Жаңалықтар

1 мамыр 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады.
01

Президент астаналық «Қазақ елі» алаңында өткен мерекелік іс-шараларға қатысты.

Астананың тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде, Нұрсұлтан Назарбаев бүгін қазақстандықтар бұл мерекені - Қазақстан халқының бірлігі күнін жаңаша атап өтіп жатқанын айтты. Барша қазақстандықтарды біріктіретін мерекеге орай, еліміздің барлық аумағында, ауылдарда, аудандарда, қалаларда іс-шаралар өтуде.

- Біздің Конституциямыз «Біз Қазақстан халқы...» деген сөздермен басталатыны кездейсоқтық емес. Бірліктің арқасында, сенімнің арқасында, біздің көпұлтты Қазақстанның осындай бірлігінің арқасында біз тәуелсіз Қазақстанды құрдық, біз экономиканы көтердік, біз азаматтарымыздың сенімді болашағының негізін қаладық, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

- Біз қазақстандықтар жұмыс істеп, баспаналы болулары үшін, өздері де мамандық алып шығып, балаларын жаңа мамандықтарға оқытулары үшін еңбектенудеміз. Олар ең үздік медициналық мекемелерде емделулері үшін, біздің балаларымыз үздік мектептерде білім алулары үшін қызмет атқарудамыз. Біз мұның бәрін жүзеге асырамыз. Менің Жолдауым, 2020- Бағдарламасы біздің жақсы тұруымызға, тыныштық болып, біздің болашағымыз бұдан да жақсы болуына бағытталған. Осыны іске асыру үшін тағы да бірлік, тағы да бауырмалдық, тағы да барлық халықтың сүйіспеншілігі керек. Осы мереке күні бір-бірімізге деген құрметіміз бен сүйіспеншілігімізді көрсетейік. Күллі әлемге бірлігімізді көрсетейік, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, тыныштық, бақыт және береке-бірлік тіледі.

Мемлекет басшысының сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.       


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар