Жаңалықтар

24 шілде 2008
Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Алматы облысының бірқатар аудандарына барды
big-01Eg.jpg

Іле ауданында Мемлекет басшысы «Даму» индустриялық-логистикалық орталығының жұмысымен танысты.


«Даму» орталығы көлік-логистикалық инфрақұрылымды, қазақстандық шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамытуға арналған өндірістік нысандар, әкімшілік құрылымдар, инфрақұрылымдардың аумақтық бірлестігінің жиынтығы болып табылады.


Орталықтың құрылысы «Аманат Инвест Групп» компаниясы тобы стратегиясын жүзеге асырудағы бірінші кезең болып табылады, алдағы уақытта аталған компания бүкіл Қазақстан аумағы бойынша индустриялық-логистикалық орталықтар жүйесін құруды көздеп отыр.


– Қазақстан – транзитті мемлекет. Елімізде логистикалық даму басталып кетті. Мен бұл жұмысты толықтай қолдаймын. Елімізде осындай құрылыстың салынғанына өте қуаныштымын. Болашақта осындай орталықтар Астана, Ақтөбе қалаларында да салынатын болады, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.


Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ «Кнауф гипс Қапшағай» гипсокартон тақтайшаларын шығаратын зауыттың өндірістік цехтарын аралап көрді. 2001 жылдың шілде айында кәсіпорынды немістің Knauf фирмасы жекеменшікке сатып алған болатын. 19,5 миллион АҚШ доллары көлеміндегі шетелдік инвестицияларды жүзеге асыру келісімшарты 2004 жылы табысты жүзеге асырылды.


Қапшағай зауыты жобалық қуаты бойынша 26 миллион шаршы метрге жуық гипсокартон тақтайшаларын шығара алады. Кәсіпорын өз өнімінің 20 пайызын экспортқа шығарады.


Сол күні Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматы облысына жұмыс сапары аясында Қапшағай қаласындағы “Sіlk Cіty 3D Constructіon” ЖШС-інде болды.


Мұнда Мемлекет басшысы Қапшағай қаласы кәсіпорындарының көрмеге қойылған өнімдерімен танысты.


Алматы облысы – еліміздің халық тығыз топтасқан өңірлерінің бірі. Бұл өңірде 1,7 миллионнан астам адам тұрады. 2005 жылдан бері өнеркәсіптік өндіріс көлемі екі есеге артқан.


Алдағы уақытта облыста жаңа университет құрылысы салынбақ, Алматы түбіндегі «Alatay» ақпараттық паркі ойдағыдай дамып келеді.


- Қаржылық қиыншылықтарға қарамастан, мұнда тұрғын үй құрылысы дамып отыр. Өткен жылы 400 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, биыл бұл көрсеткіш жарты миллион шаршы метрге дейін жетпек. Халықтың салымдары артты, ауыл шаруашылығы табысты дамып отыр. Кіші өзендердегі гидроэлектростанциялардың құрылысы басталды. Бірінші ГЭС Есік өзенінде іске қосылмақ, - деп атап көрсетті Елбасы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар