Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

16 маусым 2011
Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Назарбаев Университетінің Жоғары қамқоршылық кеңесінің бірінші отырысы өтті.

01

02

Отырыс Назарбаев Университетінде өтті. Отырысқа Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңесінің басшылары, Парламент депутаттары, ұлттық компаниялардың, «Назарбаев Универсиеті» АҚ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ жетекшілері және халықаралық сарапшылар қатысты.

Жоғары қамқоршылық кеңесі Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жоғары басқарушы органы болып табылады. Кеңестің құзыретіне мекемелердің ұйымдастыру және басқару мәселелері жөніндегі шешімдерді қабылдау және бекіту саясатын әзірлеу жатады. Кеңестің Төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып табылады.

- Мен сіздерді жаңа Халықаралық Университеттің қабырғасында көргеніме қуаныштымын. Бүгін біз Астанадағы Халықаралық Университетті дамыту – елеміздің маңызды жалпыұлттық жобасын талқылау үшін Жоғары қамқоршылық кеңесінің бірінші отырысына жиналдық, - деп атап өтті Мемлекет басшысы, кеңес жұмысын аша отырып.

Президент білім беру ісі біздің алға ұмтылысымыздың негізін, кез келген елдің даму негізін қалайтынын, сондықтан Қазақстан бұған үлкен мән беретінін атап көрсетті. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда білімді дамыту үшін берік негіз қаланды. Білім саласына қаражат бөлу – бюджеттік қаржыландырудың басым бағыттарының бірі.

Мемлекет басшысы Университет отандық жоғары білім жүйесінің жалаугері, заманауи білім мен кадрлар «ұстаханасы» ретінде маңызды рөл атқаратынына тоқталып өтті. Сондықтан да оның қызметі жаңа заңнамалық алаң ретінде қалыптастырылып, халықаралық тәжірибеге сәйкес жүргізілуде.

- Осы жерде бұл жобаны қолдаған, оған белсене қатысқан Парламент депутаттары да отыр. Осында отырғандардың бәрі бұл Заңды әзірлеуге қатысты. Үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді деп санаймын. Қысқа мерзім ішінде Университет өз қызметін бастады, еліміз бойынша 5 Зияткерлік мектептер жұмысын жүргізуде. Зияткерлік мектептердің құрылысы жалғасатын болады, - деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгін қабылданған Заңды іске асыру және Университет пен Зияткерлік мектептерді одан әрі дамыту үшін іс жүзінде шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті.

Отырыста төрт мәселе: Қамқоршылық кеңесінің ережесін бекіту, Университеттің, мектептердің және Қордың стратегиялық дамуы бағыттары, мүлікке ие болу тәртібі талқыланды.

Университетті басқару жүйесі туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Заң бойынша түсініктемелер жөнінде жұмыс тобын басқарған, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исимбаева сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Есболайұлы Мусинді, Президенттің көмекшісі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановты, Шигео Катсуды, Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловты Жоғары қамқоршылық кеңестің мүшелері етіп тағайындау туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, аталған кеңестің құрамына Премьер-Министр Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов пен Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Тұрмаханұлы Орынбаев енді.

Жоғары қамқоршылық кеңесі басты басқару органы болып табылады. Ол орган Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың Қамқоршылық кеңесінің құрамын, оларды дамыту стратегиясын бекітеді, сондай-ақ олардың қызметіне байланысты өзге де маңызды мәселелерді қарайды.

Қабылданған Заңға сәйкес, Мемлекет басшысы Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ереже мен «Назарбаев Қоры» Жарғысын бекітті. Онда Кеңес пен Қордың өкілеттіктері мен құзыреттері белгіленген.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың Қамқоршылық кеңесінің құрамы бекітілді. Университеттің және Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов, ал Зияткерлік мектептердің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып Ербол Тұрмаханұлы Орынбаев тағайындалды. Сондай-ақ, Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың Қамқоршылық кеңесінің жеке құрамы бекітілді.

Атқарушы құрылым бойынша Университеттің Ректоры қызметіне Шигео Катсу, Университеттің Атқарушы кеңесінің төрағасы және Қордың Басқарма төрағасы қызметіне Аслан Бәкенұлы Саринжипов, Зияткерлік мектептердің Басқарма төрайымы қызметіне Күләш Ноғатайқызы Шамшидинова тағайындалды.

Отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша мүлікке ие болу ережесі бектілді. Мүлікке ие болудың ашық және нақты тетіктері Университеттің және Зияткерлік мектептердің тиімді жұмыс істеуі үшін қажет.

Одан кейін Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың стратегиялық дамыту бағыттары талқыланды.

Университетті қалыптастыру жөнінде атқарылған жұмыстар туралы Аслан Саринжипов баяндама жасады, Университеттің стратегиялық дамыту бағыттары туралы ректор Шигео Катсу сөз сөйледі, негізгі академиялық мәселелер туралы Университет провосты Энн Лонсдейл баяндады, Зияткерлік мектептердің стратегиялық дамыту бағыттары туралы Күләш Шамшидинова айтып өтті, Қордың стратегиялық дамыту бағыттары туралы «Cambridge Associates» компаниясының өкілі Филипп ван Оверберг хабардар етті.

- Бүгін біз Жоғары қамқоршылық кеңесінің бірінші отырысын өткізіп отырмыз. Бұл күн – тарихи күн. Университет пен Зияткерлік мектептердің инновациялық ғылыми-білім беретін кешенін қалыптастырудағы ұйымдастырушылық кезеңі аяқталды. Барлық посткеңестік кеңістікте, біздің тарихымызда ешқашан мұндай білім ордасы болған емес. Біз ірі жобаны іске асырдық. Біздің замандастарымыз бен ұрпақтарымыз лайықты бағасын беретініне сенемін, - деп атап өтті Президент.

Мұнда ең қуатты үш заманауи прогресс күші – білім, ғылым және инновация үйлесім тапқан.

- Биылғы жылдың желтоқсанында біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтеміз. Бұл Университет осы мерекеге тартуымыз, біздің бүгінгі ұрпағымызға және қазақстандықтардың болашақ ұрпақтарына сыйымыз болып табылады, - деді Президент.

Мемлекет басшысы Университет пен Зияткерлік мектептер кешені – бұл дарындыларды табудағы үздіксіз конвейер екенін атап көрсетті. Ол барлық қазақстандық білім жүйесіне жаңа қуатты серпін береді.

- Бұл кешен біз қолға алып отырған, келешек инновациялық экономикамыз үшін жаңа кадрлар бесігіне айналатын болады. Университет ХХI ғасырдағы Қазақстанның рухани дамуына және технологиялық серпілісіне шешуші үлес қосу үшін құрылып отыр. Бұл Университеттің қабырғасында біздің еліміздің интеллектуалдық келешегінің тағдыры шешіледі. Бүгінде бізге жаңа технология, ғылымға негізделген өндіріс, жаңа материалдар салаларындағы мамандар ауадай қажет. Жаһандық әлемде мұндай бәсекесіз аман қалу мүмкін емес. Біздің алға озып кеткендердің шаңын қауып қалғымыз келмейді, солармен бірге болғымыз келеді. Осының бәрі сол үшін қажет, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгін барлық құқықтық құжаттар қабылданып, аталған бірегей инновациялық мемлекеттік жобаның әрбір сегментінің қамқоршылық кеңесі құрылғанын атап өтті.

- Әлемде Мемлекет басшысының өзі Университеттің Жоғары қамқоршылық кеңесінің төрағасы немесе Премьер-Министрдің Қорды басқарған мысалдары жоқ. Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің басшылары, жетекші банктер басшылары оқу орнының басқару органының құрамына кіріп отыр. Мұндай тәжірибе де аз. Бұл еліміз үшін, халқымыз үшін Университет пен Зияткерлік мектептердің маңызы зор екенін білдіреді. Сондықтан мен алғашқы кезеңде барынша мән беріп отырмын. Осы жылдар ішінде кейбір нысандарға – көшелерге, мектептерге және басқаларға менің атымды бермек болып, бірнеше рет ұсыныстар айтылды. Өздеріңіз білесіздер, мен ешқашан бұған келісім берген жоқпын, әркезде бас тарттым, алда да бас тартатын боламын. Алайда, мен бұл Университет осылай аталуына келісім бердім. Олай болатын себебі, біздің азаматтарымыз бен біздің бизнесмендеріміз осыны ескеріп, біздің еліміздің дарынды балаларына қол ұшын берер деп ойладым, - деді Президент.

-  Мен қамқоршылық кеңесінің барлық мүшелерін тағайындалуымен құттықтаймын! Бұл жұмысты менің жеке тапсырмам деп есептеулеріңізді сұраймын. Қамқоршылық – бұл қамқорлық көрсету деген сөзден шыққан. Осыны есте сақтаңыздар. Әрқайсыңыз өздеріңіздің тікелей міндеттеріңізбен бірге, Университет пен Зияткерлік мектептердің, Қор қызметінің дамуына ең болмағанда, күніне бір сағат уақыт бөлулеріңізді қадала сұраймын. Басқа жақтан немесе басшылықтан өтініштер мен ұсыныстар күтіп қалмаңыздар. Өздеріңізге өте маңызды миссия жүктелгенін еске сақтаңыздар. Өздеріңіз іске ынтамен кірісіп, проблемалар болса көтеріп, оларды шешіп, көмек көрсетіңіздер. Сіздердің қамқоршылық кеңесінің мүшелері ретіндегі жұмыстарыңыздың мән-мағынасы осында. Көп нәрсе сіздердің ұстанымдарыңыз бен белсенділіктеріңізге байланысты болады, - деп кеңінен тоқталып өтті Мемлекет басшысы.

Президент Университет пен Зияткерлік мектептердің материалдық базасы үшін алғашында 50 миллиард теңге, екінші кезекте – тағы да 70 миллиард теңге бөлінетінін айтты.

- Мен Университет 100 гектарға жуық үлкен алаңды, жерді иеленгенін қалап отырмын. Университетті дамыту үшін жер бар, мүмкіндіктер де бар, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Университет әлемдік деңгейдегі үздік зерттеушілер және профессорлық кадрларымен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Университеттің студенттік контингенті дарынды балалармен, яғни Зияткерлік мектептердің түлектерімен жыл сайын толықтырылып отыратын болады.

Президент таяу 4-5 жыл ішінде бұл инновациялық-білім беру кешені алға қойылған міндеттер бойынша мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керектігін жалпы міндет ретінде атап өтті.

Біріншіден, Университет Еуразиядағы үздік білім орталықтарының қатарына еніп, әлемде лайықты орнын алуы тиіс.

Екіншіден, Қазақстанның білім беру жүйесі мен ғылымы саласында сапалы өзгерістердің локомотивіне айналуы керек.

Үшіншіден, қазақстандық инновация мен жаңа технологияның негізгі генераторы ретінде жұмыс істеуі қажет.

Төртіншіден, қазақстандық экономика, білім және ғылым, медицина мен басқару жүйесінің болашақ лидерлерін даярлаудың жетекші ұлттық орталығына айналуы тиіс.

Осының бәрі Универсиет пен Зияткерлік мектептердің Жоғары кеңесі мен қамқоршылық кеңесінің, атқарушы кеңестерінің бірінші кезекте назарында болуы қажет.

Президент таяу уақытта бірқатар маңызды міндеттерді іске асыру қажеттігін атап өтті:

Бірінші. Бұдан жиырма жылдай уақыт бұрын, Кеңес одағы тараған соң, сол уақыттағы экономикалық ауыртпалықтарға қарамастан, Қазақстанның кадрлық әлеуеті туралы қам жасап, Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасын құрды. Соның нәтижесінде мыңдаған қазақстандық әлем университеттерінде біліп алды және бүгінде білімдерін жалғастыруда. Енді Назарбаев Университеті мен «Болашақ» бағдарламасының әлеуетін, соның ішінде ресурстық әлеуетін біріктіру керек.

Мемлекет басшысы «Болашақ» стипендиясы арқылы магистратурада инженерлік және медициналық-биологиялық мамандарға басымдықтар беру, ал Университетте табиғи ғылымдар бойынша мамандар даярлау қажеттігін атап көрсетті.

«Болашақ» бағдарламасының жаңа тұжырымдамасында келешекте шетелдік жоғары оқу орындарына тек іс жүзінде тәжірибесі бар, тәжірибелі мамандарды, тек PhD докторантурасында оқу үшін және тәжірибеден өту үшін жіберу қарастырылуы тиіс.

Мемлекет басшысы Білім және ғылым министріне мұндай жүйеге келесі жылдан бастап көшуді тапсырды.

- Бакалаврлар мен магистрлерді біз енді осында даярлай аламыз. Біз шетелдерде оқыту үшін ондаған миллион доллар шығындап, сол арқылы, әрине шетелдік университеттерді қолдап келеміз. Енді өзімізге қолдау көрсетелік, - деді Президент.

Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдаламасы бойынша шетел тілдерін меңгерген қазақстандық жоғары оқу орындары мен орта оқу орындарының оқытушыларын шетелдік білім беру орталықтарына жіберу қажеттігін атап өтті. Бұл қазақстандық білім беру жүйесін дамыту, оны жаңғырту үшін мультипликативтік тиімділігін көрсетеді.

Президент Үкіметке барлық осы мәселені пысықтап, ұсыныс енгізуді тапсырды.

Екінші. Назарбаев Университеті мен Алматы маңында тұрғызылған «Алатау» ақпараттық технологиялық паркі еліміздің инновациялық кластерінің негізі бола алады. Осы инновациялық жүйенің екі негізін бірыңғай іс-қимыл алгоритмін қамтамасыз ету маңызды. Университет студенттері тәжірибеден өту арқылы келешекте «Алатау» ақпараттық технологиялық паркінің қуатты кадрлық өзегін құрайтын болады және өзге де қазақстандық технопарктер құрылатын болады.

Университеттің базасында бұған дейін болып көрмеген, коммерциялық бағыттағы техникалық әзірлемелер бойынша іс жүзінде тәжірибе жинақтаған инженерлердің алғашқы буыны қалыптасатын болады.

- Өздеріңіз білесіздер, мен 2014 жылға қарай ғылымды қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1 пайыздық деңгейіне дейін жеткізу міндетін қойдым. Біз қазір қорғанысты да осылай қаржыландырамыз. Біз енді бюджеттік қаражатты қалай бөлу керектігін толық білетіндей болуымыз керек. Инновацияны құрайтын ғылыми зерттеулер басым мәнге ие болуы тиіс. Бұл, ең алдымен, ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-құрастырушылық жұмыстарға қатысты болады. Бүгінде қаражаттың барлық көлемінің 20 пайызы ғана ғылымға бөлінген. Оны 60 пайызға дейін жеткізу керек. Өздеріңізге белгілі, «Нұр Отан» партиясының съезінде мен бірінші рет 100 абсолюттік жоба туралы бастама көтердім. Әлемде қолданылып жүрген жақсы инновациялар бар, біз олардан да алуымыз керек, абсолютті инновация деген оларда жоғы. Министрліктер мен ведомстволар, Үкімет сондай 100 инновацияны анықтауы керек. Бізге бірден 100-ін ендіру қиынға соғады, егер біз Қазақстанда 10-ын ендірсек, айтуға тұрар еді, одан кейін тағы 10-ын ендірсек, үлкен табыс болар еді. Міне, біз бөлетін халықтың ақшасы осындай жұмыстарға бөлуінуі тиіс, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы Университеттің энергетикалық зерттеулер орталығы шетелдік әріптестерімен және «KEGOC» ұлттық компаниясымен бірлесіп, энергияны үнемдейтін технология мен транферт әзірлеу жөнінде зерттеу жобасын белсенді іске асыруға кірісуі керектігін атап өтті. Мысалы, екінші және үшінші буын күн фотоэлементтерін құру жөніндегі жұмыстар өзекті.

- Біз қазір осындай ірі кәсіпорын құруға кірістік. Қазақстанда жылына 300 күн ашық тұрады. Күн энергетикасы бойынша бізде қайда, қандай жұмыстар жүргізілді? Біздің елде жел энергиясына кім, қай жерде үйретеді? Энергияны үнемдеу, жаңартылған көздерін пайдалану – бүгінгі экономдау тәсілі! – деді Президент.

Мемлекет басшысы Университеттің зерттеулер орталығы министрліктер мен ұлттық компаниялардан нақты тапсырыстар алуға тиісті, деді. Бұл Үкіметтің міндеті. Барлық ведомстволар мен компаниялар осындай инновацияның сұранысын зерттеп білу қажет.

Ұлттық медициналық холдинг Назарбаев Университетінің құрамына берілді. Осында ұлттық академиялық денсаулық сақтау жүйесін интегралдаудың алғашқы негізі ретінде «Болашақ госпиталы» құрылды.

Заманауи медицинаның перспективалық жобасы – туберкулезді тудыруды жылдам анықтау үшін магниттік нонобөлшектер мен кванттық нүктелер негізінде диагностикалық оптикалық биосенсор құру.

Химия, жалпы және медициналық биотехнология, биоинформатика, нано және биотехнология салаларында аралас өзге де бірқатар жобалар бар.

Мемлекет басшысы Сингапур қол жеткізген көрсеткіштерді үлгі ретінде атап өтті. Қысқа мерзім ішінде бұл ел әлемдік білім негізінде және мамандарды тарту арқылы заманауи медициналық кластерді қалыптастырды. 2012 жылға қарай Сингапур жылына бір миллион «медициналық туристерді» еліне тартуды жоспарлап отыр. Осындай мақсаттарды бағытқа алуымыз қажет.

Президент Үкіметке таяу 3 жылдағы мемлекеттік шығыстың өсуін ескере отырып, қаржыландыру деңгейін жыл бойынша, объектілер бойынша тізіп отырып, ғылыми инновацияның Жалпыұлттық тізбесін нақты әзірлеуді тапсырды. Университеттің ғылыми-инновациялық қызметінің нақты Жоспарын әзірлеу қажет.

Үшінші. Президент Университеттің жұмысы, кез келген жоғары оқу орны тәрізді, білім беру көзқарасы түрғысынан ғана емес, сонымен қатар мамандар даярлауда олардың азаматтық қадір-қасиеттері бойынша бағалануы қажеттігін қадап айтты.

- Университет түлегінің кәсіби және сауатты маман болуы – инновациялық қызметтің бір жағы ғана. Екінші жағы – патриоттық, жоғары рухани қасиет және азаматтық жауапкершілік, әлеуметтік тұрғыда толысу және белсенділік. Мен Сарипжановтың баяндамасынан қандай жұмыстар жүргізілгенін білдім. Университет солар үшін, ХХI ғасырдың лидерлері үшін құрылған. Отанымыз, еліміз оларға жағдай жасауда. Олар өз мемлекетін құрмет тұтып, еліміздің гүлденуі үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге ұмтылады деп сенім артады. Мен осындай тәрбие жүргізіледі деп сенемін. Мен қазақстандықтардан көп хаттар аламын. Адамдар инновациялық-индустриялық экономиканы, елімізді жаңғыртудағы біздің жоспарымызды қолдап отыр. Көпшілігі біз жүргізіп отырған жұмысты түсінеді және бізге жаңа жас кәсіби кадрлар қажет деп жазады, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы Университеттің түлектері ұлттық интеллектуалдық топтың негізін құрауы тиістігін атап көрсетті.

Назарбаев Университетінің студенттері оқи бастаған алғашқы күннен Отан ісіне қатысы барларын сезініп, маңызды қоғамдық бастамалар заңнамасымен айналысулары тиіс.

- Қазақстан бүгінде бірқатар жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың алдыңғы қатарында келеді. Біз әлемдегі ең ірі полигонды жаптық. Біз ядролық арсеналдан бас тарттық, әлемді осы бағытқа – ядролық қарудан бас тартуға бұрдық. Біз биылғы жылы Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толуын атап өтеміз. Бұл біздің тарихымыздың маңызды датасы. Университеттің студенттері неге осындай антиядролық қоғалыстың ұжымдық жақтаушылары болмасқа? Екінші бір қыры. Біз студенттік жастарды нағыз шешен, адамдармен жұмыс істей алатын лидер ретінде баулуымыз керек. Университет пен Зияткерлік мектептер арасында тығыз өзара іс-қимыл орнаталық. Енді Университеттің студенттері демалысқа барады. Олар бірінші оқу жылын аяқтап, үйлеріне қайтады. Олармен сөйлесіп, неге «әлеуметтік тапсырма» бермеске? Олар өздерінің құрдастарына жергілікті телевидение, газеттер арқылы, арнайы кездесулер кезінде Университетте бір жыл бойы алған білімдері, астана жайлы әңгімелеп беріп, балалардың қызығушылығын оятып, еліміздің түкпір-түкпірінен жас жеткіншектердің осы мектептерде оқуға ұмтылуына неге ықпал етпеске?! Біз алдымызға Назарбаев Университетінің халықаралық аренада танымал болуына қол жеткізу мақсатын қойып отырмыз. Алайда, бұл іс өз елімізге танымалдықтан және беделді болудан басталады. Біз осында Орталық Азиядан, біздің көршілерімізден, Ресейден, өзге де елдерден балалар келіп оқуын қалаймыз. Біз бұл үшін ашықпыз. Осындай әлеуметтік белсенділік жағынан алып қарағанда, студенттермен тәрбие жұмыстары жолға қойылуы қажет. Біз – көпұлтты, көпконфессиялық елміз, біз мұны мақтан тұтамыз. Сондықтан да Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізетін бірден-бір орынға айналып отыр. Біз посткеңестік кеңістікте барлық интеграциялық үдерістердің - Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бастамашысы болып табыламыз, өткен жылы ЕҚЫҰ басқардық, биыл Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық жасап отырмыз. Жақын уақытта үлкен кеңес өтеді. Кеше ғана Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Осының бәрі біздің еліміздің маңызын білдіреді, - деді Президент.

Төртінші. Мемлекет басшысы Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептердің ақпараттық сүйемелдеуіне назар аударды.

- Қазір біздің естігеніміз туралы Қазақстанда ешкім білмейді. Университеттің профессорлары, проректорлары бұқаралық ақпарат құралдарына шығып, бұл туралы жиі әңгімелеп берулері керек, - деді Президент.

Мемлекет басшысы ХХI ғасырда Университеттің сайты – Электронды Университет екенін атап өтті. Электронды Университет – бұл халықаралық сапа стандарты.

- Мен Университетке сілтемені akorda.kz президенттің сайтының бірінші бетіне орналастыруды арнайы тапсырдым. Менің сайтымдағы миллиондаған адам Электронды Назарбаев Университетін көру мүмкіндігіне ие болу үшін солай жасадым. Қазір ол не күйде? «Денсаулық және қауіпсіздік» атты бетін ашып көрелікші. Осы беттегі орыс тіліндегі мәтінде 10 грамматикалық қате жүр! Одан әрі айталық. «Қазақстан туралы» бөлімде еліміздің мәдениеті туралы мыныдай қысқа ақпарат берілген: «Кез келген қазақ және орыс ұлтының өкілдері қоғамдық орындарды өздерін ұстамды және достарының арасында, демалғанда немесе үй жағдайында едәуір босаңдау ұстайды». Міне, бар болғаны осы, қазақстандық мәдениет туралы осылай айту керек пе? Кім жазған? Ешқандай да көркемдік жоқ. Бірден айтайын, сайт Интернет-торда «ілініп» тұр. Тұтынушы одан жоғары оқу орны туралы жадағай мәліметтен басқа ештеңе таба алмайды. Онда студенттік рух жоқ. Құрметті Қамқоршылық кеңесінің мүшелері, Білім және ғылым, Байланыс және ақпарат министрлері, сайтты ашып қараңыздаршы. Электронды Университетті ретке келтіріп, оның мазмұнын жаңарту үшін бір ай уақыт беремін. Зияткерлік мектептер сайтында да материалдар толық емес. Қазір өңірлерде жаңа мектептер салануда. Әрбір Зияткерлік мектеп талапқа сай берілуі тиіс. ХХI ғасырда олардың кез келгенінің Интернетте өз Электронды Мектебі болуы керек, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы Білім және ғылым, Байланыс және ақпарат министрлеріне осы мәселені жеке бақалуларына алуды тапсырды.

Президент сарапшылардың бағалаулары бойынша, әлемдегі таңдаулы ғылыми университеттер санатына кіру үшін халықаралық рейтингілік журналдарда кемінде жылына 600-700 мақала жариялау қажет, деп атап өтті. Бұл тәжірибені қарап көріп, оған дайын болу қажет.

Бесінші. Назарбаев Университеті қазақстандық білім беруде ең заманауи менеджменттің үлгісі болуы тиіс. Ондағы озық университеттік тәжірибені министрлік еліміздің өзге жоғары оқу орындарына ендіруге тиісті.

- Осыған байланысты біздің еліміздегі білім жүйесінің менеджментін жетілдіруге орай, оның бірқатар қырларын қозғағым келеді. Өзім тағайындайтын ұлттық университеттердің ректорларынан басқа, мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорларын Үкімет қаулысымен тағайындау тәжірибесіне көшу мәселесін зерттеу керек. Егер қажет болса, заңға өгерістер енгізелік. Бұл беделді көтереді. Біз балаларымызды кімдер тәрбиелейтінін, оқу орындарын кімдер басқаратынын сонда белітін боламыз, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқу-тәрбие процесіне жауапты басшылардың жауапкершлігін күшейте түсетінін атап өтті. Келешекте ірі кәсіпорындар, компаниялар, банктер басшыларының қатысуымен, өңірлік жоғары оқу орындарында қамқоршылық кеңестерін құру пайдалы болмақ.

- Егер АҚШ-тың тәжірибесіне сүйенсек, онда мектептегі кеңестердің толық жүйесі барын байқау қиын емес. Әрбір жалпы білім беретін – муниципалдық немесе жекеменшік мектепке белгілі бір аумақ бөлінген. Оның түрғындарының көпшілігі – осы мектепте оқитын немесе түлектерінің ата-аналары. Олар осы аумақтың қоғамдық өмірінің орталығы болып табылатын-мектеп кеңесін құрады. Көмек керек болса қол ұшын созады. Мысалы, жөндеу жұмыстарына, аумақты көгалдандыруға ат салысады. Полиция қоғамдық тәртіптің сақталуына көмектеседі. Сайлау комисиясы сайлауға дайындалады. Онда да көп ретте сайлау учаскесі мектепке орналастырылады. Біздің мектептерде осындай тәжірибені пайдаланып көрелік. Бұл қиын емес, тек ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізу керек. Біз еліміз бойынша жаңадан жүздеген мектеп салдық. Тағы да саламыз. Олар нағыз қоғамдық бастамалар орталығы болуы керек. Демалыс күндері де мектепті пайдалану қажет. Онда өмір қызып тұруға тиіс! Біз мектептерде спорттық кешендер, жүзу бассейндерін салдық. Ендеше, жаңадан берілген мектептерде кешке қарай, жексенбіде үйірмелер неге жұмыс істемейді? Олар жұмыс істеген жағдайда  біз көптеген проблемаларды - экономикалық, саяси, мәдени, тәрбие мәселелерін шешкен болар едік. Мен бұл туралы таяуда өткен Астананы дамыту жөніндегі кеңесте де айтып өттім. Алайда, бұл барлық қалаларға, ауылдар мен кенттерге қатысты, - деді Президент.

Алтыншы. Білім және ғылым – бұл ең динамикалық сала. 2020 жылы Университет әлемнің үздік университеттерінің беделді Шанхай рейтингісіне кіруі тиіс. Университеттің стратегиясы әлемнің таңдаулы жоғары оқу орындарына кірудегі «жол картасы» болуы қажет.

Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне Қордың және Университеттің басшылығымен бірлесіп, білім үдерісінің әлемдік әдістемесіне мониторинг жүргізіп, оқу жоспары мен стандарттарға, зерттеу бағдарламаларына дер кезінде түзетулер енгізіп тұруды тапсырды.

- Университеттің қалыптасу кезеңі аяқталды. Қажетті құқықтық база, басқару жүйесі, Университеттің өзінің базасы – бәрі бар. Жалпы стратегиясы анықталды. Енді барлығы қол қусырып отырмай, жұмыс істеулері керек. Өздеріңіз де білесіздер, біздің елімізде білім мәселесі әрдайым менің басты назарымда болып келді және алда да солай бола береді. Бүгінгі Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептер – бұл Қазақстанның ХХI ғасырдағы инновациялық-технологиялық серпілісінің ең басты учаскесі. Қамқоршылық кеңестің барлық мүшелеріне жемісті еңбек тілеймін! – деді Президент.

Мемлекет басшысы Жоғары қамқоршылық кеңесінің бірінші отырысын жабық деп жариялады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар