Жаңалықтар

3 сәуір 2011
Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев 24:00-де Республикалық сайлауалды қоғамдық штабта болды.

01

02

Нұрсұлтан Назарбаев штабтың мүшелерімен, партия бойынша серіктестерімен, сенімді өкілдерімен, республикалық жұртшылық өкілдерімен, волонтерлармен, жастармен кездесті.

Экзит-пулдың нәтижелері бойынша дауыс берудің алдын ала қорытындылары жарияланған жаңалықтар жарияланымын қарап шыққаннан кейін, Мемлекет басшысы жиналғандар алдында сөз сөйледі.

- Қымбатты қазақстандықтар, отандастарым! Қазір ғана біздің Тәуелсіздігіміздің 19 жылдық тарихындағы бүгінгі тарихи сайлаудың алдын- ала қорытындылары белгілі бола бастады. Тарихи болатыны – біз күллі әлемге біздің қоғамның демократиялығын, біздің жетістіктерімізді тағы да дәлелдедік. Осы күндерде барша әлемнің назары дерлік Қазақстанға ауды. Бұл сайлау ашық, әділ өтті. Құқық қорғау органдары заңның сақталуын қадағалады. Президенттікке кандидаттардың барлығына тең құқық берілді, бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділікке ие болды, барлық облыстарда, аудандарда, қалаларда, ауылдарда өз бағдарламаларын, өз идеяларын жеткізуге мүмкіндіктер жасалды. Біз ашық қоғамбыз. Сондықтан біздің сайлауды бақылау үшін 1059 шетелдік байқаушылар, 200 шетелдік журналистер келді. Оларға дауыс беру үдерісіне кедергісіз қатысуға, сайлау барысын бақылауға мүмкіндіктер берілді. Қазір жүргізілген экзит-пул Қазақстан халқының реформалар жасауға, қоғамды жаңғыртуға, әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының, әрдір адамның, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған менің бағытымды тағы да қолдағанын көрсетті. Осындай сенімі үшін барша қазақстандықтарға, қоғамдық штабқа, осында құрылған 2020-Демократиялық одаққа ризашылығымды білдіргім келеді. Олар барлық облыс бойынша жұмыс істеді. Штабтың мүшелеріне, осынау біздің Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде менімен бірге жүрген достарыма, өзімнің қымбатты серіктестеріме алғысымды айтамын. Сайлауда сайлау күні жеңіске жетпейтіні, одан көп бұрын – ісімен жеңіске жететіні белгілі. Ендеше, біздің осы 20 жыл ішінде атқарған ісіміз текке кеткен жоқ. Бұл бізге берілген баға. Біз бұл емтиханнан сүрінбей өттік. Мен барлық 29 мың сенімді өкілдеріме алғысымды білдіремін, олар – 29 мың. Мен 88 мың волонтерға алғысымды айтамын. Әсіресе, үлкен белсенділік көрсеткен, менің бағытымды, жеке мені қолдаған біздің жастарымызға деген менің алғысым ерекше. Сол себепті мен кандидат ретінде жеңіске жеттім, әрине, күллі еліміз, күллі Қазақстан жеңді деп санаймын. Сондықтан сіздер экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар бағытын жалғастыру үшін маған карт-бланш бердіңіздер. Біз оны одан әрі жалғастыратын боламыз. Мен бүгін сайлауға келіп, біздің халқымыздың топтасқанын көрсеткен барлығыңызға ризамын. Біздің барлық жетістіктеріміз біздің бірлігіміздің, көп ұлтты Қазақстандағы біздің достығымыздың, әрбір адамның құқығы мен еркіндігін құрметтеудің нәтижесінде мүмкін болды. Бұқаралақ ақпарат құралдары да, барлық өңірлер де барлық кандидаттарға қолұшын созды. Мен өз идеяларын білдірген өзге кандидаттарға да ризамын. Олар білдірген жақсы ұсыныстарды ескеруіміз керек. Мен барша қазақстандықтарға, менің барлық серіктестеріме, менімен бірге еңбек еткен достарыма тағы да алғысымды айтамын, алдымызға қойылған барлық міндеттерді жүзеге асыру үшін барлығына мықты денсаулық тілеймін. Мен әр үйге, еліміздің әрбір азаматына бақыт пен құт-береке тілеймін, - деді Мемлекет басшысы.

Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев он-лайн режимінде өңірлік штабтармен әңгіме өткізді.

Қазақстанның әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қоғамдастығы жүргізген экзит-пул әдісімен әлеуметтік саулнаманың нәтижелері бойынша, 3 сәуірде Қазақстанның барлық өңірінде – Қазақстанның 14 облысында және Астана мен Алматы қалаларында іс басындағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ең көп дауысқа ие болды. Оған сауалнамаға жауап бергендердің 94,82 пайызы дауыс берген. Қазақстан бойынша орташа есеппен сайлауға қатысқандар – 84,9 пайызды құраған. Экзит-пул Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес қатаң жүргізіледі, сайлау комиссиясының жұмысына нұқсан келтірмейді және сайлаушылардың өз еркін білдіруіне қандай да бір зиянын тигізбейді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар