Жаңалықтар

2 шілде 2010
Бүгін Теміртауда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Магниткасының 50 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар болып өтті.

01

02

Түске дейін Президент Теміртауға келіп, «АрселорМитталТеміртау»  компаниясының (Қарағанды металлургия комбинаты) металлургиялық зауытында болды.

Бұл кәсіпорында Қазақстанның болашақ Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Днепродзержинскідегі оқуын аяқтағаннан кейін өз еңбек жолын горновой қызметінде бастады. 1960 жылы ол алғашқы қазақстандық  шойынның қорытылуына қатысты.

Бүгін Президент сондай-ақ №4 домна пешіндегі мерейтойлық қорыту рәсіміне қатысты.

Одан кейін Мемлекет басшысы Металлургтердің Мәдениет сарайында өткен Қазақстан Магниткасының 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға қатысты.

Жиынға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Президент бұл біздің еліміз үшін өте маңызды оқиға екенін атап өтті. Бұдан 50 жыл бұрын шойынның алғаш балқытылуы тек Қарағанды металлургиялық комбинатының құрылған күні ғана емес – бұл Қазақстанның қара металлургиясының пайда болған күні.

- Бұл жерде осыдан 50 жыл бұрын не болып еді? Шағын поселке, шатырлы қалашық және бүкілодақтық екіпінді құрылысқа келген мен тәрізді мыңдаған жастар. Біздің қолымызбен небәрі 2 жылдың шінде алғашқы домна өндірісі іске қосылды. Бұл құрылысшы, монтажшы, жөндеуші, металлургтердің үлкен ұжымының еңбектегі нағыз ерлігі болды. Мен домна пештері шойын қорытқан тарихи сәттерге куә болып, оған өз үлесімді қосқанымды мақтан етемін. Өз кезінде металлург мамандығын алып шыққанымды да мақтан тұтамын. Осында мен өте маңызды өмірлік тәжірибе жинадым, мінезім қалыптасты, сенімді достар таптым, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.          

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта жоғары сапалы Қарағанды металы әлемдік өнеркәсіптік қоғамдастыққа танымал екенін атап өтті. Кәсіпорынға қайта құрылымдау жүргізілді, үздіксіз болат құю өндірісі енгізілді, ыстық мырыш және алюминий цехтары ашылды, сортопрокат шығарыла басталды. Болат балқыту көлемін едәуір арттыруды қарастыратын 2015 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар әзірленді.

- Бір сөзбен айтқанда, комбинат бұрынғысынша еліміздің қара металлургиясының флагманы болып қала береді, - деді Президент.     

Нұрсұлтан Назарбаев металлургтер мен Теміртаудың барша тұрғындарын Қазақстан Магниткасының 50 жылдығы мен жақындап қалған Теміртаудың құрылғанына 65 жыл толуымен құттықтады. Оларға және олардың отбасыларына денсаулық, бақыт, игілік және сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысы қаланың мерейтойына орай, Теміртау қаласының және металлургиялық комбинаттың дамуына өзіндік үлкен үлес қосқан адамдар мен еңбек ардагерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын жария етті.

Президент айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдызды «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған еңбек ардагері Арғын Жүнісовке, «Отан» орденін - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ аға өндіріс шебері Виктор Деркачке, ІІ дәрежелі «Барыс» орденін - Ресей Федерациясы қаржы-өнеркәсіп топтары қауымдастығының президенті Олег Сосковец пен «АрселорМиттал Теміртау»  АҚ суық металдарды кесушісі Виктор Ткаченкоға, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ цех бастығы Жанас Арысовке, ІІ дәрежелі «Достық» орденін - Лакшми  Митталға, «Құрмет» орденін – еңбек ардагері Төлеген Адам-Юсуповке, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ цех бастығы Андрей Бегенеевке, Теміртау қалалық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрайымы Нина Вахитоваға және Теміртау қаласының әкімі Нұркен Сұлтановқа тапсырды.

Одан кейін салтанатты жиынға қатысушылар мерекелік концертті тамашалады. 

Президент сөзінің мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар