Жаңалықтар

11 ақпан 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық сайлау комиссиясында болып, Қазақстан Республикасы Президентігіне барлық кандидаттар үшін мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын жалпы негізде емтихан тапсырды.

Мемлекет басшысы емтиханда қарастырылған барлық тапсырманы орындады. Емтиханның қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы шешім қабылдады.

- Қазір халықтың басым көпшілігі мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің үлкен жетістігі Мен 2017 жылға қарай біздің азаматтарымыздың кем дегенде сексен пайызы мемлекеттік тілді меңгеру тиістігі туралы міндет қойдым. Ал 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш тоқсан бес пайызға дейін өсуі тиіс. Біз сондай-ақ Қазақстанда орыс тілі мен өзге де этностардың тілдері үйлесімді дамуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. «Үш тұғырлы тіл» саясаты жалғасын табатын болады. Мен 2020 жылға қарай ағылшын тілін меңгерген қазақстандықтардың саны жиырма пайызға дейін өседі деп есептеймін. Біздің жастарымыз осы қағидатты басшылаққа алулары керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан күллі әлемге өзінің саяси тұрақтылығымен, қарқынды экономикалық дамуымен, халықтың әл-ауқатының артуымен белгілі екенін атап өтті.

- Біздің республикамызда жүз қырықтан астам этнос өкілдері тұрады. Сондықтан мен қазақстандықтардың арасындағы сенім мен достық, әртүрлі этнос өкілдері тарапынан, оның ішінде мемлекеттік және өзге тілдерді игеру үдерісінде нығая түсетініне кәміл сенемін, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар