Жаңалықтар

1 маусым 2006
Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті.
4.jpg

Отырыста мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қызметі және Қазақстан Республикасының көші-қон саясатын жетілдіру туралы екі мәселе қаралды.

Бірінші мәселе бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінінің Төрағасы А.Шабдарбаев, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік Төрағасы С.Қалмырзаев, Бас прокурор Р. Түсіпбаев сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық міндетті шешу үшін еліміздің қоғамдық және экономикалық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту талап етілетіндігін атап өтті.

 

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің құқықтық негіздері қаланып, ТМД елдері ішінде тұңғыш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданды. Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізіліп, Мемлекет басшысының жарлықтарымен Мемлекеттік қызметшілердің ар-ұждан кодексі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.

 

Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы агенттік құрылып, еліміздің өңірлерінде Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің жүйесіндегі тәртіптік кеңестер құрылды.

 

Мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде қызмет ететіндердің жалақылары ұдайы өсірілуде. Азаматтар мемлекеттік қызметке компьютерлік тестілеу арқылы конкурстық негізде қабылданады.

Алайда, құқық қолданушылық тәжірибесінің мәселесі мемлекеттік қызмет барысындағы проблемалық сала ретінде қалып отыр. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарын қоса есептегенде, мемлекеттік органдар белгілі бір дәрежеде сыбайлас жемқорлыққа қатысты болып отыр.

 

Елбасы мен басқа да баяндамашылардың сөйлеген сөздерінде нақты мысалдар келтірілді.

1990-шы жылдары ұйымдасқан қылмыстық топта болған  қаржы полициясының қызметкері Қыстаубаевтың таяуда тұтқындалғаны белгілі. Қылмыстық өмірбаянына қарамастан 2003 жылы оны Алматы қаласы бойынша Қаржы полициясы департаменті оперативтік бөлімінің басшысы етіп тағайындайды. 2005 жылы ол соңынан жұмыстан босау негізінде басқарма бастығының орынбасары лауазымынан шеткерілетілді, алайда үстіміздегі жылғы наурыз айында сот оны бұрынғы лауазымына қайта келу жөнінде шешім шығарды. Қыстаубаев өз қарамағындағы офицерлерді тарта отырып, «жылу жинау» жүйесін ұйымдастырып, екіжүзден астам коммерциялық ұйымға «алым-салық» салып келген. Тінту кезінде аталған азаматтан өкілдік класындағы төрт автокөлік, көптеген бағалы заттар және басқа да қымбат бағалы бұйымдар тәркіленді.

 

Ішкі істер органдары жүйесі бойынша айыпталушылар арасында полиция қызметкерлерінің ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін бөлімшелердің жетекшілері де бар. Атап айтсақ, олар ІІМ орталық аппараты ішкі қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары Шамелов, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті ішкі қауіпсіздік  басқармасы бастығының орынбасары Ботанбаев.

 

Алматы облысы бойынша кедендік бақылау жөніндегі департамент бастығының орынбасары Рамазанов, «Қорғас» кеденінің бастығы Жұмабеков, оның орынбасары Баймұханов және солармен бірге прокуратура және ішкі істер органдарының қызметкерлері тұтқындалды.

 

Заңсыз іс-әрекеттері анықталған тұлғалардың кедендік органдардан өз еріктерімен жұмыстан босап, белгілі бір кезеңнен кейін кедендік қызмет жүйесіне басшылық лауазымдарға қайта тағайындалғаны жөніндегі оқиғалар да бар. Мәселен, «Талдықорған» кеден бекетінің бұрынғы бастығы Ысқақов аттестациядан өтпей қалып, 2002 жылы өз еркімен жұмыстан босауына тура келген. 2003 жылы ол фамилиясын өзгертеді және Қарағанды облысы бойынша кедендік бақылау жөніндегі департаментіне қабылданады. Қазіргі уақытта ол «Қорғас» кеденінің бастығымен бірге қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

 

Қауіпсіздік кеңесі отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар шаралар талқыланды. Атап айтқанда, сыбайлас құқық бұзушылықты туғызатын алғышарттарды жою және қысқарту мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылып отыр. Мемлекеттік қызметке келетін тұлғаларға қойылатын талап күшейтіліп, тәртіптік кеңестердің қызметінің белсенділігін арттыру шаралары қабылданды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан мемлекеттік органдарға объективті баға беру үшін тиісті өлшемдер бекітілді.

Мемлекет басшысы баяндамаларда көрсетілген барлық сыбайлас құқық бұзушылықтар бойынша егжей-тегжейлі және тыңғылықты тергеу амалдарын жүргізу жөнінде тапсырма берді. Аталған жұмысты жүргізу Президент Көмекшісі-Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы М.Тәжинге жүктелді.  Топ құрамына ҰҚК Төрағасы А.Шабдарбаев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Имашев, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік Төрағасы С.Қалмырзаев енді.

 

Сауықтыру шаралардың маңыздылығы, қоғамымызда сыбайлас жемқорлықтың жағымсыз іс-әрекет екенін жеткізу, жүйелі қадамдарды әзірлеу қажеттілігі ескеріле отырып, Қауіпсіздік кеңесінің құрамынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі ведомствааралық комиссия құру жоспарланды.

 

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында өте маңызды саналатын көші-қон саясатын жетілдіру мәселесі қаралды. Қазақстанның геосаяси жағдайы, орасан аралықты қамтитын шекара елімізді түрлі мигранттар тобының оңтайлы транзиттік аймағына айналдырды.

 

Орталық Азия өңіріндегі көптеген елдермен салыстырғанда Қазақстанның оң бағыттағы айырмашылықтарына, әлемдік экономикаға белсенді түрде ықпалдасуына, саяси және экономикалық тұрақтылығына, сондай-ақ Қазақстан аумағы арқылы құрлықтың еуропалық бөлігіне шығуға мүмкіндік туғызатын географиялық жағдайына байланысты республикамыз заңсыз және еңбек көші-қоны үшін барынша тартымды нысанына айналып барады.  

Қазақстанның соңғы жылдары ашық әрі тартымды көші-қон саясатын жасағаны атап көрсетілді. Институционалдық сипаттағы мәселелер шешімін тауып, негізін «Халықтың көші-қоны туралы», «Қазақстан Республикасындағы шет ел азаматтарының құқықтықө жағдай туралы», «Босқындар мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңдар құрайтын тиісті заңнамалық база құрылды.

 

Қазақстан босқындар мәртебесі туралы конвенцияға және босқындар мәртебесіне қатысты Хаттамаға қосылды. Сонымен қатар Қазақстан еңбекті ұйымдастырудың халықаралық 15 конвенциясын бекітіп, 1998 жылы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

 

Алайда, жаһандануға байланысты көші-қон саласында орын алған елеулі өзгерістер, халықаралық лаңкестік пен экстремизмнің ушыға түсуі көші-қон үдерісіне қатаң бақылау жасау және тиімді басқаруды қамтамасыз ету қажеттігін алға тартып отыр. Сонымен бірге Қазақстан үшін ашық ел ретінде қалып, жоғары білікті мамандардың келуіне жол ашатын өзінің тартымдылығын сақтап қалу аса маңызды.

 

Көші-қон саясатының бүгінгі таңдағы жай-күйіне талдау жасалып, аталған салада шұғыл түрде шешімдер қабылдауды талап ететін  бірқатар проблемалардың бар екені анықталды. Президент тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

2006 жылдың соңына дейін республикамыздағы еңбекке тартылған  шетелдік жұмыс күшін заңдастыру, ел аумағында жұмыс істеп жүрген және кәсіпкерлік қызметпен айналысып жатқан шетелдік азаматтардың еңбек мигранттары мәртебесін алудың тетіктерін жасау жұмыстары аяқталуы тиіс.

 

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының наурыз айындағы Жолдауын жүзеге асыру аясында «Заңсыз еңбек мигранттарын заңдастыру туралы» Заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына ұсынылды. Әңгіме бір реттік акциялар төңірегінде болып отыр.

 

Ақпарат алмасу тәртібін жетілдіру және жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мүмкіндіктері ескеріле отырып, көші-қон мәселесі бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдыдың қалыптасқан жүйесін құру жөніндегі шаралар қабылданатын болады.

 

Шетелдік кәсіпкерлік құрылымдардың республикамыздың салық, еңбек және көші-қон заңнамаларын сақтауларына тиісті бақылауды қамтамасыз етіп, өңірлік еңбек рыноктарының қажеттіліктері ескере отырып оралмандарды алғашқы тұрғылықты жерлеріне орнықтыру жөніндегі шаралар қабылдануы тиіс.

 

Бас прокуратура көші-қон саласында заңдылықтың сақталуына қадағалау жасауды күшейту қажет.

 

Қабылданған шешімдердің орындалуына бақылау жасау Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына жүктелді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар