Жаңалықтар

28 мамыр 2010
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жасаған жұмыс бабындағы іссапарында Васильков кен-байыту комбинатындағы алтын өндіретін жаңа фабриканы ашты.

01

02

03

Бұл іс-шара Президенттің өңірге сапарының бағдарламасының негізгі бөлігіне айналғаны кездейсоқ емес. Васильков кен-байыту комбинатының жаңа өндірісі – Қазақстанның үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған алғашқы жобаның бірі. Жаңа фабрика жобалық қуаты бойынша жылына 8 миллион тоннаға дейін кен өндіріп, жыл сайын 15 тоннаға дейін алтын алуға мүмкіндік береді.

«Васильков КБК» АҚ келген соң, Нұрсұлтан Назарбаев осында арнайы техникалар пайдаланылатын кенішті аралап, өндірістік жаңа технологиямен танысты.

Фабриканың ашылу рәсіміне қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Президент бұл тек комбинат және Ақмола облысы үшін ғана емес, еліміз үшін үлкен оқиға екенін атап өтті.

Президент Қазақстанның Тәуелсіздігі жылдарынан бергі уақыт ішінде комбинат еліміздің алтын қорын молайтуды қамтамасыз етіп келе жатқанына тоқталды. Бұл өз кезегінде – мемлекеттің экономикалық қуатын, оның қаржылық жүйесін нығайтып, барлық реформалардың табысты жүргізілуін және халықтың өмір сүру деңгейінің артуын қамтамасыз етті.

Жаңа өндіріс – бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды өңірінен саналатын Ақмола облысының индустриялдық-инновациялық ісіндегі маңызды қадам. Қазіргі уақытта облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі өңірлік жалпы өнімнің 20 пайызын құрайды. Жаңа индустриаландыру барысында өңірдің экономикасына қосатын өнеркәсіптің үлесі артатын болады. Өткен жылы ғана облыста құны 18 миллиард теңгені құрайтын 12 индустриалдық жоба аяқталды. Бүгінде 20-ға жуық өндіріс аяқталуға таяу.

Мемлекет басшысы комбинат басшылығының назарын қызметкерлердің біліктілігін арттырудың, кәсіпорынды білікті жас мамандармен ұдайы толықтырып отыруды қамтамасыз етудің маңыздылығына аударды. Сондай-ақ жұмысшылардың еңбек жағдайын арттыру, олардың күнделікті өмірінде қолайлы жағдай жасап, еңбек ардагерлері мен зейнеткерлерге қамқорлық көрсету қажет.

Президент комбинат ұжымын жаңа өндірістің ашылуымен құттықтап, тыныштық, табыс және игіліктер тіледі.

Кездесуді аяқтай келе, Нұрсұлтан Назарбаев Васильков кен орнын және комбинатты «Алтын тау» деп атауды ұсынды.

Өз кезегінде кәсіпорын жұмысшылары Нұрсұлтан Назарбаевқа барша қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саясат жүргізіп отырғаны үшін алғыстарын айтты.

Одан кейін Мемлекет басшысы Зеренді ауданындағы «Зеренді-Астық» ЖШС егістік алқабында болды. Осы жерде облыс басшылығы Президентті өңірдегі көктемгі егістік жұмыстарының барысынан хабардар етті. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар