Жаңалықтар

10 қазан 2007
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Бақытжан Сағынтаевты және «Қазақтелеком» АҚ-ның президенті Асқар Жұмағалиевті қабылдады.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Б.Сағынтаев Президентті таяуда инфрақұрылымдық реттегіш мәртебесіне ие болған Агенттіктің ағымдағы жұмысы туралы хабардар етті. Осы мәртебеге сәйкес, Агенттікке лицензиялау, инфрақұрылымға және монополистер қызметтеріне тежеусіз қол жеткізудің техникалық жағдайларын айқындау жөніндегі функциялар жүктелген болатын.


- Бүкіл әлемде энергия көздері бағасының өсу үрдісі байқалуына байланысты, Президент энергия сақтаушы технологияларды ендіруді ынталандыру және энергия жинақтары мәселесін насихаттау жөнінде тапсырма берді, - деді Б.Сағынтаев журналистерге арналған брифингте.


Мемлекет басшысы «Қазақтелеком» АҚ-ның президенті Асқар Жұмағалиевпен болған кездесуде ауылдық елді-мекендерге телефон байланысын орнатуды аяқтау мәселелерін, сондай-ақ қазақстандық Интернет жүйесін дамыту және «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникациялық жүйесінің транзиттік әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады.


- Президент осы жылдың соңына дейін 50-ден астам тұрғыны бар барлық елді-мекендерді телефондандыру жөнінде тапсырма берді. Бүгінгі таңда Қазақстанның осындай 356 ауылының тұрғындары еліміздің телефон желісіне қол жеткізе алмай отыр. Сонымен қатар, «Қазақтелекомға» 2009 жылдың соңына дейін тұтастай ауылдық мекендерді телефон байланысымен қамтамасыз ету жүктелді, - деді А.Жұмағалиев журналистерге арналған брифингте.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар