсетті. Бүгінгі біздің Қазақстанға келуіміз сіздердің елдеріңіздің аймақтағы маңызды рөлін, сондай-ақ ислам әлеміндегі біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты және оны дамытуға деген ниетімізді көрсетеді, - деді Джибути Республикасының Президенті Исмаил Омар Геле.

- Мен Қазақстан туралы көп естідім. Бірақ елордаларыңыз – Астананы осындай әсерлі, таза және әсем қалпында көремін деп ойламаған едім. Бұл менің алғашқы әсерім. Және адамдары да өте кеңпейіл екенін айтқым келеді. Бұл біздің Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірінші кездесуіміз. Мен Президентке осы кездесудің өтуіне мүмкіндік жасағаны үшін алғысымды айтамын. Біз елдеріміз арасындағы әсіресе, экономика мен сауда салаларындағы ынтымақтастықтың тетіктерін құру туралы шешімге келдік. Біз сондай-ақ көпжақты ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Сіздердің елдеріңіз ИКҰ Сыртқы істер министрлерінің Кеңесін өткізуге дайындалуда. Біз Президентпен осы алда тұрған кездесуді талқылау мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін өте бақыттымыз. Менің пікірімше, қазір Астанада өтіп жатқан Ислам экономикалық форумы ислам әлемінде үлкен рөл атқарады. Форум кезінде қабылданған шешімдер ислам елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түседі. Мен Президентті және Қазақстан халқын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты биылғы жылдың сәуірінде өткен сайлаудағы тамаша жеңісімен шын жүректен құттықтаймын, - деді И.Геле кездесуден кейін.

***

Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Республикасының Вице-Президенті Будиономен кездесті.

Кездесу кезінде екі жақты іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ жетінші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының күн тәртібі талқыланды.

- Ең алдымен, Сізге Қазақстанға, біздің жаңа астанамызға, жетінші Ислам экономикалық форумына қош келдіңіз дегім келеді. Біз Индонезияны өзімізге үшін перспективалы серіктес, үлкен ел деп есептейміз. Сондықтан экономикалық достық және саяси қарым-қатынастар орнатуды әрдайым қалаймыз. Мен сіздердің елдеріңізге 1996 жылы жасаған сапарымды ықыласпен еске аламын. Менің алдағы уақыттағы Индонезияға жасайтын сапарым біздің қарым-қатынастарымызға жаңа серпін беретініне сенемін. Және де біздің Сізбен кездесуіміз екі елдің байланысын жандандыруға үлкен септігін тигізеді. Біз елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық, саяси қатынастар мен инвестицияны орнатып, кеңейтуді қалаймыз. Қазақстан елді индустрияландыру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізуде. Біз индонезиялық іскер адамдарды біздің бағдарламамызға ат салуға шақырғымыз келеді, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

- Мен осында болып, Қазақстанды, әсіресе Астананы өз көзіммен көргеніме өте қуаныштымын. Мені астананың өте жақсы жоспарланғаны және дамуы қатты таңғалдырды. Президент Нұрсқлтан Назарбаевпен кездесу кезінде екі жақты ынтымақтастықты одан әрі күшейту және тереңдетуді, әсіресе сауда мен коммерция саласындағы мүмкіндіктерді талқыладық. Президент Н.Назарбаев Индонезияға бұдан 20 жыл бұрын сапармен барды, сол кезде біздің Президентіміз де Қазақстанға келген еді. Келешек ынтымақтастық үшін сенімді негіз қалаған өте маңызды құжат қабылданған болатын. Біз сондай-ақ біздің өзара тиімді достық қарым-қатынастарымыздың ілгерілеуін жеделдету мүмкіндіктерін талқыладық. Соңғы жылдары Қазақстан аймақтық және жаһандық деңгейде, әсіресе экономика, саяси және қауіпсіздік салаларында айрықша үдемелі рөл атқаруда екенін байқаймыз. Біз Қазақстанның алдында Еуропа мен Азия арасында өзара түсіністік көпірі ретінде өте маңызды рөл атқару міндеті тұрғанын көріп отырмыз. Президент кездесу кезінде Қазақстанның Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы туралы айтты. Бұл Президент айтқандай, ресурстарды ескеріп, алға ұмтылдыратын, орындалатын, өте биік міндет. Бұл дұрыс міндет. Бұл мемлекеттік экономиканың дамуындағы өте сенімді және ұзақ мерзімді міндет. Қазақстан өзінің индустриялдық-инноациялық әлеуетін дамытып, өте дұрыс қадам жасап отыр. Мен Президент Н.Назарбаевқа Индонезия осы бағдарламаға қатысуға және Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуға дайын екенін айттым. Индонезия халқы мен үкіметі атынан мен Қазақстан халқын және оның Көшбасшысын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Біз сіздерді әрдайым қолдайтын боламыз демекпін, - деп атап өтті Индонезия Вице-Президенті Будионо кездесуден кейін.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар