Жаңалықтар

10 маусым 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың айналасына сапары кезінде елорда маңындағы аймақта жасыл белдеуді дамыту барысымен танысты.

01

02

Астана қаласының әкімі И. Тасмағамбетов Президентті астананың маңайындағы аймақты жасыл желекке айналдыру жөніндегі тапсырмаларын орындау туралы хабардар етті.

Бүгінгі таңда жасыл аймақтың жалпы ауданы 16 584 гектарды құрайды, соның ішінде 11 502,2 га аумақты орманды алқап алып жатыр. Онда 9,6 миллион ағаш пен 1,9 миллион бұталар өсірілген. Астананың «жасыл белдеуін» қалыптастыру Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша 2009 жылдан басталды. Елорданың жасыл белдеуіне, ондағы жасыл желектерге күтім жасау, орманды алқапты өрттен қорғау, зиянкестермен күрес жүргізу жұмыстарымен «Астана орманы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны айналысады.

Ағымдағы жылы кәсіпорын бұған дейін егілген жасыл желектерді қайта құру, Оңтүстік-батыс бөлікте және Талдыкөл тоғанында 4500 гектар ауданға жайылатын орман алқаптарын құру жобаларын жүзеге асыруға және жасыл желектерді түгендеуге кірісіп кетті. Жалпы, 2013-2022 жылдар аралығында 6042 гектар орманға жарамды аумақта төрт жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Аталған жобаны жүзеге асырудың мәні жасыл белдеудің орман қорғау жолақтарын орман алқаптарына айналдыру, ұзақ уақыт қызмет ететін, қылқанды, жемісті тұқымдардан тұратын, жоғары санитарлық–гигиеналық және эстетикалық қасиеттерге ие тұрақты орман қалыптастыру, орман аумақтарын тиімді пайдалану болып табылады.

2010 жылдан бері «Астана орманы» МКК көшет тұқымдарын іріктеу, энтомофаг жәндіктерін тарту және көбейту мақсатында көпжылдық екпе шөптер егу, хайуанаттар әлемін дамыту үшін құстар мен жануарларды өсіру бойынша ғылыми-тәжірибелік шаралар жүргізуде. Осы мақсатта құс ұстайтын арнайы торлар салынып, қырғауылдың 105 дарасы сатып алынды.

Жасыл белдеумен танысу барысында 50 қырғауыл табиғи ортаға босатылады. Сонымен қатар, тәжірибе ретінде жасыл белдеу аумағына 5 елік әкелінді.

Орман алқабы аумағында орнатылған жел электр станциясы бірегей құрылғы болып табылады. Ол жел жылдамдығы төмен болған кезде де ток бере алады. Әлемде мұндай станциялар жоқ, бұл - қазақстандық ноу-хау.

Жасыл аймақтың ландшафтының көрінісі тартымды болуы тиіс, ол елорда тұрғындары үшін мәдени, сауықтыру, санитарлық–гигиеналық тұрғыдан бағалы болуы керек.

Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жасыл белдеу аумағында халықтың қысқа мерзімді демалысы үшін қолайлы орындарды дамыту мақсатында 50 орындық автокөлік тұрағын, ұзақтығы 2 шақырым велосипед жолын салды, 3 күрке орнатты. Болашақта велосипед жолын ұзарту есебінен демалыс аймағын 12 шақырымға дейін жеткізіп, ондағы күркелер санын 30-ға көбейту көзделіп отыр.

- Біз дәстүрлі түрде Астананың айналасындағы орман алқабына жүргізілетін жұмыстардың қорытындысын шығарамыз. Бұл жұмысты 1997 жылдан бері жалғастырып келеміз. Осы жылдар ішінде 55 000 гектар егілді, соның ішінде 16 500-і қаланың ішінде. Бұл шамамен 12 миллион ағаш пен бұта. Бұл күнде қаланың іші мен айналасын жасыл желекке бөлеп, өте жақсы экологиялық жүйені құрды. Орман – қаланың келбеті. Орман мен жасыл желек оттегі бөліп, көмірқышқыл газын өзіне тартып алады және оттегіні шығарады. Бұл бір жағынан. Екінші жағынан, біз елімізді жасыл желекке бөлейміз, іс жүзінде орманды алқаптарды, бірнеше орман шаруашылығын құрдық. Бұдан он жыл бұрын отырғызылған алғашқы ағашты қараңызшы, 20 метрге биік болып өскен, үлкен орман дерлік. Мұнда жидектер саны өте көп, адамдар осынан күзде жидектер, саңырауқұлақ жиып алады. Енді хайуанаттар дүниесін құру керек. Бүгін біз осында тұрақтап қалатын хайуанаттар мен құстарды жібердік. Оларға күтім жасайтын база бар, олар Астана маңында өсімдіктер дүниесі мен хайуанаттар дүниесін құрады. Бұл маңда еліктер бар, біз бүгін қырғауылдарды жібердік, түлкілер, қояндар бар. Тың игеру уақытында бәрі жойылып кеткен, енді бәрін қайтадан қалпына келтіретін боламыз. Бұл - еліміз үшін істейтін үлкен игілікті іс. Жалпы, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша Қазақстан бойынша жыл сайын 60 мың гектар іске қосылады. Бұл істі әлемді қайсы бір ел жасады? Бұл әлемдік экологиялық қауіпсіздік жүйесіне қосқан біздің үлесіміз. Яғни, бұл - үлкен игілікті іс,             оны сіздер жыл сайын бақылап жүрсіздер. Мен сіздерге осы алқапты аралап, мынау жайқалып өсіп тұрған орманды көрсетіңіздер демекпін. Өйткені осының бәрі, осы әдемілік – біз бен сіздер үшін және болашақ ұрпағымыз үшін жасалып отыр, - деді Президент журналистерге арналған брифинг барысында.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар