Жаңалықтар

5 мамыр 2008
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған елшілерден сенім грамоталарын қабылдады.

Президентке сенім грамоталарын Румынияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Емил Рапча, Түркіменстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Құрбанмұхамед Қасымов, Чехия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бедриж Копецки, Түркия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Аттила Гюнай табыс етті.


Салтанатты рәсімді ашқан Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтады. Елбасы Қазақстанның жаһандық экономикаға табысты ықпалдасып отырғанын атап өтті. Республикада сауда-экономикалық ынтымақтастық үшін, шетелдік бизнестің бірлескен жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуы үшін барлық жағдай жасалған.


- Мен сіздердің қызметтеріңіз біздің қарым-қатынастарымызды жан-жақты дамытуға бағытталатын болады деп үміттенемін, - деді Н.Назарбаев.


Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркияны достық пен бауырластықтың берік түйіні байланыстыратынын атап өтті.


- Түркітілдес мемлекеттердің мәдени-тарихи мұраларының ортақтығы, білім мен ғылым саласындағы байланыстарды қолдау үлкен маңызға ие. Жоғары деңгейдегі қарым-қатынастың қарқындылығы екі елдің сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге дайын екендігін қуаттайды, - деп атап көрсетті Президент.


Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы ынтымақтастық сапалы жаңа деңгейге шықты. «Орталық Азия - Орталық» газ құбырын қайта жөндеу, Каспий бойы газ құбырының құрылысы және Қазақстаннан Түркіменстанға, одан әрі Иранға тартылатын теміржол құрылысы сияқты ауқымды жобалар бойынша келісімдерге қол қойылды.


Қазақстан мен Румыния арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары өте қарқынды дамып отыр.


- Қазақстан мен Румынияның экономикалық әлеуеті екіжақты ынтымақтастықты барынша қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Біз Румынияның энергия көздерін тасымалдау мен өңдеу саласындағы, Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын көлік дәліздерін құрудағы мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделіміз, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Қазақстан Чехия Республикасымен қарым-қатынасқа айрықша маңыз береді.


- Қазақстанды өңдеуші өнеркәсіпте, аграрлық секторда, шағын және орта бизнес саласында дамытуда біз ұлттық қорлар желісі бойынша ынтымақтастықтың зор перспективасын байқап отырмыз. Қазақстанда жоғары технологиялық, инновациялық өндірістерді құруға чехиялық компаниялардың қатысуы біз үшін үлкен қызығушылық туғызады, - деп атап көрсетті Президент.


Журналистерге арналған брифингте Емил Рапча Қазақстан Президентінің өткен жылғы Румынияға ресми сапары екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға айрықша серпін бергенін атап өтті.


- Қазақстан біз үшін Орталық Азиядағы ғана емес, сондай-ақ өңірдегі маңызды әріптес болып табылады, - деді Румыния елшісі.


Түркіменстан Елшісі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтың ізгі тілектерін жеткізді.


- Мен соңғы екі жылда біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынас сапалы жаңа деңгейге шыққанын сенімді түрде мәлімдегім келеді, - деп атап көрсетті түрік дипломаты.


- Қазақстан-чехия ынтымақтастығы серпінді дамуда, алайда, екі елдің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Осы орайда біз энергетика жөніндегі жұмыс тобының және кезекті отырысы ағымдағы жылы өтетін сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссия жұмысына айрықша маңыз береміз, - деп атап өтті Бедржих Копецки.


Чехия елшісі сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделді рөлін атап өтті.


- Мен үшін елші ретіндегі өз жұмысымды тығыз өзара қарым-қатынас байланыстыратын бауырлас әрі достас Қазақстанда бастау үлкен мәртебе. Мен осы лауазымдағы қызметімде екіжақты ынтымақтастықтың барлық салаларындағы қарым-қатынастарды жақсартуға ниет білдіремін, - деді Аттила Гюнай журналистерге.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар