Жаңалықтар

4 шілде 2008
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз аймақтарының Астанаға сыйға тартқан нысандарын аралап көрді.

Президент Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы, майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды. Аты аңызға айналған батыр ескерткіші Жамбыл облысы жұртшылығының Астананың 10 жылдық мерейтойына жасаған тартуы. Қоладан құйылған батыр мүсінінің авторы Темірхан Көлжігіт, сәулетшісі Бақыт Сыздықов. Ескерткіш елордадағы Б.Момышұлы даңғылы мен А.Тоқпанов көшелерінің қиылысында орнатылған.


Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне барды. Бұл ескерткіш – Алматы облысының елорда тойына тартуы. Ташенов көшесінде орнатылған ескерткіштің авторлары – мүсінші Нұрлан Далбаев және сәулетші Қазбек Жарылғапов. 3,5 га жерді алып жатқан сквер аумағы жолбарыс, барыс, Самұрық құсы секілді шағын архитектуралық мүсіндермен әшекейленген демалыс аймақтарына бөлінген. Сквердің аумағы жарықтандырылып, бұл жерге алуан түрлі гүлдер отырғызылған.


Мемлекет басшысы Жеңіс даңғылы мен Әлия Молдағұлова көшелерінің қиылысында орналасқан Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова мемориалдық кешенінде болды. Кешен екі жартылай дөңгелек құрылымнан, қос субұрқақ, шамға арналған қызыл гарнитпен қапталған алты тұғырдан, скульптуралық тұғыр мен гүлзардан құралған. Қоладан жасалынған биіктігі 3,8 метр А. Молдағұлова ескерткішін Астананың 10 жылдығына Ақтөбе облысы сыйға тартып отыр. Авторы ҚР Суретшілер одағының мүшесі Бақытжан Абішев.


Президент Н.Назарбаев сонымен қатар, Сарыарқа даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысындағы Евразия скверінде, Батыс Қазақстан облысы қалпына келтірген «Евразия» монументінің ашылу салтанатына қатысты. Оған Еуропа мен Азия континентін біріктірген өзіндік еуразиялық көпір идеясы арқау болған. Басты компоненті Еуразия монументіне бейбітшілік пен дамудың символы болып табылатын қасиетті шаңырақтан бастау алатын екі жапырақ сквердің басты тұжырымдамасы болып табылады. Барлық сәулеттік композиция үшсатылы дөңгелек негіз-стилобатта орналасқан. Композиция «Еуразия-біздің ортақ үйіміз» деген мағынаны білдіреді. Идеяның авторы БҚО әкімінің бұрынғы орынбасары Асхат Акчурин, жобалаушы БҚО бас сәулетшісі Қуаныш Қияшев.


- Бүкіл Қазақстан болып елордамыз Астананың 10 жылдық мерекесін атап өтудеміз. Жергілікті жерлердегі, орталықтағы барлық бұқаралық ақпарат құралдары елорда тойын жұртқа көрсетіп жатыр. Елорда тойы тек астаналықтардың ғана емес, бүкіл қазақтың, барша қазақстандықтардың мерекесі. Сондықтан мен мерейтой қарсаңында еліміздің өңірлеріне мерекеге өз үлестерін қосу жөнінде тапсырма берген болатынмын. Мен барлық облыстардың Астананың 10 жылдығына жасаған тартуларымен танысып, көріп шықтым. Саябақтар жасалып, гүлзарлар егілді, ескерткіштер орнатылды. Барлық дүниелер шын жүректен, адал көңілмен жасалған. Сондықтан еліміздегі барлық облыстардың халқына, әкімдіктеріне шын жүректен алғысымды айтамын. Астанаға жасаған тартулары құтты болсын, - деді Н.Назарбаев.

Астана – бұл біздің өркендеуіміздің, дамуымыздың символы. Елордаға қарап еліміздегі барлық облыс орталықтары бой түзейтіндігін атап көрсетті. Еліміз жаңаруы үшін енді біз жер-жерлердегі қалаларымызды, аудан орталықтарын, ауылдық елді мекендерді де қазіргіден де әдемі етіп гүлдендіруге көшеміз, - деді Президент.


Барша қазақстандықтарды Астананың 10 жылдығымен құттықтаған Н.Назарбаев, халыққа тыныштық, береке, баянды болашақ тіледі.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республика өңірлерінің елорда тойына жасаған тартуларын аралап көргеннен кейін, Ақордада облыс әкімдеріне «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалін тапсырды.


Елбасы облыстардың және Алматы мен Астана қалаларының басшыларына елорданың 10 жылдық мерейтойына жасаған сыйлары үшін алғыс білдірді.


- Уақыттың аздығына қарамастан сіздер үлкен жұмыс атқардыңыздар. Астанаға өңірлер сыйға тартқан гүлзарлар, субұрқақтар қаланы гүлдендіріп жіберді. Бұл барлық қазақстандықтардың Астана құрылысына қосқан үлесін айғақтайды, - деді Н.Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар