Жаңалықтар

23 қазан 2007
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды.

Шымкент қаласына келісімен Президент облыстағы байырғы медицина мекемелерінің бірі – облыстық клиникалық аурухананы аралап көрді.


36 бөлімшесі бар бұл аурухана Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының оқу-емхана базасы болып табылады. Биылғы жылы мұнда асқазан мен бүйрекке жаңа эндоскопиялық операция жасау тәсілі меңгерілген. Жыл сайын мұнда 20 мыңнан астам науқасқа стационарлық көмек көрсетіліп, 50 мыңнан астам науқас амбулаторлық ем қабылдайды.


Мемлекет басшысы электрокардиограмма, ультрадыбысты диагностика және эндоскопиялық зерттеулер жасау бөлмелерінде орнатылған жабдықтармен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев медициналық мекеменің жарақтандыру деңгейіне қанағаттанарлық сезім білдірді және әлемдік денсаулық сақтау стандарттары деңгейінде қызмет көрсете алатын жоғары білікті дәрігерлерді дайындау қажеттігіне назар аударды.


Сол күні Президент болашақ «Көл» қалалық демалыс аймағын аралап көрді. Бұл жобада өткен ғасырдың 60-шы жылдарында осы жерде болған көлді қалпына келтіру және оның айналасын «Ақсу», «Түркістан», «Сайрам» аталатын үш баққа бөлу қарастырылады. Қазіргі кезде мұнда жаяу жүретін жолдар салынып, жарық жүргізілген және бірнеше субұрқақтар салынуда.


Мемлекет басшысы сондай-ақ облыстағы ауқымды жобалардың бірі «Мега Шымкент» сауда және ойын-сауық кешенін аралап көрді. Бұл кешен ең озық технология бойынша салынған және түрлі мүдделері мен түрлі табыс деңгейі бар адамдар үшін сан-алуан тауарлар, қызмет және ойын-сауық түрлерін ұсынады. 28,5 мың шаршы метрлік алаңда азық-түлік гипермаркеті, кино залы, сондай-ақ әйгілі сауда белгілерінің киімдері мен аяқ киімдерін ұсынатын 50-ден астам бутиктер орналасқан.


Кешенде Президентке Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері жүзеге асырып отырған инвестициялық жобалар таныстырылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар