Жаңалықтар

12 мамыр 2011
Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған кезекті отырысы болып өтті.

Отырыста Ақмола, Атырау облыстары әкімдерінің және Әділет министрінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау жөніндегі жұмыстары туралы есептері тыңдалды.

Комиссия төрағасы өз сөзінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді стратегиясы мен көрнекті жасампаз қызметінің арқасында Тәуелсіз Қазақстан өзінің мерейтойын экономикасы қуатты, демократиясы дамыған және әлемде өзіндік құрметке ие болған ел ретінде қарсы алып отырғанын ерекше атап өтті. Біздің мемлекеттік рәміздер бүгінгі күні әлемнің көптеген елдері мен халықаралық ұйымдарға танылған, ал біздің отандастарымыз өз республикасымен заңды түрде мақтана алады.

Мемлекеттік рәміздер – егемен Қазақстанның бөлінбес және маңызды атриубттары, - деп атап өтті одан әрі ҚР Мемлекеттік хатшысы. Оларға деген мемлекеттік органдардың, еліміздің азаматтарының көзкарасы біздің патриоттығымыз бен Отанға деген құрметіміздің көрсеткіші болып табылады.  Бұл сезімдер Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерейлі мерекесінде мейірімді, берекелі ортаны қалыптастырып, арттыра түсуі керек. Салтанатты мерекеге дайындық жасау және оны өткізу кезінде орталықпен қатар, жергілікті жерлерде де мемлекеттік рәміздердің маңызды рөлі атап өтілуі тиіс.

Қорыта айтқанда, 20 жылдықты мерекелеу біздің мемлекеттілігімізді, халқымыз бен оның Елбасының бірлігін нығайтуда, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі көтеруге оң ықыласын тигізуі тиіс.

Отырыс қорытындысында «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР Конституциялық заңының бұлжытпай  сақталуы жөнінде нақты  ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар