Жаңалықтар

3 шілде 2009
Елордадағы «Атамекен» мемориалды кешенінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана күнін мерекелеу аясындағы іс-шаралардың басталуына орай Мемлекеттік туды көтеру салтанатына қатысты.

Салтанатты рәсімді өткізу үшін Мемлекеттік рәміздер алаңы таңдалып алғаны символдық мәнге ие. Президент Нұрсұлтан Назарбаев іргетасын қоса алғанда 111 метр тутұғырға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтерді. Мұндай биіктен көлемі 15х30 метр болатын еліміздің көк байрағы елорданың барлық жерінен көрініп тұрады.

 

Астана тұрғындары мен қонақтары алдында сөз сөйлеген Президент Мемлекеттік Тудың ерекше маңызын атап өтті. Осы жерде салтанатты түрде Туды, болашақта Қазақстанның басқа да символдарын орнату біздің мемлекетіміздің берік негізін, елдің қуаты мен даңқын, оның ұлы тарихы мен болашағын бейнелейді.

 

- Мемлекеттік Ту – кез келген мемлекеттік басты рәмізі. Біздің Туымыздың біртұтас түсі – халқымыздың бірлігін, достығын, мемлекетіміздің, еліміздің мемлекеттік шекарасының тұтастығын білдіреді, - деді Н.Назарбаев.

 

Президент бүгіннен бастап жаңа дәстүр басталғанын, атап айтқанда Мемлекеттік рәміздер алаңында еліміздегі әскери училищелердің түлектеріне офицерлік шен тапсыру рәсімі өткізілетінін мәлімдеді.

 

- Мемлекетке қызмет ету, қазақстандықтардың тыныштығы мен өмірін, бейбіт болашақты қорғау – бұл сіздердің міндеттеріңіз, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев жас офицерлерге арнаған сөзінде.

 

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде Президент еліміздің әскери училищелерін үздік бітірген түлектерге офицерлік шен тапсырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар