Жаңалықтар

20 тамыз 2005
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екікүндік жұмыс сапарымен Ақмола облысына келді. Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына сапары барысында «КамАЗ-Инжиниринг» ААҚ-ның көлік құрастыру цехында болды
65.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екікүндік жұмыс сапарымен Ақмола облысына келді. Әуежайда Мемлекет басшысын Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Нұрлан Нығматуллин, вице-премьер Ахметжан Есімов, Ақмола облысының әкімі Мәжит Есенбаев күтіп алды.

   
Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына сапары барысында «КамАЗ-Инжиниринг» ААҚ-ның көлік құрастыру цехында болды. Кәсіпорын еңбеккерлері осында Елбасына автобус тарту етті. Президент ресейлік «КамАЗ» зауытынының және Нефтекамск автобус зауытының көліктері құрастырылатын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Н.Назарбаев «Қазақстанда жасалған» деген белгі соғылған «КамАЗ» автокөлігін қарап, «НЕФАЗ» автобусының тәжірибелік үлгісіне мініп көрді.

 
 Құрастыру цехында «КамАЗ-дың 50-ден астам торабы мен агрегаттары шығарылатын болады. Мұнда сондай-ақ, 2005 жылы 202 «КамАЗ» көлігін, 80 автобус және 58 тіркеме құрастыру жоспарланып отыр.

 
 Ақмола облысындағы екікүндік жұмыс сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Степногор подшипник зауыты» АҚ-ында болды.

 
Президент жұмыс цехтарын аралады. Мемлекет басшысына мұнда уранмен қоса, молибден мен кобальт өндіру жоспарланып отырған Степногор кен-химиялық комбинатын дамытудың инвестициялық жоспары таныстырылды. Алдағы жылдары комбинатты дамытуға 180 миллион доллар қаражат бөлінеді.

 
Н.Назарбаев сондай-ақ сметалық құны 5 миллиард 900 миллион теңгеге түсетін үйінді жиналатын жаңа құрылыстың, 2006-2007 жылдары қайта жаңартылатын Сілеті су қоймасы сутартқысының жобаларымен танысты.

 
 Елбасы Степногор подшипник зауытын Қазақстанның ірі кәсіпорындарының бірі деп атап, зауыт туралы жақсы білетінін, мұнда бұрынғы кеңестік кеңістіктің темір жолдары үшін подшипниктердің 80 пайызы шығарылатынын атап көрсетті. ИСО 9000 халықаралық сапа жүйесіне сәйкестік сертификатына ие еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі болып табылатын зауыт басшылығының еуропалық нарыққа шығуға ұмтылып отырғанын қадай айтты. «Бұл сіздердің бәсекеге дайын екендеріңізді көрсетеді. Бұл - Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындалып отырған ел үшін маңызды мәселе», деді Президент. Н. Назарбаев сондай-ақ аталмыш зауыттың облыстағы өнеркәсіптік өнімдердің 18 пайызын өндіретінін де еске салды.

 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Степногорда Қазақстан халықтары Ассамблеясының 10 жылдығына арналған Халықтар достығы қалалық фестиваліне қатысты. Қалалық әкімдік ғимараты алдындағы орталық алаңда қалалық кәсіпорындар мен ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, жастар жиналды. Мерекелік бағдарлама аясында көркемөнерпаздар, спортшылар, Степногорда өткен авторлық әндер фестиваліне қатысушылар, ақындар, жастардың рок-топтары өнер көрсетті.

 
 Халық алдында сөз сөйлеген Елбасы, жастарды үш тілділікке баулу қажет екенін атап өтті. «Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білу өскелең ұрпақтың алдынан үлкен мүмкіндіктер ашады», - деді Н.Назарбаев. Президент сондай-ақ Қазақстан халықтары Ассамблеясын республика халықтары мен ұлттарының мінбері деп атады.

 
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы бес жас отбасыға жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті.

 
Қазақстанда 130-дан астам халық пен ұлттың өкілдері тату-тәтті, достық пен келісімде өмір сүреді. Елбасы Степногор подшипник зауыты жұмысшыларымен болған кездесу барысында осылай айтты.

 
 Жүздесу кезінде Президент БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннанның Қазақстанға сапары кезінде айтқанын еске салды. Онда К.Аннан «Қазақстандағы түрлі халық өкілдерінің өмірін бүкіл әлемге үлгі ретінде көрсетуі керек» деген болатын.

 
 Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстан көптеген ықпалдастық үрдістерге бастамашы болып отырғанын жеткізді. «Біртұтас экономикалық кеңістік, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ сияқты бастамалардың барлығы біздің еліміздің тарапынан ұсынылып отыр»,- деп атап көрсетті Н. Назарбаев өз сөзінде.

 
«Қазақ халқы елімізде тұратын басқа халықтардың басын біріктіруі керек. Қазақтың қонақжайлылығы көршілерімен сыйлы болуға көмектеседі, бұл Қазақстан халықтарының бірлігін сақтауға мүмкіндік береді. Қазақ халқы біздің елімізде тұратын басқа ұлт өкілдері үшін жауапты. Ешкім тілден, діни сенімнен және мәдениеттен қысым көрмеуі керек, деді Елбасы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар