Жаңалықтар

24 шілде 2008
Бүгін Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов пен «Қазақмыс» корпорациясының президенті Владимир Кимді қабылдады.

А.Есімовпен болған кездесуде Алматы қаласындағы әлеуметтік-экономикалық ахуал кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жаңадан құрылған Алатау ауданының құрылысы мен үлескерлердің мәселесін шешуге қатысты Алматы қаласының әкіміне нақты тапсырмалар берді. Ахметжан Есімов үлескерлердің мәселесін шешу үшін 20,4 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді.


Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы құрылыс мәселесіне ерекше көңіл бөлу керектігін қадап айтты.


- Мен Алматы әкіміне қаланы, әсіресе, оның тарихи бөлігін нығыздай беру мәселесін кешенді түрде қарастырып, тоқтатуды тапсырдым.

Қазір біз жаңа Алатау ауданын аштық. Құрылыс салғысы келетіндер сол жерге баруы тиіс. Онда бос жерлер бар. Сол ауданды дамыту керек.

Қаланың экологиялық ахуалын, көлік қозғалысын жақсарту қажет. Біз келесі жылы Алматыда метро ашамыз.

Мен екі жыл бұрын Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бойында, Ұлттық саябақта кез келген құрылысты тоқтатуға, қоршауларды алып тастауға, өзендерді тазартуға тапсырма бердім. Ол жер жұрттың демалатын орнына айналуы тиіс, - деді Президент.


«Қазақмыс» корпорациясының басшысы Владимир Ким Елбасын компанияның инвестициялық жобалары туралы хабардар етті. Компания 2010 жылға дейін өндірісті дамытуға 2 миллиард АҚШ долларын бөлуді жоспарлап отыр.


Президент корпорация өндіріспен қоса, әлеуметтік жауапкершілік пен қоршаған ортаны қорғау мәселесін басты назарда ұстауы қажеттігін айтты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар