Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

27 наурыз 2012
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысты.

02(2)

04(2)

03(2)

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Вашингтонда болған кездесуден кейінгі екі жылдың жаһандық ядролық қауіпсіздік саласындағы елеулі оқиғаларға толы болғанын атап  өтті.

Біріншіден, 2011 жылы ДНЯО-ның  Шолу конференциясы болды.  Екіншіден, екі жыл ішінде әлемде жоғары деңгейде байытылған уранның басым көпшілігі жойылды. Әлемдегі отыздан астам мемлекет ядролық қауіпсіздік саласында ұлтық міндеттемелер қабылдады. Үшіншіден, 2010 жылы Астанада Ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастама конференциясы табысты өтті.

– Менің Жарлығыммен ерікті түрде Семей сынақ полигоны жабылғалы бері 20 жыл өтті. Оның физикалық қауіпсіздігін арттыру жөніндегі көпжылдық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан, Ресей және АҚШ өзара сенім негізінде серіктестіктің үлгісін көрсетіп отыр, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар ұлттық деңгейде Қазақстан 210 тонна өңделген ядролық отынды қауіпсіз сақтау орнына тасымалдауда теңдесі жоқ жобаны жүзеге асырғанын айтты. Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы «Сегіздік тобы» (G-8) елдерінің Жаһандық серіктестігіне қосылды.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті ядролық энергетика тек абсолюттік қауіпсіздік кепілдігі жағдайында және ең басты үш қағидат негізінде дамуы тиістігін атап өтті. Біріншісі – Әмбебаптық. Бейбіт атомды игеру саласындағы халықаралық-құқықтық тәжірибені жинақтау және жүйелеу қажет. Екіншісі – Транспаренттілік және Жеделдік. Ядролық нысандардағы кез келген оқиға туралы толық және жедел ақпаратпен хабардар етумен қатар, төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етудің айқын тетіктері жасалуы керек. Үшінші қағидат – Теңдік және Сенім. Барлық мемлекеттерге бейбіт ядролық технологияларға қол жеткізуде, сондай-ақ төмен деңгейде байытылған халықаралық уран банкінің кепілдендірілген қорын пайдалану мүмкіндігінде тең құқықтар берілуі тиіс.

– Қазақстан ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерді әр 2 жыл сайын өткізуді ұсынады. Біз мұндай саммиттердің бірін болашақта Астанада өткізуге дайынбыз. Қазақстан АҚШ пен Ресей арасындағы Стратегиялық шабуылдау қару-жарағын  (СШҚ) қысқарту жөніндегі Шарттың күшіне енуін жақтайды және ДНЯО ережелерін сақтайтын мемлекеттерге қатысты ядролық қару қолданудан бас тарту бөлігіндегі Президент Барак Обаманың жаңа ядролық стратегиясын қолдайды. Ядролық қаруы бар барлық мемлекеттерді осындай игі әрекетке  шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар ДНЯО режімінің эрозиясы шындыққа айналғанын, ал ядролық қаруға ие елдер тобының бақылаудан тыс көбеюі жиырма бірінші ғасырда туындаған ең бір ауыр қатердің қатарында қалып отырғанын атап өтті. Кейбір мемлекеттер ядролық қаруға ие болуды қауіпсіздіктің факторы ретінде қарастырады.

– Әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан өз елімнің тәжірибесіне сүйене отырып, мынаны айта аламын:  қауіпсіздікке нағыз сенімді кепілдікті орнықты әлеуметтік-экономикалық даму ғана бере алады. Осыған байланысты, мен ядролық қаруды бірінші болып қолданатын елді оқшаулау және оған байкот жариялауға дейінгі ең қатаң халықаралық шараны қолдану туралы келісуді ұсынамын. Сонымен бірге, ядролық державалар ядролық қаруды иеленуден бас тартқан мемлекеттерге Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен қауіпсіздік кепілдігін беруге тиіс, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент сөзінің орыс тіліндегі мәтінін мына  жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар