Жаңалықтар

8 сәуір 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында сөз сөйлеп, Парламент Мәжілісінің қарауына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің лауазымына кандидатураны ұсынды.
05

- Қазақстандықтар өткен сайлауға, осы жылдар ішінде сіздермен бірге атқарған барлық жұмыстарымызға жоғары баға берді. Сайлаудағы жеңіске дәл сайлау күні қол жеткізілмейді. Оған сайлаудан әлдеқайда бұрын, барлық істер мен қорытындылар арқылы қол жеткізіледі.

Бұл сайлаудың нәтижелері халқымыздың ұйымшылдығын, көпұлтты Қазақстанның бірлігін және біз ұстанған, мен басшылық етіп келе жатқан бағытты қолдайтынын тағы да көрсетіп берді. Енді біз менің Жолдауымда жарияланған, «Нұр Отан» партиясының съезінде сөйлеген сөзімде белгіленген міндеттер төңірегінде топтасуымыз керек. Бұл индустриалды-инновациялық бағдарлама, өте қиын әрі ауыр міндет. Мен оны тәуелсіздікті нығайту сияқты аса қиын міндет ретінде атадым, өйткені болашақ үшін, қазақстандықтардың келешек ұрпағы үшін бұған көп нәрсе байланысты.

Мен халқымыз өте жақсы қабылдаған әлеуметтік жаңғырту туралы баяндадым. Біз өзге көп мемлекеттер жасамайтын немесе жасай алмайтынды жасаудамыз. Алда біз осы міндеттерді орындайтын боламыз. Біз бұл кешенді бағдарламаны барлық бағыттар бойынша жүзеге асыруымыз керек. Индустриалдық та, әлеуметтік те бағытта, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым салаларында да. Сондықтан, біздің Конституциямызға сәйкес, мен Үкіметіміздің басшысын тағайындауға келісім алу үшін келдім. Мен Үкіметтің отставкасы туралы құжатты алдым. Конституция осылай дейді. Президенті сайлағаннан кейін Үкімет әкімдер сияқты өз өкілеттігін тоқтатады. Парламент сайлауында жеңіске жеткен партия фракциясы кандидатураны ұсынады, Мәжіліс бұған келісімін береді.

Бұл мүлде жаңа демократиялық норма, Конституция бізден осыны талап ететіндіктен, біз оны мүлтіксіз орындауға тиіспіз. Біз индустриялық бағдарламамызды және мен белгілеп берген барлық бағдарламаларды жүзеге асырудың осындай өтпелі кезеңінде тұрғанымызды ескерсек, қазіргі Үкімет өте жұмыла жұмыс жасады және бүкіл әлемде орын алған дағдарысты еңсеру бағытында біздің бәріміздің көмегімізбен, шұғыл жағдайда заңдар қабылдаған Парламент депутаттарының көмегімен көп іс тындырды. Біз дағдарысты жеңдік. Бұл факт. Әлемді ешкім әлі де мұның жақын арада қайталанбайтынына кепілдік бере алмайды. Турасын айтқанда, бұл орайда қуантарлықтай алғышарттар жоқ.

Үкімет, Конституцияның 70 бабының 1 тармағына сәйкес, өкілеттігін тоқтатты. Мен отставканы қабылдап алдым және оларға бұл жұмысты Үкіметтің толық құрамы жасақталғанша жалғастыруды тапсырдым. Үкімет өткен жылы экономиканың 7,5 %-дық  өсімін қамтамасыз еткенін ескерсек, Конституцияның 44 бабына сәйкес, Президент келісім алу үшін Парламент Мәжілісінің қарауына Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынады.  Оның алдында Мәжілістегі саяси партиялардың фракцияларымен кеңес өткізеді.  Палата басшылығымен және бюро мүшелерімен, сонымен қатар біздің партиялық фракциямен мұндай кеңесті мен жаңа ғана өткіздім.

Енді осыдан кейін сіздердің, Парламенттің қарауына келісім беру үшін  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовтың кандидатурасын тағайындау жөнінде ұсыныс енгізіп отырмын. Алдында айтқанымдай, ол бұл қызметте өзінің міндеттерін кәсіпқойлықпен атқара алатын, өз әріптестерінің қоян-қолтық жұмысын шебер ұйымдастыра алатын адам ретінде көрсетті. Бұл кандидатура – бүгінгі  күн үшін және біздің Үкіметтің тиімді жұмысы үшін мейлінше лайықты деп санаймын. Оған Үкіметтің нақ осы құрамы жасаған бағдарламаларды орындауды тапсыруымыз үшін де бұл кандидатура лайық. Сондықтан, еліміздің  Конституциясының 56 бабына сәйкес, Мәжілістен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовтың кандидатурасын тағайындауға келісім беруді сұраймын, - деді  Президент.

Талқылаудан соң Парламент Мәжілісі депутаттарының дауыс беру рәсімі өтті.  Қатысып отырған 104 депутаттың 104-і Қазақстанның Премьер-Министрі лауазымына К.Қ. Мәсімовті тағайындауға келісуді қолдап дауыс берді.

- Мен Мемлекет басшысының, Президенттің еңбегі қандай екенін білемін. Бұл – ауыр жұмыс. Мен осы жылдар ішінде Қазақстанның барлық түкпір-түкпірін араладым. Мен болмаған аудандар мен ауылдар жоқ шығар. Мен шаруалардың, жұмысшының, жас адамның, студенттің, ғалымның жан-дүниесін түсінуге тырысамын. Конфуций айтқандай, «Халықты басқарғың келсе – олардың соңынан ер». Осы ретте, ең бастысы, әрине, зейнетақы мәселесі, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ тұрақтылық, тыныштық, біздің адамдарымыздың ертеңгі күнге деген сенімі. Әлемде не болып жатқанын көріп отырып, мен біздің қазақстандықтардың анағұрлым топтаса түскенін байқаймын. Қазақстандықтар барлығының алдында, бір-бірінің алдында өздерінің даналығын, өздерінің зор жауапкершілік сезімдерін көрсетті. Міне, ең бастысы осы. Егер осындай ауызбірлік әрдайым болатын болса, бізде басқаның бәрі бар. Бізде міндеттерді жүзеге асыру үшін қаржы бар, бізде жұмыс істей алатын, басқара алатын адамдар бар. Бізде халықты болашаққа бастай білетін жаңа бизнес, менеджерлер бар. Ең бастысы – тұрақтылықты сақтау, сонда ғана игілікке қол жеткіземіз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа зор сенім білдіргені үшін алғысын айтты.

- Бұл мен үшін Сіздің командаңызда болудың тағы бір мүмкіндігі. Сізге рахмет, мен Сіздің сеніміңізден шығамын. 2007 жылдың қаңтар айында Сіз мені алғаш рет Премьер-Министр етіп тағайындадыңыз. Сол кезде мен Парламент депутаттарының алдында мінберде тұрып, қандай қызметте болсам да мен Сіздің әрдайым сенімді көмекшіңіз боламын деп айтқан едім. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен бүгін тағы да қайталаймын, мен бұрынғысынша Сізге көмекшімін және шәкіртпін. Мен Қазақстанды дамытуда үлкен істерге атсалысуға Сіздің сенім білдіргеніңіз үшін айрықша мақтан тұтамын, - деді К. Мәсімов.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Үкімет мүшелерін тағайындау мәселесі келесі аптада шешімін табатынын атап өтті. Президент депутаттар мен барша қазақстандықтарға президенттік сайлауда қолдау көрсеткендері үшін тағы да алғысын білдірді және бұл ортақ жеңіс қазақстандықтарды топтастырып, болашаққа деген үмітін оятатынын атап өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар