Жаңалықтар

12 тамыз 2008
Бүгін кешкілік Шолпан_Атада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиевпен кездесуі болды.

 – Өкінішке орай, ТМД-ның жекелеген елдерінің күш салуымен біздің Достастық болбыр болуға айналды және осындай қақтығыстарға араласу тетіктері жоқ, – деп атап өтті Н.Назарбаев.

Осыған байланысты мемлекет басшылары ахуалды бағалау және Достастық аумағындағы – Таулы Қарабақтағы, Приднестровьедегі, Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы барлық ішке бүгілген қақтығыстарды шешу жолдарын әзірлеу үшін ТМД елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесу қажеттігі туралы пікір білдірді.

Қазіргі кезде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында төрағалық етуші Президент Қ.Бакиев Қырғыз Республикасы дипломатиялық ведомствосының ТМД бойынша әріптестерімен жүргізіліп жатқан консультациялары туралы айтып берді.

– Біздің сыртқы істер министріміз өзінің әріптестерімен байланысып тұр. Бәрі де болған жәйтті айыптайды. Алайда, осынау күрделі мәселелерді шешу үшін тетіктер, иіндер қажет. ТМД Мемлекеттер басшылары Кеңесінің деңгейінде мұндай проблемаларды шешудің адамдар құрбандығына соқтырмайтын жолдарын табу қажет, – деді Қ.Бакиев.

Мемлекет басшылары сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, осы жылдың сәуірінде екі елдің Жоғары мемлекетаралық кеңесінің 2-ші отырысында қабылданған шешімдерді іске асырудың барысын талқылады.

Қазақстанның 1 шілдеден бастап Қырғызстан азаматтары үшін ішкі істер органдарында тіркелместен Қазақстанда 90 тәулікке дейін болу құқығын енгізгені атап өтілді. Еңбек миграциясы саласында басқа мәселелерді де шешу жолдарын іздестіру жалғастырылатын болады.

Өзара тауар айырбасы өсіп келеді, 2008 жылғы қаңтар-маусымдағы оның көлемі 280 млн. долларды дерлік құрады, мұның өзі 2007 жылғы сәйкес кезеңнің көрсеткішінен 26%-ға артық.

– Біз тауар айналымын миллиард долларға дейін ұлғайтқымыз келер еді, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Таяудағы уақытта Қырғызстанның мемлекеттік резервін қамтамасыз ету үшін 40 мың тонна азық-түлік бидайын беру мәселесі оң шешілетін болады.

Мемлекеттердің басшылары екі туысқан мемлекеттің стратегиялық өзара ықпалдастығын одан әрі нығайтуды, сауда-экономикалық байланыстарды барынша кеңейтуді жақтаған пікір білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар