Жаңалықтар

25 қаңтар 2006
ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің кезектен тыс отырысы шеңберінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петерборда Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа “ТМД-дағы ықпалдастық процестерін нығайтудағы күш-жігері” үшін алғыс білдірді.

 
Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық қауымдастықты дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшылары Өзбекстанның ЕурАзЭҚ-қа кіруін айрықша оқиға әрі ұйымға қатысушы елдердің бір-біріне жақындасудағы нақты қадам ретінде бағалады.

 
- Осыдан 5 жыл бұрын құрылған ЕурАзЭҚ бүгінгі таңда ТМД-дағы ең беделді ұйымға айналды және БҰҰ Бас Хатшылығында бақылаушы болып табылады, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

 

Қазақстан мен Ресей басшылары екіжақты кездесулерінде нақты бағыттар бойынша ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Владимир Путин Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттері арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдеменің қабылданатыны туралы хабарлады.

 
Қазақстан Президенті сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі жер қойнауларын пайдаланудағы дербес құқықтарын жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігі табанының ара-жігін ажырату туралы Келісімнің 2002 жылғы 13 мамырдағы Хаттамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттамаға қол қойылатынын жеткізді.

 
- Бұл Хаттама Құрманғазы, Хвалынский, Центральное кен орындарындағы бірлескен жұмыстарға серпін беріп, қазақстандық және ресейлік компаниялардың қатысуы елуде-елу принципімен жүзеге асырылатын болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 
Президент екіжақты қарым-қатынастар серпінді дамып келе жатқанын атап көрсетті.

 
- Лауазымға кірісуден кейінгі алғашқы сапарымды мен нақ осы Ресейге, Нева жағалауындағы қалаға жасап отырмын, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

 
Қазақстан басшысы екі мемлекеттің ғарыш саласындағы жобаларды іске асырудағы тиімді ынтымақтастығын атап өтті. Президент Қазақстанның келешегі зор жаңа жобаларға қаржылай қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

 
Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің игілігі жолындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендігін айқындады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар