Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

22 ақпан 2007
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
big-sovbez121.jpg

 

Отырыста алдағы жылдарға арналған Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесінің стратегиясы, сондай-ақ Президенттің Қауіпсіздік кеңесінің бұдан бұрынғы отырыстарында берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.


Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Берік Имашев алдағы жылдарға арналған Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесінің стратегиясы жобасының негізгі басымдықтары мен міндеттері туралы отырысқа қатысушыларды хабардар етті. Қазақстанның арта түскен экономикалық және саяси мүмкіндіктері жеке адамның, қоғам мен мемлекет мүдделерінің жаңа деңгейде қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні аталып өтті.


Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа Стратегия біздің дамуымыздың аса проблемалы қырларын ескереді және алдағы жылдары біздің еліміздің өрелі мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуіне ықпал етеді.


Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылай келе, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндеті жемқорлықпен қатаң күресуді, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен тәртібін көтеруді талап ететінін атап өтті.


- Жемқорлықпен күрес мәселесі әрдайым менің жеке бақылауымда болады, - деп атап көрсетті Елбасы.


Соңғы кездері Қауіпсіздік Кеңесі жемқорлықпен күресте өзінің үйлестіруші рөлін едәуір күшейтті, заңнамалық, институционалдық және ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар жүйелі шаралардың қабылдануын қамтамасыз етті. Халықтың билік органдарына деген сенім деңгейін арттыру мүмкін болды, оған азаматтар мен ұйымдардың көптеген үндеулері айқын дәлел бола алады.


Алайда, Елбасы Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің назарын аталған бағытта ахуалды түбегейлі өзгерістер болмағанына аударды. Жемқорлықпен күрес немқұрайлы жүргізіледі. Қауіпсіздік Кеңесінің алдағы отырыстарында шенеуніктер тарапынан өзінің қызметтік мансабын асыра пайдаланудың өрескел оқиғалары айтылған болатын. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы балалардың ВИЧ-инфекциясын жұқтыруы, тұрғын үй саласындағы көптеген заң бұзушылықтар, ұлттық компанияларда еңбекақы төлеу қорын пайдалануға бақылаудың жоқтығы, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі пробелемалар.


Мемлекеттік органдардың Қауіпсіздік Кеңесінің өткен жылғы отырыстарында берілген бірқатар тапсырмаларды орындамау фактілері орын алды.


Құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, бірқатар жаңа қылмыстарға тергеу амалдары жүргізілуде.


Отырыста сөз алған Бас прокурор Рашид Түсіпбеков қатысушылардың назарын Мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамытудың бағдарламасын жүзеге асыру барысында орын алған өрескел заң бұзушылықтарға аударып, бірқатар деректер келтірді.


Мәселен, Орал қаласында халықтың аз қамтылған әлеуметтік тобына арналған тұрғын үйлер мемлекеттік органдардың 72 қызметкеріне бөлінген. Павлодарда 53 пәтер жеңілдетілген тұрғын үй алуға құқылы тұрғындар қатарына жатпайтын «Қазақстан алюминий» АҚ-ның қызметкерлеріне таратылған. Сонымен қатар тұрғын үй алуға басым құқыққа ие 80 азаматқа пәтер бөлуден еш негізсіз бас тартқан.


Алматы қаласында ипотекалық тұрғын үй берудің 150 заңсыз фактісі анықталған, оның ішінде 85 адам білім беру қызметкері, 22 адам денсаулық сақтау саласы қызметкері, 43 адам басқа да мемлекеттік ұйымдардың қызметкері ретінде жалған құжатпен пәтерге ие болған.


Осыған ұқсас заң бұзушылықтарға Атырау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында да жол берілген.


- Адамдарда ұят деген, ар деген болуы керек қой. Мемлекет барлық күшін салып, аз ақшаны елге бөліп, халыққа берейін деп жатқан кезде соған барлығы жабысады. Мұндай адамдарды ешқандай аямау керек. Біздің құқық қорғау органдары неге бұларды ұстамайды? Неге облыстардың өздері соларды ұстап, күнде-күнде халыққа айтпайды, - деді Мемлекет басшысы.


Бас прокурор жер қатынастары, салық, кеден қызметі салаларында анықталған басқа да заң бұзышылықтарды атап көрсетті.


Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында құжаттарды жедел рәсімдеу және кезектен тыс пәтерге ие болу үшін пара алу фактісі бойынша Алматы қаласы Тұрғын үй департаментінің директоры А. қатысты қылмыстық істі тергеді. Бұл іс айыптау қорытындысымен прокуратураға жіберілді.


Елімізде жүргізіліп жатқан мүлікті жария ету науқаны барысында да лауазымды тұлғалардың пара беруге мәжбүрлеу фактілері анықталған. Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары С. үстінен тергеу амалдары жүргізілуде, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С. қатысты іс сотқа тапсыру үшін прокуратураға жіберілген.


Қаржы полициясы агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаевтың сөйлеген сөзінде де көптеген нақты фактілердің беті ашылды.


Оның пікірінше, Кеден кодексі кеден саласындағы лауазымды тұлғаларға тасымалданатын тауардың бағасын белгілеу әдістерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, бұл іс жүзінде төлемдер ақысын төмендетуге ықпал етуді. Ал құжатта көрсетілген күмәнді мәліметтер үшін жауапкершілік тауарды тасымалдаушы тұлғаға артылады.


Өзінің сөзіне дәлел ретінде С.Қалмырзаев келесі дәйекті фактілерді алға тартты. Атырау облысының кеден органдары төрт жыл қатарынан кедендік брокер болып табылатын «НЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кеденнен кейінгі бақылауды жүзеге асырмаған, жария етілген 28 мың жүктің кедендік декларациялары тексерілмеген. Агенттіктің аудиторлық және салықтық тексерістер жүргізуі барысында 1,6 миллиард теңге сомасында салық төлеуден және басқа да төлемдерден тікелей жалтару фактілерін анықталды. Облыстық салық комитетінің аталған ЖШС қызметіне сегіз жыл бойы тексеріс жүргізбегенін атап өту қажет.


2006 жылы барлық құқық қорғау органдары 2005 сыбайлас қылмысты анықтаған, бұл 2005 (1505) жылмен салыстарғанда 33,2 пайызға көп.


Қаржы полициясы – 1221, ұлттық қауіпсіздік органдары – 328, прокуратура – 321, ішкі істер органдары – 113, кеден саласы – 3 сыбайласқан қылмысты әшкерледі.


Сыбайласқан қылмыстарды анықтаудағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенділігін атап өткен жөн.


Еліміздің соттары сыбайласқан қылмыс жасаған 477 тұлғаны соттады.


Мемлекет басшысы отырыстың қорытындысы бойынша Үкімет пен мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.


Сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік этиканы сақтау мәселелері жөніндегі комиссияға, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке үш ай мерзімде заңнамаға лауазымды тұлғаның өзінің қызметтік дәрежесін жеке мақсатына пайдалану жағдайларын болдырмауға, мүдделер қақтығысының алдын алуға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.


Үкіметке үш ай мерзімде мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыстарды аяқтау, оның ішінде мемлекеттік органдар басшыларының қызметін рейтингтік бағалау шарттарын белгілеу жөнінде нұсқау берілді.


Елбасы Индустрия және сауда министрлігіне «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңды қайта қарау аясында әсіресе, бизнестің мүдделеріне қатысты нормативтік актілерді әзірлеу сатысында бизнеске қойылатын әкімшілік кедергілерді жою жөнінде қосымша шараларды қарастыруды тапсырды.


Білім және ғылым министрлігіне жүзеге асырылып жатқан «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы аясында елорданың білім беру мекемелерінде 2007 оқу жылынан бастап өскелең ұрпақ пен жастарда есірткіге, алкоголь мен темекіге бой алдырмауды қалыптастыру туралы арнайы оқу бағдарламасын енгізуді тапсырды.


- Біз жемқорлықты жеңіп шығуымыз қажет. Бізде тиісті Заң бар, қажетті заңнамалық база қалыптасқан. Бірақ, ең бастысы, мемлекеттік органдардың өздерінің тазалығы біздің осы істе тәртіп орнатуымыздың кепілі болып табылады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев отырысты қорытындылай келе.


- Жемқорлықпен және парақорлықпен күрес – бұл барлық қазақстандықтардың атқарар ісі. Тек құқық қорғау органдарының, мемлекеттік қызмет және бақылаушы органдардың күшімен біз бұл мәселені шеше алмаймыз. Бұл процесске күллі халық қатысуы тиіс, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар