Жаңалықтар

3 маусым 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
01

Кеңеске Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, сондай-ақ Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі, Президентке бағынысты мемлекеттік органдар, орталық атқарушы органдар, Астана қаласы, қалалық департаменттер мен басқармалар, Ақмола облысы аудандары әкімдіктерінің басшылары, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, екінші деңгейлі банктер, мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

«Қазақстан» орталық концерт залына келгеннен кейін Мемлекет басшысы жаңа архитектуралық жобалармен, қаланың коммуналдық шаруашылығын басқарудың электрондық жүйесімен, елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту картасымен таныс болды.

Кеңесті аша отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан биылғы жылы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетінін айтты.

- Біз жалпы алғанда, еліміз бойынша қол жеткізген зор табыстарымызды атап өтеміз, оның ішінде Астанаға ерекше тоқталатын боламыз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінде Астана ТМД-дағы ең қолайлы қалалардың бірі ретінде танылғанын атап өтті. Астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық Ассамблеясы өткізген байқаудың қорытындысы бойынша Астана ТМД-дағы 81 қаланың арасында үздік деп жарияланды.

Тек 2000 жылдан бастап ішкі өңірлік өнім 16 есеге өсті, ал жан басына шаққанда – 9 есеге жетіп, 18,5 мың АҚШ долларын құрады. Бұл Қазақстан бойынша орташа алғанда, екі есеге артық. Бұл Орталық және Шығыс Еуропадағы дамыған мемлекеттердің деңгейі. Яғни, Еуропалық Одақпен деңгейлес.

Осы жылдарда инвестиция мен өнеркәсіп өндірісі 6,5 есе, шағын бизнес өнімдері – 9 есе, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі – 10 есеге өсті. Қаланың бюджеті 10 есеге өсіп, 2 миллиард долларды құрады. Қырғыз Республикасының мемлекеттік бюджеті, салыстырып қарасақ, 1,8 миллиард доллар.

- Осы жылдардың ішінде, дағдарыс кезеңінде де, жоғарғы қарқын сақталуда. Біз тұрып қалған жоқпыз, жұмыс істедік, өйткені елорда – біздің ортақ жұмысымыз, ортақ мақтанышымыз, ортақ міндетіміз, - деді Президент.

Астана осылайша еліміздегі адам даму индексі бойынша ең жоғары көрсеткішке ие. Мұнда бала өлімінің көрсеткіші төмен – еліміз бойынша 2 есеге төмен. Соңғы 10 жылда бала туу 2,5 есеге артты, жалпы адам өлімі 1,5 есеге төмендеді, халықтың табиғи өсімі 6 есеге артты. Соның нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы Астанада 74 жасқа ұлғайды. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Медициналық кластер табысты жұмыс істеуде, үздік шетел мамандары тартылуда. Халықаралық деңгейдегі зерттеу орталықтары бар «Назарбаев Университеті» ашылды. Осы жоғары инновациялық оқу орны үшін абитуриенттер, студенттер даярлайтын интеллектуалдық мектептер жұмыс істеуде.

Қаланың бірегей архитектуралық келбеті қалыптасты. Қаланың инфрақұрылымы жаңартылуда, саябақтар, ойын-сауық орталықтары ашылуда. Қалалықтардың қолайлы өмірі үшін жағдай жасалған.

- Астананы тұрғызып, осылайша біз елімізде мемлекетіміздің экономикасын ұлғайтатын  жаңа орасан орталықты құрдық. Мультипликативтік тиімділігі орасан. Астанаға қарап барлық қаламыз, облыс орталықтары, тіпті аудан орталықтары жаңаратын болады. Бұлай болмағанда, қарқынды өсу де болмас еді. Енді біз бұдан әрі не істеуіміз керектігі туралы айтамыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес барысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Президентке қаланың дамуы мен перспективасы туралы баяндады.

Астана әкімі өз сөзін: «Бүгін Өзіңіздің тікелей қатысуыңызбен кезекті алқалы жиында бас қосып отырмыз. Ондағы басты мақсатымыз – Өзіңізге Елордамыздың даму барысы жайында мәлім етіп, қордаланған мәселенің түйінін талқылау. Өзіңіздің ерекше қамқорлығыңыздың арқасында Астана алғашқы күннен-ақ айшықты даму жолын таңдап, сол бағыттан тайған емес. Оның әрбір көкейтесті мәселесі де Өзіңіздің жеке назарыңыздан тыс қалған емес», деп бастады.

И. Тасмағамбетов одан әрі өзінің баяндамасында мәселелерді жүйелі шешу туралы жан-жақты тоқталды.

Оның біріншісі – тұрғын үй құрылысы. Мемлекет басшысының қолдау көрсетуінің арқасында құрылыс секторы өзінің оң серпінділігін жоғалтқан жоқ. Өткен үш жылда 4 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жылы тағы 1,4 миллион  шаршы метрді құрайтын тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Үлестік секторға қатысты. Президенттің тапсырмасы бойынша бұл сала мемлекеттік қолдауға ие болды. Қазіргі жағдай бой­ын­ша үлескерлердің 95 пайызының мәселесі шешімін тапты. Бұл 218 тұрғын үй кешеніндегі 35 мың үлескерге қатысты.

Бүгінде қалада 5914 үлескердің қатысуында 25 тұрғын үй бар. Бұл нысандардың құрылысы осы жылы толық аяқталатын болады.

Ағымдағы жылдың аяғына дейін 2005-2007 жылдардағы және 2008-2010 жылдардағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру толығымен аяқталатын болады.

Қазіргі уақытта әкімдік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2011-2014 жылдарға арнал­ған тұрғын үй құрылысының жаңа бағ­дарламасын жүзеге асы­руға кіріскен. Ол бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті. Аталған бағдарлама аясында 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Оны іске асыру кезінде «Мыңжылдық аллеясы», «Хан Ша­тыр» кешенінің батыс маңайындағы және Әуежай бағытындағы айналымнан Қабан­бай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесі бойына дейінгі ауданды қарқынды игеру басталды. Жалпы көлемі шамамен 5 млн. шаршы метрді құрайды.

Екінші - әлеуметтік нысандар құрылысы­.

Өткен жылы соңғы бес жылда алғаш рет жалпы білім беру, мектепке дейінгі және медициналық мекемелердегі ор­ын­дар тапшылығы проблемасы тө­мендеді.  2010 жылы орындар тапшылығын 18 мыңнан 13 мыңға қысқартуға мүмкіндік туды. Тек өткен жылдың өзінде ғана 5 мыңға жуық жаңа орын ашылды.

«100 мектеп құры­лы­сы» жобасы аясында жоспар­лан­ған 7 мектептің қазіргі кезде 6-сы­ның құрылысы аяқталды.  Жыл соңына дейін Ильинка ауылын­дағы мектептің құрылысын аяқ­тау көзделіп отыр.

Бағдарламадан тыс өткен жылы әкімшілік ор­та­лығындағы 1200 орындық №66 мектеп оқушыларға  есігін ашты. Сондай-ақ, осы жылы тағы 5 мектептің құрылысы басталатын болады.

Мектепке дейінгі мекемелер жөнінде.

2010 жылы «Балапан» бағдарламасы бой­ын­ша 50 мектепке дейінгі мекеме пайдалануға берілді. Ал бұл - 11 мыңнан астам жас балғынға арналған жаңа балабақ­ша. 2011 жылы жалпы саны  9095 орынды құрай­тын тағы 33 балабақшаны іске қосу көзделінген.

Денсаулық сақтау жүйесі жөнінде.

Бүгінде ауруханалар орындарын оңтайландыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Ескі медициналық мекемелердің ғимараттары мен ондағы жабдықтардың ескіргендігі ескеріле отырып, ол мекемелерді жаңадан салынған ғимараттарға көшіру туралы шешім қабылданды. Осы ретте босатылған бөлмелерде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, жұмыс істеп тұрған емханалардағы адам саны 3-4 есеге арта түскен. Бұл мәселелерді еліміздің Ден­сау­лық сақтау министрлігі қол­да­ды. Осыған орай, қазіргі кезде «100 аурухана» бағдарламасы ая­сындағы нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған бағдарламаға сәйкес 9 нысан тұр­ғызу жоспарланған. Оның екеуі өткен жылы пайдалануға берілді. Қалған нысандардың құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқ­та­лады. Басқа нысандар бойынша 2010 жылы бюджеттің қысқартылуына байланысты басталып қойған құрылыс жұмыстары 2012 жылға ауыстырылды. Бағдарламадан тыс бүгінде қаланың сол жаға­лау­ындағы №19 көшедегі 500 адамды  қабылдауға арналған амбулаториялық-емха­на­лық кешеннің құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Жоспар бойынша ол 2012 жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Үшінші – Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан маңызды нысандар жөнінде.

Қазіргі күнге дейін барлығы 6 ірі нысанда құ­ры­лыс жұмыстары жүргізілуде. Оның төр­теуі­нің  құрылыс жұмыстары  би­ыл­ғы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы жылында бітетін болады.  Олар – Хэйли Берри үлгісіндегі ағыл­шын мектебі, Хазірет Сұлтан мешіті, Телерадио кешені және Оқу­шы­лардың  шығармашылық сарайы.

Үкіметтің 2011-2014 жыл­дарға арналған бағдарлама­сы­ аясында бүкіл қала бойынша 528 көп пәтерлі үй  ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет етеді. Бағдарламаға сәйкес тұрғын үйге көмек ретінде бөлінген бюджеттік қаражатты пайдаланып жөндеу жұмыстарын қамтамасыз ету жөнінде тұрғындармен өзара қарым-қатынас тетіктері әзірленуде.

Көп қабатты тұрғын үйлердің тиімділігін арттыруда термодернизация элементтерін қоса алғанда, тізбесі пысықталып, кешенді шаралар іске асырылатын болады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуда энергия және энергоресурстарын үнемдеу ма­ңыз­ды болып табылады. Қаладағы барлық коммуналдық кәсіпорындар жөніндегі мәселе коммерциялық есептің автоматты жүйесі жоғары деңгейде орындалған.

Келесі кезең – шаруашылық-тұрмыстық сектор.

Президенттің тапсырмасы бойынша тұрғындар үшін коммуналдық қызметте төлемнің бірыңғай төлем жүйесі тәжірибеге енгізілді.

Энергия ресурстарын үнемдеу мақсатында коммуналдық қызметтің коммерциялық есептің автоматты жүйесін құру ұсынылды. Тұрмыстық сектордағы жоғары нақты класты заманауи есептеу құралдарын ауыстыру және орнату, бірыңғай диспетчерлік орталыққа көрсеткіштерді дистанциялық түсіру және мәліметтерді беру жоспарлануда, соның негізінде он-лайн режиміндегі коммуналдық қызметтің барлық түрі бойынша мәліметтер жинау және өндірістік талдау, тұтыну және тарату қамтамасыз етіледі.

Әкім Астананы Қазақстанның дотациясыз қалалар қатарына шығару міндеті шағын және орта бизнесті дамытумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Олар қаланың экономикалық көрсеткішін айқындап қана қоймайды, оның өмір сүру қарқынын да анықтайды. Бұл жерде шағын бизнестің белсенділігін ерекше атап кеткім келеді. Астанада ШОБ субъектілері санының ұлғаюы қаржылық қызметтің жанданып, жылжымайтын мүлік пен коммуналдық және  әлеуметтік қызметтері операцияларының өсуімен астасып жатыр. Олардың жиынтығы жалпы өңірлік өнімнің 41,2%-ын құрайды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жалпы қала бойынша  649 млрд. теңге несие берілді, оның ішінде 22 млрд. теңгені шағын кәсіпкерліктер алған. Бұл 2010 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 3,6 есе жоғары көрсеткіш. Бұл халықтың, шағын және орта бизнестің банк құрылымдары мен қалалық шаруашылық мекемелеріне деген сенімінің артқанын көрсетеді.

Мұның барлығы, сөзсіз, салық түсімінің айтарлықтай өсімінің нәтижесі. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны бойынша шағын бизнес субъектілерінің салығы 52,4 млрд. теңгені құрады, бұл 2010 жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 2,6 есеге жоғары көрсеткіш.

Шетел инвес­ти­циясы жөнінде.

Соңғы жылдары қаражат бөлу ерекшелігі тиісінше өзгергені байқалуда. Көптеген шетел инвесторлары қаражат бөлуден бұрын фирмаларын Қазақстан аумағында тіркетіп алуды жөн көреді. Мұндай механизм инвесторға бірқатар ұйымдастыршылық та, коммерциялық та басымдықтар береді. 2010 жылдың қорытындысы бойынша, шетел инвестициясының көлемі 5,3 млрд. теңгені құрады.

Сонымен бірге таяуда Астанада өткен эко­номикалық және инвес­тиция­лық форумның алаңы тиімді пайдаланылды. Соның нәтижесінде шетелдік инвесторлармен бір­қатар қалалық жобаларды жүзеге асыру туралы 11 меморандумға қол қойылды.

«Астана – жаңа қала» АЭА инвестиция тартудағы іскерлік механизмге айналды. Бүгінде АЭА индустриялдық паркінің аумағында сомасы 173 млрд. теңгені құрайтын 41 жоба қолға алынды. Оның ішінде 13,4 млрд. теңгенің 3 жобасы іске асырылды, соның нәтижесінде 600-ге жуық жұмыс орны ашылды.

2011 жылы 13,3 млрд. теңге сомасына 4 жоба жүзеге асырылуы тиіс. Олар - «Talgo» жолаушылар вагонын, металл құрылымдарын, жиһаз жасау өндірісін ашу және жеміс-жидек сақтайтын қойма мен логистикалық кешен құрылысы жобалары. Аталған жобалар шеңберінде 645 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту жоспарланып отыр. Қалған 34 жоба 2012-2014 жылдар аралығында жүзеге асырылады», - деп хабарлады елорда әкімі. Сондай-ақ ол қала басшылығының бұл бағыттағы жұмысы одан әрі де жалғасын табатынына сендірді. Сонымен қатар №2 Индустриалды паркті ашу жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде жалпы ауданы 500 га жер телімі белгіленді. Инновацияны енгізуде қолайлы жағдайлар тудыру үшін Бостон (АҚШ) және Оулу (Финляндия) үлгісінде «Астана-Инновейшенс» жаңа құрылымы жасақталды. Оған бизнес-инкубациялау, еншілес қаржыландыру, «Астана» технополисін құру және технологияларды трансферттеу кіреді. Мысалы, қалалық қызметтердің энергия тиімділігін арттыру және шағын және орта бизнестің инновациялық әлеуетін дамыту арқылы халық қажеттілігін қанағаттандыруы тиіс «SMART АSTANA» тұжырымдамасы.

Осылайша, қаланың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерін анықтайтын оның экономикалық бейнесі көрінеді. Мысалы жалпы өңірлік өнім 2010 жылғы көрсеткіштері 2009 жылғыдан 9%-ға артық болды. Ағымдағы жылдың 4 айындағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 51,3 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 64%-ға артық. Өңделетін өнеркәсіп көлемі ағымдағы жылғы қаңтар – сәуір аралығында 39,0 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есе артық. 2010 жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда биылғы сыртқы сауда айналымының көлемі 9,8%-ға артқан. Биылғы қаңтар – сәуір айларындағы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 74 млрд. теңгені құрап отыр, бұл 2010 жылғы мұндай көрсеткіштен 18,4%-ға жоғары.

Азық-түлік белдеуі жөнінде.

Президенттің тапсырмасы бойынша елорда тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта азық-түлік тасымалдау сызбасы жасалып, құрылымы толықтай талданып, соның негізінде Астана қаласын әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларымен жабдықтау сызба-үлгісі әзірленген.

Соған сәйкес тапшы болып отырған белгілі бір тауарлар санатының проблемалық аймағын толтыру жолымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдануда. Сонымен қатар институционалдық жоспарлар мәселесі шешімін табуда. Бұл ең алдымен өзіндік азық-түлік қоры базасын құруға қатысты. Әкімдікте жедел жұмысты үнемі қадағалап отыратын жұмыс тобы құрылған. Сөйтіп, бағаны тұрақтандыру мақсатында тасымалдаушылармен негізгі азық-түлік тауарларымен ішкі нарықты толтыру туралы Меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге рыноктармен арендалық төлемді төмендету туралы келісімдерге қол жеткізілді, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар тауарлардың шекті сауда үстемесі белгіленді. Жалпы алғанда ондағы жағдай бақылауға алынған.

Әкім елор­да­ны қуат көздерімен, газбен қам­та­масыз ету жайын да баяндап берді. Бүгінде ЖЭО-3 жаңа энерго ор­талығының құрылысы жобасын жүзеге асыру ерекше маңызды болып табылады. Бүгінде оның бюд­жет қаржысы есебінен ал­ғаш­қы кезегінің құрылысы бас­тал­ды. Оның жылу қазанды­ғы­ның қуаты сағатына 480 гека­ка­ло­рияны құрайды. Ал қаланы газ­бен қамтамасыз ету бары­сында да нақты жұмыстар қолға алынуда. Мысалы, ЖЭО-1 толық көлемде газға ауыстырылады, ал ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-те көмір және газ арқылы жылу өндіріле­ді.

Қаланы гөгалдандыру жөнінде.

2010 жылы көгалдандыру алаңы адам басына есептелгенде 11,4 шаршы метрді құрады, жоспар бойынша адам басына норматив 12 шаршы метр болатын болса, бұл 2012 жылға қарай орындалатын болады. Көгалдандыру бойынша ағымдағы кезеңдегі негізгі міндет негізгі қала тасжолы бойында жасыл дәліз құрылымын қалыптастыру болып табылады. Өткен жылы 20 мың ағаш және 15 мың қума метр тал отырғызылды. Биылғы жылы 40 мың ағаш пен 7 мың қума метр тал отырғызу жоспарланған. Өткен жылы декоративтік-гүлмен көгалдандыру алаңын арттыру бойынша 7,6 млн. гүл отырғызылды, ағымдағы жылы 8,6 млн. гүл отырғызылады, сондай-ақ жаңа саябақтар аймағының құрылысы жүргізіледі. 2012 жылы Есіл өзенінің жағалуынан 190 гектар алаңды алып жататын саябақ пайдалануға беріледі. «Жерұйық» саябағы бойынша жұмыстар аяқталды және аталған саябақтың екінші кезегі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Орталық қалалық саябаққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ең алдымен, орталық аллея, жағажай аймағы және спорттық аймақ қолға алынды.

Қаланың шаруашылық мәселесінің үлкен бөлігі жол-көлік саласына қатысты. Жалпы алғанда жылдың соңына дейін 110 шақырым автомбиль жолына күрделу жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Жеңіл рейсті трамвай (ЖРТ) тәрізді жоба ауқымды бойынша барлық құжаттар дайын. Жобаны іс жүзінде жүзеге асыру үшін «Астана ЖРТ» ЖШС құрылды және құрылысын бастау үшін 5 млрд. теңге бөлінді. Биылғы жылдың 1 шілдесінде ЖРТ жобасының жүзеге асырылуының басталуына орай арнайы капсула салу жоспарлануда. Ұзындығы 16,4 шақырымды құрап, 9 аялдамасы болатын ЖРТ құрылысының бірінші кезеңін 2013 жылдың 1 желтоқсанында аяқтау жоспарлануда.

Кеңес жұмысын қорытындылай келе, Нұрсұттан Назарбаев, 2001 жылы Астананың болашақ дамуы жөніндегі стра­те­гиялық жоспарды жасаға­ны­мыз­да біз 2030 жылы Астанада 600-800 мың тұрғын болады деп бол­жаған едік, деп атап өтті. Бірақ өткен жылдың қорытындысы бойынша ғана Астана тұрғындары 700 мың адамға жетіп отыр. Тіпті одан да көп деп айтуға болады.

Астана өзіне тән архитектуралық бейнесін жасап болды. Қаланы дамыту жөніндегі алғашқы Бас жоспарда белгіленген шаралардың бәрі іске асы­рылып, құрылыстар аяқталды.

- Бірегей нысандар салынды. Соның ішінде әлемдік архи­тек­тураның жәдігерлері бола алатын нысандар да бар. Мен неліктен солай деп отырмын, өйткені, өздеріңіздің естеріңізде болса,  бұрын біздің қаланың белгісі ретінде «География телеарнасы» Пирамиданы көрсететін болса, қазір әлемде тұрғызылған ең үлкен шатыр ретінде «Хан Шатырды» көрсететін болды. Сондықтан да мен алдағы уақытта да біздің архитекторларымыз осындай нысандарды салу жөнінде ұсыныстар жасағанын қалаймын. 21 ғасырдың қаласы. Ол өз уақытынан да алға озуы тиіс. Міне, соны салып, оған ақша жұмсап, архитекторларды шақыру керек.  Мен соның бірі, кеше өзім барып көрген, «Оқушылар сарайы» болатын шығар деп ойлаймын. Шын мәнінде, оның іші орасан, тіті 500 орынды жас көрермендер театрының маңызы зор. Одан бөлек, балалар ұшақ жасаумен, астрономиямен, ракета құрастырумен, көркемөнердің барлық түрлерімен, ән жазумен, т.б. шұғылданатын болады, астаналық балалар үшін тамаша жағдайлар жасалған, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Астананың жаңа мәрте­бе­сі, оның Қазақстанда алар орны мен рөлі бекіп бол­ғанын атап өтті. Барлық қазақстандықтар Ас­та­наны мақтаныш етеді, қалаға келуге, оның ғажайып­тарын көруге құштар. Қала тіпті өткен жылы ЕҚЫҰ Саммитін үлкен табыспен өткізіп, осы секілді әлем­дік шараларды өткізу орталы­ғы­на айналып келеді. Одан кейін Азиаданы да лайықты дәрежеде өткіздік. Биыл үлкен іс-шара күтіп тұр – 8 маусымда 60 ел, ірі қаржылық институттар қатысатын Ислам мемлекеттерінің Экономикалық форумы, Ислам елдері Сыртқы істер министрлері Кеңесінің кездесуі өтеді. Осы­ның бәрі Астананы танымал әрі белгілі орталыққа айналдыра тү­суде. Астанада әлемдік діндер лидерлерінің съезі өтті.

- Қазір қаламыз бұрынғыдан да құлпырып, үлкейіп келеді әрі еңбек етіп, демалу үшін өте қолайлы. Мен алғашқы күннен-ақ әрбір ғимаратқа, әрбір көшеге қарап осы өзгерісті байқаймын. Кеше біз қаланың ең маңызды орындарын аралап, көріп шықтық. Мен қаланың даму барысын үнемі қадағалап отырамын. Астана соңғы жылдары тазарып, жасыл желекке оранып келеді. Алайда, біздің сіздермен ортақ еңбегіміз, табысымыз ретінде осының бәрін айта отырып, қала құрылысының қарқынын төмендетіп алмай, біз астаналық жоғары өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге қазірден жұмылуымыз қажет, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев жүйелі түрде санды сапаға айналдыру бағытын ұстану керектігіне тоқталды. Бұл үшін мысалдар жеткілікті.

- Біріншіден, ең бастысы – қаланы жы­лумен қамтамасыз ету мәсе­лелері туралы үнемі айтып жүрмін. Өткен жолғы осындай ке­ңесте айтылған мәселелер әлі күнге шешілмей, келесі жылу маусымына, өкінішке қарай, тағы да дайындықсыз аяқ басқалы тұрмыз. Қосымша қуат көздері пайдалануға берілмейді, тұтыну көлемінің өсуі – 130 ГК, оның үстіне былтырғы жетпеген 200 ГК-ны қоссақ, барлығы 330 ГК жылу жетпейтін болып отыр. Біз қысқа лайықты дайындық жасай алмай отырмыз. Өткен жылы қыс қатты болды, мен барлық энергетиктерді мақтап, оларды марапаттадым. Олар шындығында беріліп еңбек етті. Біз үнемі бұл мәселені көтермес үшін, қаланы жылумен қалыпты қамтамасыз ету үшін не істеу керек? Кәрім Қажымқанұлы, қала әкімімен бірлесіп барлығын жинап, мазуттан басқа, жылу қазандықтарының жұмыс істеп тұруы үшін не қажеттігін анықтаңыз. Маусымдық болмаса да, қысқа дайындық керек. Жарамдыларын жасау керек. Барлық мәселені шешуді және қаржы табуды жеделдетіп, бір атап ішінде қаржыландыруды, проблемаларды, қазандықтар мәселесін қарастыру керек. Қысқасы, қысқа дайындық мәселесі еліміздің барлық өңіріне, барлық облыстарға қатысты. Бұл біз естіп жүргендей, әкімдердің баяндама жасауларымен аяқталатын кезекші бейнеконференцияда шешілмейді, тек нақты қабылданған, мерзімі белгіленген, іс арқылы шешімін табады. Мұндай алғашқы кеңесте Үкімет ЖЭО немесе қазандық қандай күйде екендігі туралы олардың техникалық жай-күйіне қанық болулары керек. Бұл орайда Президент Әкімшілі мен Үкіметтің барлық инспекторлары жергілікті жерлерге барып,  облыстарда нендей жұмыстар атқарылып жатқанын көрсін. Бірінші тапсырма – маңызды, өйткені бақылау қатаң болады, - деп қадап айтты Мемлекет басшысы.

Екіншіден, Астанадағы құ­ры­­лысы жүріп жатқан барлық ны­сандардың сапасы бақылауға алын­­сын.

Олардың тұрмыстық қо­лайлылығы халықаралық стан­дарттарға сай болсын. Әсіресе, жаңалары. Соның ішінде паркингтің болуы, Интернетке қолжетімділік, қуат үнем­дейтін технологиялардың болуы міндет етілсін.

- Біз бұл туралы көп айтамыз, бірақ іс мардымсыз. Бұл істі өзге елдер жүзеге асыруда. Мен жаңартылған қуат көздерін пайдалану туралы айтып тұрған жоқпын. Бұдан бұрын да Қарағанды қаласындағы бір фирмада электр қуа­тын үнемдеу, жылумен тегін қамтамасыз ету тәжірибесі туралы айттым. Біз әлі күнге дейін қалада диодты шамдарды қойып жүрген жоқпыз. Оларды елімізде жасайды. Атап айтқанда, әкімшілік ғимараттарды диодты шамдарға көшіріп, электр энергиясын 30-40 пайызға үнемдеңіздер. Осы орайда халықты да осыған көшіру керек. Көшелердегі жарықтандыруды да осы үнемді шамдармен жабдықтау қажет. Қала жаңа, инновация бар, сондықтан мұнда инновация болуы тиіс. Айтып жатырмыз – бірақ біз оны қашан іске асырамыз? Бұл белгісіз. Егер «Нұржол» көшесінің бойын астаналық мәртебеге сай жасаған болсақ, онда игілікті іс болар еді. Корейлік Хайвилл солай жасап отыр, тәжірибе бар. Әлемдегі жаңаның бәрі қаланың құрылысы кезінде пайдалануы тиіс. Бұл мәселенің қойылуына байланысты. Жүзжылдық болмаса да сапалы әрі әдемі етіп тұрғызуға болады, - деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңадан салынған ғимараттардың сыртқы қаптамалары, ішкі бөліктері жаңалауды қажет ететінін атап өтті.

- Біз қала салдық, иә, біз жылдамдаттық, біз асықтырдық, қала осылайша тұрғызылды. Енді қалай тұрғызғанымызды қарап көрелік. Бәрі жақсы. Келесі ғимараттарды мұқият қарап көру керек. Қандай жөнсіздіктерге жол берілгенін байқауға болады. Егер қазір жасыл-желекті бульвармен  басынан аяғына дейін жаяу жүріп өтсек, Астанаға сай келмейтін көптеген келеңсіздіктерді көруге болады. Бұл жаңа орталық емес пе, дегенмен материалдардың сапасыздығы көзге бірден түседі. Қаптайтын материалдар, жолға төселген плиткалар, бордюрлер мен баспалдаққа арналған материалдар сапасыз жасалғаны байқалады. Ал ол маңда адамдар топ-тобымен қыдырады. Астананы тамашалу үшін келгендер осы көшенің бойымен жүретіні белгілі. Сондықтан да осы көшеге қарап Астанаға баға береді. Істелген істер, атқарылған жұмыс ойдағыдай болу керек еді. Оған қаржы да жұмсалды. Қараңыздаршы, қандай бірегей ғимарат? Бұл - Астана, бұл – қыдыратын орындар, субұрқақтар. Бұл жерге қонақтар қыдыру үшін келеді. Осы бульвардың көркіне қарап жалпы қаламыз туралы ой қалыптасады. Күзгі-қысқы маусымнан кейін келеңсіздіктер орын ала бастаған – адамдар жүруге арналып жасалған жолдар мен қаптайтын материалдар  бүлінген, плиткалар сынған, субұрқақтарда дат пайда болған. Бұрын пайдаланылған плиткаларға жөндеу жұмыстары жүргізілген, бірақ сапалы емес. Міне, көркемдік-эстетикалық шешімі және нәтижелі жағынан бұл осы бульвардың жалпы көрінісіне лайықты деп айтуға болмайды. Осының бәрі бәріміз үшін маңызды болғандықтан мен осыған тоқталып отырмын. Қаптайтын гранит тастар, жолға төселген плиткалар, бодюрлер мен субұрқақтарды безендіру талапқа сай емес. Бұл маңға орналастырылған шағын архитектуралық формалар мен әртүрлі фигуралар кейде көңілге қонбайды. Мәселен, экзотикалық жағынан әртүрлі болып келетін фигурада қазақ ою-өрнектері қолданылған африкандық жануар бейнеленген, осының бәрі жалпы ансамбльге сәйкес келмейді. Тұрғын үйлердің бірінші қабаттарына әртүрлі дүкендер, мекемелер, кеңселер орналасқан. Қарап көріңіздерші, оларға ілінген витриналар әртүрлі болып келеді және бірыңғай ансамбльге сай келмейді. Қаламен өз мүлкіңдей айналысу керек. Өз мүлкіңе, өз үйіңе, өз пәтеріңе, өз машинаңа қалай карап, қалай уайымдайтын болсаң, қалаға да сондай көзқараспен қарау керек. Әсіресе, автокөлік жуу да сол тәрізді. Автокөлік жуу неліктен бульварьдағы адамдар жүретін бойында орналасқан? Немесе оған ілінген үлкен витринаны басқаша келтіруге болмас па? Бұл бульварьды тәртіпке келтірейік, ол бәріміз үшін қолайлы жағдайда болуы керек, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ құрылыс материалдарының құны төмендей бастағанына қарамастан, құрылыс жобалары қымбат екенін атап өтті.

- Егер құрылыс үшін пайдаланатын материалдың құны төмен болса, тиісінше, нысан да арзан болуы керек. Мысал келтірелік, Онкологиялық диспансер құрылысының алғашқы құны 2006-2008 жылдар аралығында 2,6 есеге (7,4 млрд. тенгеге дейін) өсті. Біздің еліміз бойынша, адам өлімі жөнінен жүрек қан-тамыры аурулары бірінші орында. Біз бұл мәселемен түпкілікті айналыстық. Екінші орында – онкологиялық аурулар. Қазір Астана бойынша да, Қазақстан бойынша да олармен нақты айналысу керек. Неліктен 2,6 есе өсті? 20 пайызға немесе 30 пайызға емес. Кім бұған жол берді? Ақша қайда кетті? Бұл бюджеттік ақша емес пе? Жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ нысанды тұрғызбай-ақ қоялық. Біз ең алдымен, нені тұрғызатынымызды және қанша қаражат кететінін есептеп алалық. Әйтпесе, біз алдымен құрылысты бастаймыз, содан кейін барып талап етеміз – ол нысанға қанша қаражат жұмсайтынын білмейміз. Нысанды тұрғызғанда, жөндеу жүргізгенде, плиткаларды қойғанда, соның бәріне қаражат жұмсалады. Сондықтан бұл жұмысты әдемі және сапалы жасау қажет. Нашар материалдарды пайдаланбау керек, олай істегенше, ең дұрысы оны қолға алмаған жөн, бастапқы қалпында қала берсін. Сапасыз материалдарды пайдалануға неге рұқсат береді, ол үшін де олар ақша алады емес пе? Осыған көңіл бөліп, жұмыс істеу керек. Осындай кемшіліктерге архитектор неге қарамайды? Біздің қалады қыс маусымы ұзаққа созылады. Ағаш жапырақтары түсе бастаған кезде, үйлер жарқырап тұру керек, әдемі көрініс беруі керек, ал бізде керісінше, ұсқынсыз, көріксіз. Сондықтан мен алғашқы кезде салынған «Самал» шағын ауданын сары және ақ түстермен бояуды талап еттім. Ол көз сүйсіндіреді. Ал біз ұсқынсыз түсті бүкіл жерге қолдана бастағанбыз. Астана үшін сары, көкшіл және ақ түс талапқа сәйкес келеді, алайда бәрі біркелкі болмауын, әрине, көңілге қонымды болуын есте ұстау керек. Жаңа шағын аудандар салынуда, бірақ ондағы ғимараттар қандай болатынына ешкім қарап жатқан жоқ. Қала қыста да, жазда да көз сүйсінтіп тұруы керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент оң жағалау жоспарсыз сауда орнына, кішігірім ауылдық деңгейдегі аттракционға айналғанын атап өтті. Сауда эстетикалық талғамға сай ұйымдастырылмай отыр.

- Ол жақта велосипедті жалға беру пункті бар. Велосипедті жалға алғандар бульвар бойынан қатты жылдамдықпен жүреді. Ал ол жерде кішкентай сәбилер ойнайды. Әлемдегі бірде-бір елде қауіпсіздік мақсатында жаяу жүретін жол мен велосипедпен жүретін жол екі бөлек болып келеді. Ал бізде оған ешкім мән бермейді. Келешекте адамдар ол жерге балаларын әкелмейтін болады, ал балалар онда мүлде басқа микроклимат қалыптастырады. Балалардың жарақат алуына әкеліп соғатын төтенше жағдайды күтуіміз керек пе? Жағалаудағы тазалық туралы айталық. Жазғы уақытта өзен баяу ағатындықтан, иістене бастайды. Сондықтан тек қала күні ғана тазалық жүргізіп қоймай, әрдайым тазалап отыру керек. Өткен жылдың аяғында Нұра өзенінің арнасын тазалау жұмыстары аяқталып, біз арна бойынша судың көп мөлшерін осы жаққа бұруымыз керек еді. Қазір ескі қалалық саябақта менің тапсырмам бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ағаштар жаңадан отырғызылуда, өйткені бұрын отырғызылғандары құрғап қалған. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы жазғы уақытта жасалуда, алайда адамдар осында келіп демалу үшін сіздер бүкіл саябақты жауып қоймауларыңыз керек. Құрылыс жұмыстары жүруде, бірақ саябақ жабылса, олардың баратын жері болмайды,- деді Президент.

Мемлекет басшысы астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.

- Бүгін біз Астананың азық-түлік белдеуін дамыту жөніндегі менің барлық тапсырмаларым іс жүзінде орындалмағанын айтуға тиіспіз. Осы проблеманы алдымен шешу үшін ауыл шаруашылығына жеткілікті мөлшерде қаражат бөлінді. Ақмола облысындағы ауылдық аудандар, коммуналдық базарлар болу үшін жұмыс істеу керек. Барлық  делдалдарды алып тастап, азық-түлікті тікелей жеткізуді қамтамасыз етіп, азық-түліктің бағасын төмендету керек. Астананың кәсіпорындарын бұл іске жұмылдыру қажет. Өйткені ет, сүт, жеміс-жидектер дайындауда кәсіпорындар 30-40 пайыз ғана жұмыс істеуде. Қоймалар қалаға орналастырылсын. Қала маңындағы аудандар қала үшін жұмыс істесін. Ет және сүт комбинаттары да қала үшін жұмыс істеуі тиіс. Түптеп келгенде, мұның бәрі ауылдықтар үшін тиімді. Міне, нарық деген осы, өз өнімдеріңізді сатыңыздар. Өмірзақ Естайұлы, дүйсенбі күні бәрін жиып, осы істі қолға алыңыз. Осында ет және сүт өндіретін кәсіпорындар бар. Олар 30 пайыз ғана жұмыс істейді, ал ұн және макарон өндірісін әзірлеуде бар-жоғы 40 пайыз ғана жұмыс істеуде. Осы зауыттардың толықтай жұмыс істеуін қолға алыңыз. Облыс әкіміне айтарым – бұл облыс үшін де тиімді, - деді Президент.

Мемлекет басшысы мемлекет бизнестің дамуына қолдау көрсетіп жатқанына «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы астанада дәлел болуы тиіс екенін атап өтті.

- Банктерде қарау мерзімін есептемегенде, іс жүргізу үшін тапсырыстарды қарау үдерісі мемлекеттік органдарда 30-40 күн қаралады. Екінші деңгейдегі банктермен байланыс нашар. Берілген несиелердің тек 55 пайызы ғана игерілген. Біз қазір субсидия беріп жатырмыз, шағын бизнес субсидиялық несие алуда – бұл жүйе бойынша 30 пайызы игерілген. Неліктен бұлай? Бизнесмендер белсенділігі төмен бе немесе қандай да бір кедергілер бар ма? Қараңыздар және жұмысты жандандырыңыздар,- деді Президент.

Мемлекет басшысы қалада пайдаланылған қаражаттың 70 пайызы мемлекеттің трансферті мен несие екенін атап өтті. Салықтық берешек 15 млрд. теңгені құрайды. Қалада салық жиналып, қазынаға құйылуы тиіс. Бұл мәселе Қаржы министрлігіне қатысты.

Тек коммуналдық қызмет бойынша қымбат коттедждерде тұратын 163 тұрғынның қарызы электр энергиясы бойынша 167 млн. теңге. Оның ішінде 44 адамның әрбірінің қарызы 1 млн. теңгеден асады.

- Олар мемлекетке салық төлеулері тиіс. Қаржы министрлігімен бірлесіп осыны анықтап, маған баяндаңыздар,- деді Президент.

Мемлекет басшысы келесі кезекте Эйр Астана жұмысы жөнінде көптеген келеңсіздіктер барын атап өтті. 2009 жылы 8 рейс, ал 2010 жылы әрбір 6 рейс (1500 борт) кешіктірілген. Бұл реніш тудырады.

- Көлік министрі Камалиевтен сұраймын: Біз қашан бұл істе тәртіп орнатамыз? Ол үшін не істеу керек? Ұшақтар неліктен кешігіп ұшады? Үкімет бұл мәселені қарасын, - деп атап өтті Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев астаналық мәдениеттің дәстүрлерін бойына сіңіретін жаңа астаналық бірізділікті қалыптастыра бастау қажеттігін атап өтті. Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен бизнесмендер, мамандар келіп жатады. Қала мәдениет пен идиологияның бір бөлігі тәріздес. Сондықтан олардың астаналық жағдайға бейімделіп, елордамыздың патриоттарына айналуы үшін жұмыс жүргізу керек. Сонда бұл өзге қалаларға жақсы үлгі болады.

- Қаладағы мәдениет ошақтарының жұмысы туралы айтсақ. Жаз мезгілі жетті. Студенттер мен оқушылар каникулға шықса, жұмысшылар еңбек демалысын алады. Бұл ерекше қамқорлық пен назарда болатын жәйт. Көптеген мәдениет және спорт мекемелерінде белсенді жұмыстар жүргізіліп, әртүрлі шаралар өткізілуі керек. Біз өте жақсы мәдениет мекемелерін, спорт ғимараттарын тұрғыздық. Онда жұмыс жандануы керек. Балалар барып тұруы керек. Менің білуімше, барғысы келетіндер көп. Осы нысандардың барлығы сирек мұражай тәрізді болмай, күн-түнімен жұмыс істеуі керек. Барлық алаңдар мен сахналар кәсіпқойлар мен көркем өнерпаздар ұжымдарына толы болуы керек. Қазір жаз айы, демалыс айы, балалар каникулда. Мысалы, Америкада мынандай тәжірибе бар – барлық мемлекеттік мектептер кешкісін жұмыс істейді. Оларда әртүрлі адамдар санаты үшін, зейнет жасындағы, орта жастағы адамдар үшін, олардың қызығушылығы бойынша іс-шаралар өткізіледі. Сондықтан ол мектептер бос емес, үнемі жұмыс істейді. Бізде де солай болуы тиіс. Ал бізде көптеген мәдениет және спорт мекемелері тек жұмыс күндері ғана ашық. Олар керісінше, демалыс күндері жұмыс істеуі керек. Мысалы Республика даңғылы бойына орналасқан Қазіргі заманғы өнер галереясы сағат 19.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Жексенбіде жабық болады. Басқа мұражайлар да солай жұмыс істейді. Біз бұл нысандарды салдық, олар енді өзін-өзі ақтауы тиіс. Мемлекет оларды тұрғызды, қаражат жұмсады, сол себепті олар да өздерін қаржыландыру үшін жұмыс істеулері керек. Мен Мәдениет министріне Астананың әлеуметтік-мәдени нысандарын басқару үшін бірыңғай оператор болуы керектігін айтқанмын. Қалаға, нысандарға жақсы болуы үшін әлемнің әр елімен байланыс орнататын, басқаратын компаниялар бар. Спорттық және мәдениет ғимараттары бойынша жақсы менеджмент және басқару қажет,- деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев халыққа қызмет көрсетуде астана үлгі болуы керектігін атап өтті. Бұл мәселеде құрылған электронды үкімет ең алдымен Астанада енгізілуі керек. Астананың кез келген тұрғыны қалалық билік туралы ең ауқымды ақпаратқа қол жетімділікке ие болып, бұл ақпараттарды өзінің қажеттілігіне жаратуы керек.

- Мысалы, коммуналдық қызметті компьютер арқылы төлейтін кез келді. Сондай-ақ сантехникалық, тұрмыстық техникалық шеберді және басқаларды шақыруда,  қызмет көрсететін мамандарға тапсырысты компьютер арқылы беру керек. Қала бойынша осы істі қолға алатын кез жетті. Тұрғындар адамға деген дұрыс қарым-қатынас болмаған кезде және басқа жағдайда шағым білдіру мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Электронды қызметті пайдалануға үйрететін және оқытатын орындар қалада жоқтың қасы. Ең бастысы, адамдарды үйрету керек. Байланыс және ақпарат министріне айтарым – Астананың тиісті қызметтерімен бірлесіп бұл мәселені қарап, айналысыңыз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы кез келген үлкен қалада қоқыс мәселесі әрдайым проблема болып келгенін атап өтті. Бұл Астанаға да тән.

- Қала өскен сайын проблема пайда бола бастайды. Жыл сайын қоқыс өңдейтін зауыт туралы айтамыз. Бұл зауыт туралы айтудан жалықпай келеміз. Ең зиянды қоқыс – пластикалық пакет пен пластикалық бұйымдар. Дамыған қалалардың бәрінде қоқысты ұсақтау жөнінде қондырғылар орнатылған, бірінде –шыны, бірінде – пластик, тағы бірінде – темір тәрізді арнайы ыдыстар орнатылған. Істі осыдан бастау керек. Халықты осыған үйрету керек. Осы тәжірибені пайдалану арқылы ғана біз пайдалы іс жасай аламыз. Қазіргі уақытта әлем елдері пластикалық пакеттерден бас тартып, біз 20 жыл бұрын пайдаланған картон бұйымдарын іске жаратуға көшуде, тіпті Америка тіршілігі де осындай. Өзіміз көргендей, қала таза. Бұл қала әкімдігінің, аудандық әкімдіктердің, әкімнің жұмысының нәтижесі. Бұл түсінікті. Бірақ қоқысқа жол бергеніміз бәріміздің көңіл-күйімізді түсіреді. Сондықтан нақты жұмыс жүргізілуі керек, қыркүйекте зауытты іске қосамыз,- деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев қалаға жарнама орналастыру және мазмұны жөніндегі жұмыстарға назар аударды.

- Жұмыстар жүргізілуде. Кеше біз Иманғали Нұрғалиұлымен бірге қаланы аралап шықтық. Мен жұмыстардың аяғына дейін атқарылмағанын байқадым. Жақсы жарнамалар да, дегенмен көркемдік талапқа сай келмейтін жарнамалық құрылғылар, билбордтар, плакаттар да бар. Сонымен бірге қабырғаларға, сауда үйлерінің ғимараттарына хабарламалар ілінген. Бұған неге рұқсат беріледі? Жаңа, жарқыраған қалада олай болуы тиіс емес. Кеше қаланы аралап жүріп, осыған назар аудардым. Мысалы, «Жастар» шағын ауданында, Бараев көшесіндегі сауда орталығының жанындағы ғимараттың кіре берісіне үлкен плакат ілінген, онда бір мезгілде гинекологиялық және стоматологиялық қызмет көрсететін орталық орналасқаны жөнінде хабарлама жазылыпты. Бұл аудан әкімінің назарында болатын жәйт. Сол сияқты бұл жерде «зертхана-лаборатория» орналасқаны жөнінде ақпарат жазылған. Сонымен бірге сыртқы жарнаманы әзірлеумен айналыстатын беймәлім «Рек-студия» орналасқан екен. Соның бәрін Бараев көшесінен кезіктіруге болады. Мен Астана телеарнасынан берілетін жарнамалық мәтіндерге назар аударғанда, мәтіндердің қалай болса солай жазылғанын байқадым. Гинекологиялық тексеру жүргізетін және «музыканы пайдалана отырып» аяғы ауыр әйелдерді Узи-ден өткізетін қандай да бір медициналық орталықтар жөнінде жарнамалар үнемі беріледі. Бұған «Нұр Отан» партиясына қарасты «Нұр-медиа» медиахолдингі назар аударуы тиіс. Бұл мәселенің жай жапсарын анықтау қажет, - деді Президент.

Мемлекет басшысы Астананы және қала маңын жасыл желекке айналдыру жөнінде жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті.

- Қаланың әрбір шаршы метріне гүл отырғызылу қажеттігін неліктен айтып жүрмін? Өздеріңіз байқап жүрсіздер, қазір шаң-тозаң жоқ. Міне, алғашқы нәтижелер жаман емес. Қала маңын 55 мың гектар орман алып жатыр. Адамдар орман алқабына келіп, демалып қана қоймай, сонымен бірге жеміс-жидектер мен саңырауқұлақтарды тереді. Дегенмен, бұл жұмыс көп күш-жігерді қажет етеді. Мен аймақ құру үшін орманды алқапты Бурабай орманына қосып, Ақкөлмен біріктіргім келеді. Біз қазірдің өзінде осыған қол жеткіздік. Мен жол бойымен келе жатып тиісті күтімнің жоқтығын көріп жүрмін. Кейбір алқапта әсіресе, қалаға жақын орналасқан маңда күтімнің жоқтығы байқалады. Егер қажет болса ашық жатқан алаңқайдың орнын толтыру керек. Жергілікті жердің табиғатына сай келетін ағаштарды отырғызу керек, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы жол қозғалысы мәселесін шешу қажеттігін атап өтті.

- Қала қызметінде жол қозғалысына ешқандай талдау, болжау және жоспарлау жұмыстары жүргізілмейтіні байқалып отыр. Жүргізушілер даму келешегін білмейді. Автокөлік қоюға арналған орындар жетіспейді. Оның себебі көп. Мәселен, бұл құрылысты жоспарлаудағы кемшілік, қалада автокөлік санының өсуін дұрыс жоспарламағаннан болып отыр. Жүргізушілер мен автокөлік иелерінің тиісті кәсіби шеберліктерінің болмауы және мәдениетінің төмен болуы бұған әсер етеді. Ал кейбір кезде бұл кейбір жол полициясының жауырды жаба тоқып, пайда түсетін жерге айналады. Сондықтан қаладағы көлік мәселесі мен автокөліктер санының арта түсуін қайта қарау керек. Бұл бағытта жұмыстарды пысықтау қажет, - деді Президент.

Мемлекет басшысы жалпы алғанда, қалада, қала маңында және кенттерде қыруар жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Қала жинақы, таза, қолайлы және жасыл желекке бөленгенін байқауға болады.

- Мен бұл туралы кей жерлерде жұмыстың дұрыс жүргізілмегенін сынау үшін айтып отырған жоқпын, ал қала қазіргіден де жақсы болуы үшін айтып отырмын. Сондықтан осындай жұмыстарды атқаруға міндеттісіздер. Себебі, Астана – біздің мақтанышымыз. Қалада бірегей нысандар болуы керек, біз оларды салуымыз керек. Оның бәрі ретке келтірілуі тиіс. Бұл - тек қаланың міндеті емес, сонымен бірге, Үкіметтің, барлық министрліктер мен ведомстволардың міндеті. Мен бұл іспен үнемі айналысып келемін. Әркім өз саласы бойынша көмектесуге, қолдау көрсетуге тиіс. Тұрғын үй құрылысымен айналысқан кезде, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін ұмытпаған жөн. Қала жас, қалалықтардың орташа жасы - 32. Сондықтан жастарға ерекше көңіл бөлу керек. Жекеменшік университеттер бұл мәселемен өздері айналысуы керек, мемлекеттік жоғары оқу орындары да бұл іске атсалысуы тиіс. Жатақханаға қатысты жағдайды жақсартуды тұрғын үй бағдарламасы есебінен жүзеге асыруға ұмтылу керек. Бүгін мен айтып өткен мәселенің барлығын әркім өз жауапкершілігіне сай қарастыру қажет. Қала да, Үкімет те, министрліктер де  - өзіміздікі. Сондықтан астанамызды өркендету үшін бірлесіп жұмыс істейтін болайық. Өзіміз айтып жүргендей, Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов астананы дамыту жөніндегі барлық тапсырмалар бірінші кезекте қаралатынын атап өтті.

- Сіз бүгін энергетиканы дамытуға байланысты үлкен тапсырма бердіңіз. Сіздің тапсырмаңызды біз келесі аптада қараймыз. Біз оларды,  ЖЭО-3-ті дамытуға байланысты, қаланың жылу бөлігіне қатысты мәселелерді алдын ала қарастырдық. Егер тапсырма берсеңіз, қыркүйекте бюджетті нақтылау кезінде біз бұл мәселені қарастырамыз. Себебі, 2013 жылы жылу бөлігі салынуы үшін, 2012 жылдың бюджетін қарау кезінде қарастырамыз. Тағам өнімдерімен қамтамасыз етуге және өзге мәселелерге байланысты барлық мәселеде, әрине кемшіліктер бар, дегенмен біз оны жоюға тырысамыз. Жалпы алғанда, Нұрсұлтан Әбішұлы, біз әкімдікпен бірлесе отырып, Астана, сіз берген тапсырмаға сәйкес, 21 ғасырдың қаласы, еліміздің мақтанышы, бүкіл Қазақстан үшін және күллі әлем үшін үлгі болуы мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп айтқым келеді,- деді Кәрім Мәсімов.

- Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл кеңес – сіздің астанаға, қалаға басты назар аударып отырғаныңыздың айқын дәлелі. Астана сіздің перзентіңіз. Сондықтан да, Сіздің командаңыз барлық мәселелер шешімін табу үшін күш-жігерін салатыны шүбәсіз. Біз барлық министрліктермен, барлық ведомстволармен байланыс орнатқанбыз. Барлық мәселе бойынша біз бір-бірімізбен тығыз байланысып, алдымызға қойылған барлық міндеттерді түсіністікпен шешетінімізді айту керек. Сіз бүгін келешек даму үшін талап етілетін мәселелерге біздің назарымызды тағы аудардыңыз. Ең алдымен, энергия кешені туралы айтқым келеді. Энергия көздері – қаламыздың игілігі үшін маңызды бөлік. Біз пайдалануға берілетін мемлекеттік нысандарды қамтамасыз етеміз. Сіз берген барлық тапсырмалар, Кәрім Қажымқанұлы айтып өткендей, келесі аптада Үкімет деңгейінде де, қала деңгейінде де жедел қаралатын болады. Таяу уақытта қабылданған шаралар туралы Сізге баяндайтын боламыз. Қиын жылдары Сіз берген міндеттердің барлығы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары – астананы көшіру туралы қабылданған шешімдер – күрделі экономикалық орасан міндеттер шешімін тапқанын сеніммен айтқым келеді. Казіргідей экономика өте қарқынды дамыған жағдайда, Сіз алдымызға қойған міндеттердің шешімін таппайтынына ешқандай негіз жоқ. Мен келесі кеңесте бүгін осында Сіз берген барлық мәселелер бойынша тапсырманың орындалғаны жөнінде баяндап беретінімізге сенімдімін, - деді Иманғали Тасмағамбетов.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар