Жаңалықтар

27 қаңтар 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкімет мүшелері, әкімдер, орталық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» ХДП және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшылары қатысқан кеңейтілген отырыс болып өтті.
05

Өз сөзінде Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметтің алдына бірқатар нақты міндеттер қойылғандығын атап өтті. Онда  әлеуметтік мәселелерге негізгі басымдық берілген.

-Экономиканы тұтас дамыт­пай­ынша, әлеуметтік жаңғыру мүм­кін емес. Жолдауда белгіленген міндеттерді орындау – жа­ңар­ған Үкімет құрамы мен бар­лық деңгейдегі әкімдер қызме­ті­нің басты мәселесі.

Үкіметке бірінші Вице-премьер С.Ахметов, бір жаңа вице-премьер та­ғай­ындалды. Жаңа Мәдениет және ақпарат министрлігі қайтадан құрылды. Алты министрлік пен агент­тікті жаңа басшылар басқаратын болды. Төрт облысқа жаңа әкім тағайындалды. Бірқатар жаңа басшылар өңірлерден әкелінді, бұл өз кезегінде орталық және жергілікті билік органдарының өзара іс-қимылын айтарлықтай жақсартады.

Дағдарыстың екінші толқыны жақындап келеді.

Біз бұған толық дайын болуымыз керек.

Үкімет тиісті шараларды белгілеп, әлем­дегі жағдайға мониторинг жасай отырып, жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Өткен жылдары Үкімет дағдарыстық ахуалдарды ойдағыдай шешті, алдағы уақытта да осындай тиімді жұмыстарды жалғастыру керек.

Бүгін мен сіздердің назар­ла­ры­ңызды нақты тапсырмаларға аударғым келеді. Тек жетістіктерді ғана емес, сонымен бірге,  проблемаларды да айту керек.

Бірінші. Дағдарысқа қарсы тұру үшін макроэкономикалық ахуал­ды және экономиканың дамуын сақтауды қамтамасыз ету керек.

Ақша-несие саясаты.

Сыртқы жағдайлар біздің сауда әріптестеріміздің валюталарын құн­сыздандыруы мүмкін.

Ұлттық банк және Үкімет бұл жағдайды жан-жақты бақылап, біздің экс­порт­шыларымыздың өнімдері­мен бәсекелестікке түсу үшін теңгенің қалыпты жағдайын қам­тамасыз етуі керек.

Дағдарысқа қаржы саласын дайындау қажет. Келесі аптада маған Үкімет және Ұлттық банк жалпы банк жүйесі бойынша және нақты банктер бойынша қандай тиімді шаралар жасау қажеттігін баяндауы керек.

Бюджетті оңтайландыру.

Бюджеттік шығындарды тағы да електен өткізу керек.

Қаржы министрлігі барлық бюд­жеттік шығындарды жан-жақты сұ­рып­таудан өткізіп, экономикалық дамуды және тұрғындарды жұ­мыспен қамтуды қамтамасыз етпейтін шығындарды анықтауы тиіс.

Біріншіден, шығынды көп қажет ететін, алайда іс жүзінде ешқандай пайда бермейтін шара­лар­ды өткізу шығындарын қыс­қар­ту керек.

Экономика сәл ғана жақсара бастап еді, әртүрлі мү­ше­лтойлар мен даңғаза конференциялар, халықаралық кеңестер қаптап кетті.

Қазірдің өзінде министрліктер мен әкімдіктердің жоспарында осындай үш мыңнан астам шара белгіленген.

Мұны тоқтату керек! Қазір ондай уақыт емес.

Қаржы министрлігіне дағдарысқа қарсы бағдарламаларды ескере отырып, барлық шығындарды тиімді пайдалану жөнінде тапсырма беремін.

Қаражатты тиімді дайдалануға басымдық беру керек.

Екіншіден, салық әкімшілігі мәселесін жақсарту қажет.

Мен қазір дағдарыс екенін түсінемін, бірақ тыңғылықты жұмыс істеу керек.

Экономика өсуде, алайда берешеке те өсуде.

Тек 2010 жылы жиналмаған салық мөлшері 2009 жылмен салыс­тырғанда екі есе өсті, ал 2011 жылы ол 224 миллиард теңгеге жетті. Өткен жылы жал­ған кәсіпорындар саны 35 пайызға көбейіп, 1 мың­нан асып жығылды (24.­­­01.2012-дегі жағ­дай бойынша – 1081).

Кейбір мем­лекеттік органдар босаңсып кетті.

Салық және кеден органдары өздерінің ақп­а­рат­тық жү­йесіндегі сараптамалық мәсе­лелерді күшейтуге тиіс.

Мысалы, салық жүйесі КПН аудару бойынша салық төлеушілер мәліметтері мен әлеуметтік салықты және ҚҚС өзге органдардың экономикалық көрсеткіштерімен салыстырып қараулары қажет (Экономдамуминистрлігі, Индустрияминистрлігі және т.б.).

Осы ретте бизнес-климатқа жағымсыз ықпалы мен әкімшілік кедергілердің өсуінен қашу маңызды. Кәсіпкерлердің тексерулерден зардап шеккеніне жол бермеу керек.

Үшіншіден, мемлекеттік сатып алу жүйесін қайтадан қарау қажет.

Бүгінде мемлекеттік органдар ешқандай конкурс жүр­гізбей, өздеріне бағынысты кәсіпорын­дар­дан бірнеше есе қымбат бағаға тауарлар мен қыз­мет түрлерін сатып алатын болды. Егер мемлекеттік мекемелер сатып алатын тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасын тек 20 па­йыз­ға арзандатуды қам­та­ма­сыз ете алсақ, 500 миллиард теңгеге жуық қаржы үнем­деуге болады.

Сондықтан тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасы жөнінде то­лық ақпараттық жүйесі бар мем­лекеттік сатып алу жөнін­дегі бір­ыңғай оператор құру мәселе­сін ойластыру керек.

Бұл мәселелерді белгілеуді Вице-премьер К.Ке­лім­бетовке, Қаржы, сондай-ақ Экономикалық даму және сауда министрліктерінің басшылары Б.Жәмішев пен Б.Сағын­таев­қа тапсырамын.

Инфляция және тариф.

Үкімет, Ұлттық банк­ және әкімдер азық-түлік бағаларының және тариф­тердің негізсіз қымбатта­уы­на жол бермеуге тиіс.

Әлеуметтік маңызы бар тауарларды сату бойынша және қызмет көрсетуде делдалдардың алып-сатарлығын жою керек.

Қазіргі экономика өсімді пайдаланып, жаңа резервтерін табу қажет.

Ең алдымен, инвестиция үшін күресу керек.

Бұл инвесторлар каптиалдың өсуінің сенімді нүктесін іздестірген кезде, жаһандық дағдарыс кезеңінде ерекше маңызды.

Үкіметке бірінші жартыжылдықта инвестиция тарту бойынша ұлт­тық іс-қимыл жоспарын жасауды және ОЭСР стандарттарымен Қазақстанның инвестициялық саясатын үйлестіруді тапсырамын.

Кейбір жекелеген мысалдар болмаса, әкімдер өңірлерге инвес­тиция тарту мәселесімен айна­лыс­пайды.

Қара­­ған­ды облысында ауыл шаруашы­лы­ғының сұранысы үшін ұшақтар шығару жұмысы басталды, Жамбыл және Павлодар облыстарында өндіріс дамуда.

Тек салаларда немесе өңірлерде кезекті индустрия­лық жобаны пайдалануға беруді ғана қанағат тұту жауапсыздық болып табылады.

Жаңа кәсіпорын өзінен өзі дамымайды.

Нақты фактілерді алайықшы.

Менің тапсырмам бойынша «Миттал-Стилл» өзі­нің өндірісін әртараптандырды және 2010 жылы Қазақстанның батысында құбыр зауытын іске қосты. Оның өнім­дерін халық­аралық рынок жаппай алып жатыр, алайда біздің ұлттық компанияларымыз оны сатып алмайды. Бұл салада Ө.Шөкеев тәртіп орнатуы керек.

Менің тапсырмам бойынша «Қармет» комбинаты салған сортты прокат зауытын салды. Сондай-ақ енді ғана салынып жатқан рельс зауы­ты­ның, Ақмола облысын­дағы «КамАЗ-инжиниринг» кө­лік құ­рас­тыру зауытының шы­ғарған өнім­дерін еліміздің ұлт­тық компаниялары мен мем­ле­кеттік секторлары сатып алулары тиіс.

Жұмысты ынталандыру үшін, жаңа жұмыс орындарын құру үшін өзіміздің мәши­нелерімізді сатып алуымыз керек. Шығыс Қазақстанда жеңіл автокөліктер шығарылады. Ал біздің шенеу­ніктер шетелдік маркадағы мәшинелерді сатып алады. Олар неге біздің мәшинелермен жүрмейді? Егер бірінші кезекте өзіміз пайдаланбайтын болсақ, неге біз индустрияны дамытып жатырмыз.

Қостанай зауыты УАЗ автокөлігін шығарады. Ауыл шаруашылы­ғының барлық құрылымдары осы көліктерді сатып алуы керек.

Жамбыл облысында ферроқорытпа және химиялық өнімдер өндірісін үш есе арттыру мүмкіндігі бар. Облыс әкімі осы мәселе бойынша жұмыс істеуге міндетті.

Өңірлерді дамытудың болжам­дық кестесінде өндірістердің бірін бірі қайталауына жол берілмеуі тиіс. Барлық облыста бірдей цемент зауытын салудың қанша қажеттігі бар. Бұл мәселелерді шағын қалаларды дамыту жөнін­дегі бағдарламаларда ерекше ескеру қажет.

2011 жылы жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика салаларын дамытуда болмашы ғана өсім бай­қалды. Фармацевтика біршама дамып жатса, біз жеңіл өнеркәсіпті индустрия ретінде мүлде ұмыт­тық. Қаржы салдық, ЕЭА құрдық, зауыттар салдық, ал басқа жерлерде бұл неге дамымайды? Тері өңдел­мейді, жүн өңделмейді.

Үкіметтегі біреудің неге бұлай екендігі туралы нақты сараптамасы бар ма?

Экономикалық даму және сауда министрлігі бұл мәселені шешеді деп сенемін.

Индустрияландыру картасындағы барлық іске қосылған жобалардың 60 пайызына жуығы аграрлық кешеннің және құрылыс индустриясының үлесіне тиеді. Міне, біздің «дау­рықпа» баяндама­ларымыздың сал­дары.

31 ірі жо­баның ішінде тек қана 5 жоба дайын өнім шығару өндірісімен байланысты. Ал бұл Индустрияландыру картасы бойынша жалпы инвестиция көлемінің 90 пайызы.

11 жоба төменгі деңгейдегі өнім шығарады деп күтілуде. Жіберген олқылықтар бетке ұрып тұр.

Іске асырылып жатқан 220 жоба бойынша инвестицияның 80 пайызы мұнай-газ және тау-металлургия саласына, инфрақұрылымға ба­ғыт­­талуда.

Премьер-Министр К.­Мәсімов­ке, бірінші Вице-премьер С.Ахметовке, Индустрия және жаңа технология министрлігіне және «Са­мұрық-Қазына» АҚ-қа жан-жақты сараптама жүргізуді және бұл жобалардың әрқайсысының қазақ­стандық экономиканы әртарап­тандыруға қаншалықты сәйкес келетіндігі жөнінде нақты көрі­ністі анықтауды тапсырамын.

Біртұтас экономикалық кеңістікті құру және алдағы уақытта БСҰ-ға кіру мәселесі еліміздің экономикалық даму үдерісіне күшті ықпал ете­тіндігін әрбір басшының түсінуі қажет.

Біріншіден, қазақстандық үлесті дамыту жөніндегі жұмыстың маңыздылығын бірнеше есе арттыру керек.

Бұл ретте бәсекеге қабілетті өнім шығаратын өн­діріс­терге басымдық берілуі қажет.

Екіншіден, индустриялық-иннова­циялық дамудағы өңірлер­дің рөлін арттыру керек.

Бәсе­келестік күресінде негізгі салмақ өңірлерге түседі. Бұл орайда бірігу керек. Мүмкін Шығыс Қазақстан облысы Павлодар облысымен бірлесе отырып, Омбы облысымен бәсе­келесуі керек шығар. Басқа облыс­тар да осылай жасауы керек. Өзара бәсеке­лестікке түспей, көрші өңірлер­мен бәсекелесу керек. Мен бұл туралы әкімдерге бірнеше рет айттым. Сондықтан индустрияландыру да, әртарап­тандыру да алдағы уақытта облыстарға ауыстырылатын болады.

Оған облыс әкімдері дайын ба?

Міне, әрбір облыстың әкімі өзіне осы сұрақты қоюы керек. Индустрияландыру, инвестиция мәсе­ле­ле­рімен әкімнің арнайы бір орынбасары айналысуы қажет деп есептеймін. Ол ағылшын тілін меңгерген және бұл мәселелерді жетік білетін «Болашақ» бағдар­ламасы түлектерінің қатарынан, Индустрия министрлігі тарапынан жіберілуі керек.

Ол Эко­номикалық даму және сауда, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерімен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады. Президент Әкімшілігіне бір ай мерзім ішінде осы мәселе бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын.
Осыған байланысты барлық өңірлердің әкім­деріне мынадай міндеттер жүктеймін:

Біріншіден, өңірлік дамудың және бәсекелестіктің басымдық­тарын анықтау керек.

Екіншіден, жергілікті жобаларды әлеуметтік бағдарламаларға және Үкіметтің басқа да бағдарламаларына толық байланыстылығын қамтамасыз ету қажет.

Үшіншіден, Үкіметпен бірлесе отырып, ішкі ұлттық бағытта, сонымен бірге, БЭК шеңберінде де өңіраралық кооперацияны күшейту жөніндегі  шараларды белгілеу керек. Бұл мәселені дайындауды Вице-премьер К.Келімбетовке, Экономи­калық даму және сауда министрі Б.Сағынтаевқа және Ұлттық банк басшысы Г.Марченкоға тапсырамын.

Енді дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар туралы.

Әкім­діктерді, сонымен бірге, ұлттық компанияларды қоса алғандағы әрбір мемлекеттік орган әртүрлі дағдарыстық сценарийлерге бір­­ден көңіл аудару шараларын белгілеуі керек.

Егер ахуал нашарлап кететін болса, сыртқы фактор­ларға сілтеме жасап, ақталудың қабылданбайтындығын ескерте­мін.

Әрбір облыстың Үкіметпен бірлесе отырып, алдын ала келі­сілген жоспары болуы тиіс.

Үшінші. Енді салалардарғы міндеттер туралы.

Ауыл шаруашылығы.

Көк­темгі дала жұмыстарына жан-жақты дайындалу және оны ойдағыдай өткізу ерекше маңызды.

Әкімдер егістікті әрта­раптан­дыруды қам­тамасыз етуі қажет. Көкөніс, май дақылдары, жем-азық және басқа дақыл­дардың үлесін арттыру маңызды. Біз мал шаруа­шылығын дамытуды қолға ал­ған болсақ, онда бізде жем-азық дақылдары, майлы да­қылдар, көкөніс өнімдерін өсіру де дамуы керек. Бұған қазірдің өзінде көңіл аудару керек. Біздің егіс алқап­тарының мүмкіндік­терін, олардың өнімділігін арттыру қажет.

Бүкіл әлемде ауыл шаруа­шылығы өндірісі оның өңдеу саласымен тығыз бірлікте жұмыс істейді. Қазақстанда мұндай құ­рылым әлі қалыптаса қойған жоқ. Бұл – біздегі дәстүрлі, тарихи олқылық.

Соңғы үш жылда сүт және ет бағытындағы фермалар құрылы­сына, бордақылау алаңдарын, құс фабрикаларын, жылыжай мен көкөніс сақтау қоймаларын салуға орасан зор қаржы жұмсалды. «Біз бірақ өзіміздің алдымызға қойған мақсатымызға жете алдық па?».

Үкіметке, әкімдер мен «ҚазАгро» холдингіне оларды тиісті деңгейге жеткізуді және өнімдер шығаруын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын.

Ауыл шаруашылығы министр­лігіне ветеринарияны халықара­лық стандартқа көшіру жөнінде тиісті шаралар қабылдау тап­сырылған болатын. Мұнсыз сапалы ет экспорттау мүмкін емес.

2012 жылдың басында өткен жылға жоспарланған 126 ветери­нариялық зертханалардың бар-жоғы 27-сі ғана салынған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысының нәтижесін осындай.

Бұл зертханаларды салу мен іске қосуды жеделдету қажет.

Жерді өз мақсатына пайдалану жөнінде шаралар кешенін қабыл­дау қажет.

Өйткені, бұл кәсіп­керлікті дамытудың елеулі қо­сымша мүмкіндігін беретін болады.
Осыған байланысты әкімдер тұрғын үй салуға немесе ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге жер телімдерін бөл­генімен, оларды кімдер алып жат­қандығын, жер телімдерінің қан­дай қағидатпен бөлініп жатқандығын қадағаламайды, сондықтан жер дұрыс пайдаланылмай келеді.

Бүгінгі күні Қазақстанда 7 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері іске қосылмай отыр. Мұның жартысынан астамы Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарының үлесінде.

Осыған орай Жер ресурстарын басқару агенттігінің жаңа басшылығына Ауыл шаруашылығы министрлі­гімен және облыс әкімдерімен бірлесе отырып, аталған мәселені шешуді тапсырамын. Жер халықтың – негізгі бай­лығы.

Сондықтан Үкіметке оған қатысты мәселелерді шешуді тапсырамын.

Тұрғын үй-коммуналдық ша­р­уа­­шылық саласы.

Біз жылыту маусымын проблемасыз жүргізу жағ­дайына әлі күнге жете алмай келеміз.

Жыл сайын әкімдер мен Үкімет жүз пайыз дайындық туралы баяндайды.

Жағдай ондай болмай тұр.

Әйтпесе биылғы қыста Өске­менде, Көкшетау мен Семейде проблема болмаған болар еді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту бағдарла­масын жүзеге асыру ісіне де халықтан көптеген шағымдар түсіп жатады.

Мұнда мемле­кеттік органдардың жауапкер­шілігі дұ­рыс айқындалмаған.

Пәтер иесі тұрғын үйді басқару үдерісіне нақты қатысып, бұл бағдар­ламаның тиімділігін нақ­ты сезінуі тиіс.

Менің тұрғын үй құрылысы мәселесі бойынша айтатын сын-ескертпем бар.

Тұрғын үй құрылысы бағдар­ламасы бойынша былтырғы жылы 138 мың шаршы метр жалдық тұрғын үй тұрғызу белгіленген болатын.

Оның тек 100 мың шаршы метрі ғана пайдалануға бе­рілді.

Мұның алдындағы тұрғын үй бағдарламасында белгіленген нысандардың барлығы әлі салынып болған жоқ.

Ал енді жаңа бағдарламаны жариялап отырмыз.

Егер бұлай жұмыс істейтін болсақ, онда ақшаны не үшін бөліп отырмыз?

Дағдарыс­пен күрес бағдарламасын жүзеге асырған кезде барлық әкімдер жақсы жұмыс істеді, «Жол картасы» бүкіл Қазақстан бойынша қанат жайған еді.

Ал қазір осы жұмыс бәсеңсіп қалды.

Үлестік құрылыс­тың да бірқатар нысандары қаржы бөлінгенмен, әлі күнге аяқталмай отыр, бөлінген жер телім­дерінің игерілмей қалды, жер телімдерін бөлу жөніндегі қолданыстағы ереже тұрғын үй салушылардың қаржы мүмкіндігін ескермейді.

Мұндай жағдайда ол жерлерді қайтадан алып, құрылыс жүргізе алатындарға тапсырылуы керек.

Жер телімдері тиісті коммуни­кациялық жүйелер жүргізілгеннен кейін ғана бөлінуі керек.

Бұл мәселені жергілікті жерде тек әкімдер ғана дұрыс қадағалай алады.

Астанадан бәрін көріп отыру мүмкін емес. Осыған орай Үкі­метке әкімдермен бірлесе отырып, мәселені шешу жолдарын ай­қындап, заңға өзгерту енгізуге дейін тиісті ұсыныс әзірлеу жөнінде тапсырма беремін.

Қалдықтарды өңдеп кәдеге жарату, қалдықтарды бөлектеп жинау жүйесін енгізу мәселесі де аса маңызды.

Біз Алматыда қалдық өңдеу зауыты салдық. Ол қазір бір ғана себеппен, атап айтқанда, қалдықтарды бөлектеп жинау жүйесі іске қосылмаған­дықтан жұмыс істемей тұр. Егер шыны, картон, пластмасса бөлек­теп жинақталатын болса, зауыт оны өзі-ақ алып өңдер еді. Алматыда тағам қалдықтары 30-40 пайызды құрайды. Шет елдерде олардан метан өндіріп, оны әртүрлі қажеттіліктерге пайдаланады. Біз де осылай жұмыс істеп үйренуіміз керек.

Қалдықтарды сұрыптау жұмы­сына әлеуметтік аз қамтыл­ған және жұмыссыз адамдарды тартып, олардың қаржы табуына жәрдемдесудің мүмкіндігі бар.

Мәселен, елімізде осы уақытқа дейін жинақталып қалған өнер­кәсіптік және тұрмыстық қалдық­тар әрбір тұрғынға шаққанда 1,4 мың тоннадан айналады екен. Бұл мәселені тездетіп шешу қажет.

Әкім Үкіметпен бірлесіп осы мәселе бойынша жұмысты жүргізе бастасын.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметовке тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық сала­сындағы барлық мә­селелерді ше­шуді жеке бақы­лауына алуды тапсырамын.

Төтенше жағдайлар минис­трлігі мен әкімдерге қардың көктемгі еруі мен тасқын қаупінің алдын алуды, тұрғын үйлерді, бөгендерді және басқа да гидротехникалық қон­дыр­ғыларды бекіту жұмыстарын жүргізуді жүктеп отырмын.

Экономика­ның дамуы монополиялық саясат арқылы да шектеліп келе жат­ыр, оны реттейтін агент­тіктің барлық жұмысы өңірлердегі монополистер үшін тарифтің өсуін кезекті бекітуге ғана жұ­мыл­дырылып келеді, тұ­ты­ну­шылар құқығын қорғау жұ­мысы аяқсыз қалып отыр.

Аталған агенттіктің жаңа төрағасына тарифтік саясатты қалыптастыруды ашық жағ­дайда жүргізу жөнінде шара қолдануды тапсырамын.

Кәсіпкерлікті қолдау саласы.

Біз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асырудамыз. Оны жетілдіру маңызды.

Кәсіпкерлердің несиелер алулары үшін кепілдіктер жеткілікті ұсынылмай отыр.

Сондықтан осы уақытқа дейін іс-қимыл бағдарламасы тек 20 несиені кепілдендірген. Бұл жеткіліксіз.

Сол себепті шағын бизнесті қолдау үшін мемлекет мен ірі инвесторлардың күш-жігерін біріктіру тетігін пысықтау қажет.

Әлеуметтік сала.

Жолдауда мен әлеуметтік сала бойынша барлық маңызды мәселелерді белгілеп бердім.

Дегенмен Үкімет шешуге тиіс жүйелік проблемалар әлі де бар.

Біріншіден, денсаулық сақтау нысандарын салу мәселесін айқын­дай түсу керек.

Осының алдын­дағы жылдардағы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасында белгіленген 103 денсаулық сақтау нысанының тек 58-і ғана салынды.

2011 жылғы Жолдауда қосым­ша 350 аурухана мен емхана салу жөнінде тапсырма берілді.

Алайда, олардың 7 нысаны бойынша ғана шығындар қолдауға ие болды.

Неліктен бұлай болып отыр?

Премьер-Министрдің жеке өзіне аталған жайдың анық-қанығына жетуді тапсырамын.
Екіншіден, халықты дәрі-дәрмекпен, әсі­ресе, күрделі ауруларға қажетті дәрі-дәрмектермен қамту ісіндегі кемшіліктер жыл сайын қайталанып отыр.

Ағымдағы жылы В және С гепатитімен ауыратын­дарға, онко­логиялық науқастарға қажет­ті дәрілерді жеткізу жөнін­дегі келісім-шарттар көп кешіктіріліп жасалды. Адамдар зардап шегуде.

Қаржы уақы­тында бөлінгенімен, оларды дер кезінде ала алмадық.

Медициналық мекемелерде жоспарлау жүйесін жолға қоюға не немесе кім кедергі келтіріп отыр?

Үшіншіден, «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасы кадр­лар­ға деген нақты бір сұранысты толық ескермей жүргізіліп келеді.

Бұл ретте Білім және ғылым минис­трлігі қандай кадрларға тапшы­лық барлығын анықтап, осыған сәйкес мамандар дайындау жө­нінде оқу орындарына тиісті тапсырыстар беруі қажет.

Өйткені, жұмыс орындары гас­тарбай­терлерді қамтама­сыз ету үшін емес, қазақстан­дықтар үшін ашылып отыр.

Төртіншіден, Үкімет көші-қон заң­дарына атал­ған жағ­дайларды ескере отырып, тиісті өзгерістер енгізуі тиіс.

Халық­тың бүкіл ел көлемінде тиімді орналасуын ынталандыру жүйе­сін енгізудің маңызы зор.

«Нұр­лы көш» бағ­дарламасын түбірінен қайта қарастыру қажет.

Бұл мәселелердің шешім табуын мен Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаевқа жүктеймін.

Міндеттердің тағы бір тобы мемлекеттік басқарудың тиімді­лігін арттыруға қатысты.

Менің тарапымнан орталық дең­гейде мемлекеттік басқаруды оң­тайландыру туралы тиісті Жарлық шығарылды.

Бізде әр жыл сайын мемлекеттік аппаратта қысқартулар болып жатады. Бірақ мемлекеттік құрылымда істейтін­дердің саны тездетіп қайта қалпына келіп қана қоймай, одан әрі өсе түседі.

Неге бұлай?

Оның жауабы қара­пайым. Бізде осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметтің тізбесі болып көрген емес.

Бұдан төрт жыл бұрын мен мемлекеттік органдарға аудит жүргізудің жүйелік негізін қамтамасыз етуді тапсырған едім. Бұл мәселе әр түрлі себептермен кейінгі шегеріліп келеді.

Мен бірыңғай көзқарастар болу үшін, әкімдіктердің типтік құрылымын жетілдіру туралы тапсырма бердім. Әлі күнге дейін орындалған жоқ!

Бес жылда мемле­кет­тік кәсіпорындар саны 4,2 мыңнан 6 мыңға дейін, яғни 1,5 есе өскен. Қаржы министрлігі осыған ақша бөледі. Ал мемле­кеттік қаржыны қалай үнемдеу жөнінде ұсыныс бермейді.

Бұл мемлекеттік кәсіпорындарда жұ­мыс істейтіндердің саны Қазақ­стандағы мемлекеттік қызметкер­лер санынан 6 есе көп, ал Қазақстандағы мемлекеттік қызметте – 600 мың адам еңбек етеді. Бірақ, аталған кәсіпорындардың жартысынан астамы зиянмен жұмыс істеуде. Көбі бірін-бірі қайталап отыр.

Үкіметке мемлекеттік кәсіпорын­дар санын қысқартып, холдингтер мен ұлттық компаниялар құры­лымын оңтайландырып, бұл мә­селенің шешімін тапқандығын 1 сәуірге дейін баяндауды тапсырамын.

Бүгінде Үкімет менің тапсырмаларымды жедел орындаудың орнына, оны одан әрі министрліктер мен ведомстволарға жүктейтін болған. Осылайша бір тапсырмадан ондаған тапсырмалар ту­ындай­ды. 2001 жылы 15 мың тапсырманың 80 пайызын Үкімет пен Премьер-Министрдің Кеңсесі берген. Кеңсе басқару органына немесе көшірме жазбалар органына айналып кеткен.

Бізде мемлекеттік жоспарлау­дың жаңа жүйесі енгізілген. Нәти­жесінде есеп беру құжат­тарының саны 6 есе өскен. Қазір бүтіндей алғанда 30 мыңнан астам есеп талап етілуде.

Президент Әкім­шілігіне осы мәселені тиянақты тексеріп, басы артық үдерістердің бәрін қыс­қартуға тиіс.

Сондықтан мына төмендегідей шараларды жүзеге асыру қажет деп санаймын:

Біріншіден, бұл ретте бәрін Үкімет Кеңсесіне жүктей бермей, Премьер-Министрдің орын­басар­ла­рының жауапкершілігін, олар­дың министрлермен және әкім­дермен іс-қимыл әрекеттестігін арттыру керек.

Екіншіден, Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесе отырып жағдайға талдау жасап, мемлекеттік қызмет тізбесін қалыптастыруды 1 мамырға дейін іске асыратын болсын.

Үшінші­ден, 1 наурызға дейін министр­ліктер, ведомстволар мен әкім­діктер құрылымы туралы жаңа типтік ережені бекітіп, мұнан кейін екі айдың ішінде оларды оңтайландыру жұмыстарын жүр­гізу қажет.

Төртіншіден, 15 сә­уірге дейін ұлттық холдингтерді, компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарды оңтайландыру жөнінде ұсыныс әзірленетін болсын

Жаңа басқару технологияларын жеделдетіп әзір­леуді Премьер-Министрдің орынбасары Е. Орынбаевқа жүк­теймін.

Үкіметке «Мемлекеттік қыз­мет көрсету туралы» заң жобасын әзірлеуді жеделдетуді тапсырамын.

Бизнеске әкімшілік кедергілерді қысқарту – мәселенің өзге қыры. Мұнда да еске­ретін жәйттер бар. Осы уақытқа дейін әрекет етіп келген 1015 рұқсат беру құжаттарын 30 па­йыз­ға қысқарту жөнінде ұйға­рым жасалғаннан кейін олардың 700-ге жуығы ғана қалу керек еді. Ал 2011 жылдың соңындағы тексеру барысында олардың саны 1137-ні құрап отырғаны анық­талды.

Мұның өзі таң­қалатын жәйт! Мемлекеттік аппаратты қысқарту үстіндеміз, ал шенеу­ніктер саны артып келеді!

Рұқсат беру үдерістерін азайтудамыз, ал олар өсе түсуде!

Мұндай жағдайда Үкіметке көрсетілген сенім ұзаққа созылмауы да мүмкін.

Алдағы кезең аса күрделі және жауапты екендігін тағы да еске салғым келеді.

Мұны бар­лығымыз білеміз. Бізге жинақ­талу және жұмысты жаңа леппен бастау керек. Менің әрбір тапсырмам үшін барлық министрлер мен өңір басшылары алдымда дербес жауап береді.

Осы мәселені бақылауға алуды Президент Әкімшілігінің Басшысына тапсырамын.

Сіз­дер­дің бар­лық­тары­ңызға Парламент пен менің тарапымнан үлкен сенім көрсетілді.

Осы сенімді ақ­таңыздар!


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар