Жаңалықтар

11 шілде 2008
Бүгін Бурабайда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Щучье-Бурабай курортты аймағының инфрақұрылымдарын дамыту жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне арналған сырттағы кеңес болып өтті.
big-001.jpg

Кеңес жұмысына Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Қ.Келімбетов, Президенттің Іс басқарушысы Б.Өтемұратов, Спорт және туризм министрі Т.Досмұхамбетов, Ақмола облысының әкімі А.Рау, түріктің “Сембол Иншаат” құрылыс компаниясының жетекшісі Ф.Таминдже қатысты.


Жобаны жүзеге асыру 2021 жылға дейін жоспарланса, ол 7 кезеңнен тұрады. Осы уақыт аралығында заманалық қонақ үйлер, тұрақжай кешендері, ойын-сауық және сауда орталықтары, мейрамханалар, спорттық базалар, гольф-клуб тұрғызылатын болады.


Кеңес барысында жобаны дамытудың ең жоғары халықаралық стандарттарға жауап беруі тиісті ағымдағы және ұзақ мерзімді мәселелері талқыланды. Бұл мәселелер – сервис және қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инженерлік инфрақұрылымдар, сумен қамтамасыз ету, энергетика, көлік, әуе қатынасы құрылыстары, жоғары білікті кадрлар дайындау. Атап айтқанда, курорттық аймақта туристер мен демалушылар ағынын басқарып отыру үшін сапар-орталық тұрғызылатын болады. Он-лайн режімінде Интернет желісі арқылы қонақ үйлерден, санаторийлерден алдын ала орын брондауға, туристік маршруттарға тапсырыс беруге болады. Сапар-орталық кең көлемді ақпараттық базамен, өзінің қор сақтайтын жүйесімен және кітапханамен жарақтандырылады.


Мемлекет басшысы өңірдің экологиялық ортасын сақтауға ерекше екпін түсірді. “Курортты аймақты дамыта отырып, бірінші кезекте, экологиялық дамуын қаперде ұстау қажет. Сондықтан Шортан, Бурабай және Қарасу көлдерін тазарту жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру керек”, – деп атап өтті Елбасы.


Сырттағы кеңес қорытындысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев курортты аймақ нысандарын одан әрі дамыту мен осы бағыттағы жұмыстарды белсенді ету мәселелерінің барлық кешені бойынша нақты тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар